Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Кәсіпкер кеңседегі жұмысты тастап, күріш өсіріп жүр

Жас кәсіпкер Арман Ахметбаев іскерлік әкімшінің беделді мансабын тастап, даладағы ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысып жүр. ЖОО қабырғасында басқару мен менеджмент бойынша алған білім-дағдыларын күріш шаруашылығының дамуына қолданып келеді.

Арман 27 жаста. Ол Қара­тал ауданындағы ірі күріш алқаптары тиесілі «Қаратал-Күріш» сервистік-дайындау о­рталығының(СДО) басшысы. Орталық 2016 жылы құрылған.
«Қаратал-Күріш» – облыста күріш бағыты бойынша құ­рылған алғашқы СДО. Арман Ахметбаевтың айтуынша, 2016 жылы тәуекелге бел байлап, бірінші өнім 300 гектарға себілді. Алайда оның нәтижесі аса қуанта қойған жоқ.
«Әрине, үмітіміз зор болды. Бірақ қателіктерімізді ес­керіп,әріптестеріміздің тәжі­рибесін зерттедік. Сонымен бірге отандық және шетелдік сарапшылар мен кәсіпкерлердің ақыл-кеңесіне жүгіндік. «Жетісу» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен жергілікті атқару­шы орган тарапынан қолдау көрсетілді», – деді кәсіпкер.
2017 жылы тәжірибе алмасу мақсатында Арман Ахметбаев еліміздегі күріш саласындағы жетекші орындардың бірін алатын қызылордалық «Абзал және Компания» кәсіпорнында болды. Онда элиталық тұқымдардың «Янтарь» сұрыпы сатып алынды. Жоғары сапалы тұқымдары Қаратал ай­мағын жерсінбей, тез көтерілді. Өнімділік көлемі гектарынан 40,3 центнерге дейін жетті.
«Гектарынан қырықтан ас­там центнер жинау біз үшін ре­корд­тық көрсеткіш. Әлбетте, Қызылорда облысының кәсіп­керлерінің деңгейіне дейін жету алыс, бірақ істі жаңа бастаған шаруашылық үшін жақсы нәтиже деп есептеймін. Келешекте егіс алқаптарын ұлғайтып, өнімділікті арттыру бағытында жұмыс істей­міз. Алар асуымыз көп», – дейді Арман Ахметбаев.
«Жетісу» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясының да шарапаты мол болды. СДО-ға қаржы лизингі арқылы ауыл шаруашылығы техникалары берілді. Бірнеше жыл ішінде СДО техника саны 14-ке жетті. Олардың қатарында заманауи соқалар мен сепкіштер, Беларусь тракторлары, комбайндар мен өзге де техника бар.
Табысты өнім алудың бір те­тігі ауыл шаруашылығы техни­ка­­сының қуаттылығына да байла­нысты, дейді комбайншы Виталий Пожарский. Ол үшінші жыл қатарынан «Енисей 1200 РМ» маркалы күріш жинайтын комбайнды тізгіндеп келеді.
«Басқаруымдағы комбайн көпфункционалды және өнім­ділігі жоғары, кез келген ауа райында үлкен алаңдарда жұмыс істей алады. Бұндай комбайндарды қолдану егінді таза және аз шығынмен жинауға мүмкіндік береді. Күріштің егіс алқабының жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл өте маңызды», – деп атап өтті Виталий Пожарский.
«Қаратал-Күріш» СДО-да мау­сымдық жұмыстарды есепке алғанда 50 адам еңбек етеді. Жұмыскерлер биыл 500 гектар ал­қап­тан 2 мың тоннадан астам ақ маржан жинады. Өнім күріш зауытына өңдеуге жіберіліп, жақын уақытта «Үштөбелік» деген атпен Алматы облысының сөрелерінде сатылымға шығарылады.
Биыл Алматы облысының аумағында күріш 10,6 мың гектар жерге егілді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Алматы облысында «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ қолдауымен 45 СДО құрылды, оның екеуі күріш өсіру бағыты бойынша жұмыс істейді.

Диас БЕЙСЕНБЕК


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру