Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Нәтижелі еңбек әл-ауқатты арттырады

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Сонымен қатар жиында жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері талқыланды.

Ел экономикасындағы жоспарлы құрылымдық қайта құрулардың еңбек нарығына және кәсіпкерліктің дамуына әсері қандай? Көптеген инвестициялық жобаларды іске асыру экономиканың басым салаларында сапалы жұмыс орын­дарына сұранысты арттыратыны анық. Ұлттық экономика министрі Р.Дәленовтің дерегіне сәйкес, қазіргі күні 41,6 трлн теңгеге инвестициялық жобалар пулы құрылған. Осыған сүйенгенде, 2025 жылға дейін жаңа даярланған кадрларға сұраныс 1,3 млн адам деңгейінде бағаланады. Жұмыс орындарының ең көп саны туризм, көлік, АӨК, сауда және АКТ салаларында жоспарлануда. Яғни, бұл салаларда білікті кадрларды көптеп дайындау талап етіледі. Сонымен бірге еңбек нарығының құрылымында сапалы өзгерістер орын алмақ. Мә­селен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі 7,5%-ке азаяды, АӨК, ОЭК және өңдеу өнеркәсібінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен экономиканың нақты секторында жұмыспен қамтылғандардың үлесі 3%-ке өседі. Туризм және қызмет көрсету саласының үлесі 2%-ке ұлғаяды. Сонымен, 2025 жылға дейінгі кезеңде экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін инвестициялардың жаңа толқыны тартылатын болады, жаңа өндірістер ұйымдастырылып, 2,6 млн жаңа жұмыс орны құрылады.
«Еңбек» бағдарламасының іске асырылуы туралы баяндаған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А. Сарбасов халықтың нәтижелі жұмыспен қамтылуы бірінші кезекте экономикада жаңа жұмыс орындарының құрылуымен байланысты екенін атап айтты. Бағдарлама басталғалы бері оған 1 млн 750 мың адам қатысты. Нәтижесінде 1,3 млн адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 960 мың адам тұрақты жұмысқа тұрған. 33 мың адам жеңілдетілген несиелер алды, 18 мың адам қайтарымсыз гранттарға ие болды. 212 мың адам кәсіптік оқуға жіберілсе, 89 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Бағдарламаның ең тиімді бағытының бірі – кәсіпкерлік бастамаларды қолдау. Бұл ретте үш жылда 180 млрд теңге бөлудің нәтижесінде 33 мыңдай азамат өз кәсібін ашты, олардың басым бөлігі ауыл тұрғындары. Жылдан жылға кәсіпкерлікке несие алушылардың саны артуда. Үш жылда 27 мың жаңа жұмыс орны қосымша ашылды. Аз қамтылған азаматтарға, көп балалы отбасыларға, жастарға өз кәсібін ашуға жәрдемдесу мақсатында мемлекеттік гранттар беру шарасы қарастырылған. Аталған шағын несиелер мен гранттарды алу үшін азаматтар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтуі қажет. «Бастау Бизнес» жобасын іске асыруға үш жылда 9,2 млрд теңге бөлініп, 89 мың адам оқудан өтті. Биыл бизнес-жобаларын сәтті қорғаған 27 мың адамның ішінен 11 мыңдай адам несиелер мен гранттарға қол жеткізіп, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Бірақ, жалпы кәсіпкерлікке оқытқан адамдарға шаққанда несие алғандары 24 %-ті ғана құрайды.
Үкімет басшысы жыл соңына дейін еңбек нарығын 2025 жылға дейін кешенді дамыту жөнінде ұсыныс­тар әзірлеуді, сондай-ақ «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасының әрекет етіп тұрған тетіктерін жетілдіруді тапсырды. «Жастардың әлеуетін дамыту мақсатында «Жас кәсіпкер», «Жас маман» жобалары іске асырылып жатыр. Олардың жұмыспен қамтылуына ерекше назар аудара отырып, осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына нақты индикаторларды көрсете отырып, жастарды жұмыспен қамту бойынша жеке блокты енгізуді тапсырамын», – деді А.Мамин.
Отырыста сондай-ақ жаңарты­латын энергия көздерін дамыту бағытындағы жұмыстарға есеп берілді. Қазіргі таңда Қазақстанда белгіленген қуаттылығы 936,8 МВт болатын 83 ЖЭК нысаны бар, оның ішінде 18-і – жел, 27-сі – күн, 35-і – су электр станциялары және 3-і – био электр станциясы. Олардың ішінде биыл қуаттылығы 405,17 МВт болатын 15 нысаны пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін қуаттылығы 104,8 МВт болатын 4 ЖЭК нысанын пайдалануға беру көзделген, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 1 жел электр станциясы, Қызылорда облысында 2 күн электр станциясы және Шығыс Қазақстан облысында 1 СЭС, бұл ЖЭК нысандарының жалпы қуаттылығын 2018 жылғы көрсеткіштен (531,63 МВт) 2 есеге жуық – 1042 МВт дейін арттырады. 2025 жылға қарай ең аз дегенде 3000 МВт белгіленген қуаттылықтарымен ЖЭК жұмыс істейтін болады.
Үкімет басшысы Қазақстанның белгіленген қуаты шамамен 3 мың МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын сату үшін халықаралық аукциондық сауда-саттық өткізгенін, оған әлемнің 12 елінен 138 компания қатысқанын атап өтті. «Қазіргі таңда жел мен күн электр энергиясына бағалар төмендеуде. Жаңартылатын энергия көздерін кеңінен қолдану үшін олардың дамуын ынталандыратын мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуді тапсырамын», – деді А.Мамин.
Премьер-министр жалпы жаңар­тылатын энергия көздері жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Энергетика министрлігіне халықаралық тәжірибені ескере отырып, қолда­ныстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырды. Сонымен бірге әкімдіктер жаңартылатын энергия көздері жобалары бойынша инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіп, өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында оларды көбірек қолданулары керек. Бұдан бөлек, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Париж келісіміне сәйкес міндеттемелердің орындалуын және қоршаған ортаға шығарындыларды азайту бойынша мониторинг жүргізу тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру