Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

АЛЫП ШАҺАР ДАМУЫНЫҢ БАСЫМ МІНДЕТТЕРІ

Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыруға бағытталуы тиіс

Алатаудың алтын алқасы – Алматы шаһарының еліміз тарихында алатын орны бөлек, ғылыми, қоғамдық-мәдени өміріндегі рөлі маңызды, әлеуметтік-экономикалық дамуындағы үлесі қомақты. Аптаның басында күзгі көркімен көңіл сүйіндірген әсем қаламызда жұмыс сапарымен болған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астананы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, бірқатар нақты міндеттерді алға қойды.

Оңтүстік астанаға жұмыс сапа­рының алғашқы күні мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы – 2050» даму стратегиясының жо­басын таныстырды. Бағдарлама ая­сында Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, қауіпсіз қала қалыптастыру, шаһардың шеткері аймақтарының инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ Алматы агло­мерациясы аумағының даму барысы да қарастырылған.
Мегаполисті дамыту мәселе­леріне арналған кеңесте сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев ин­вестиция тарту, жаңа жұмыс орын­дарын ашу, инфрақұрылымды да­мыту, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау, сондай-ақ, экологияны қорғау әкімдер­дің жұмысындағы негізгі көрсеткіш екенін атап айтты.
– Алматының атқарар рөлі өте маңызды. Қалада басқа өңірлерге үлгі болатындай көп жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, қаланы әрі қарай дамыту, халықтың әл-ауқатын арт­тыру, тұрмыс сапасын жақсарту – күн тәртібінен түспейтін міндет екенін ұмытпағанымыз жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы оңтүстік астананы дамытудың бірқатар нақты міндеттері қатарында бизнес пен иннова­цияны дамыту есебінен қала эко­но­микасының жоғары өсімін қа­мта­­масыз етудің маңыздылығын атап өтті. Аталған бағыт бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталған Мемлекет басшысы қа­ланың индус­триялық аймағында 33 компания тіркелгенін және 156 миллиард тең­геден астам инвестиция салын­ғанын мысалға келтірді. Алайда осы аймақ құрылған 7 жылдың ішінде небәрі 6 жаңа кәсіпорын іске қосыл­ғанын, биыл тек бір шағын зауыт қана жұмыс істей бастағанын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкіміне индустриялық ай­маққа жаңа, әсіресе, жоғары тех­нологиялық және экспортқа бейімделген жобалар тартуға кеңес берді.
Мемлекет басшысы инновация­ны дамытудың және тың жобаларды енгізудің маңыздылығына тоқта­лып, қалада жетекші университет­тер шоғырланғанын және ғылыми әрі кадрлық әлеуеті жақсы екенін атап өтті. Осы ретте аталған салада маңызды әзірлемелердің жоғына назар аударып, Алматыдағы «Инно­вациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін пайдалануды тапсырды.
Сонымен қатар қаладағы бизнес ахуалды жақсарту және оның инвес­ти­циялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды.
– Егер біз еліміздегі ірі қа­ла­лардың, жалпы еліміздің инвес­­тициялық және туристік тартым­­дылығын шыны­мен арт­тырғымыз келсе, жуық арада шет­елдіктерді көші-қон полициясы органдарында міндетті тіркеу сияқты анахронизмнен құтылу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді шешудің ма­ңыздылығын атап көрсетті.
– Кәсіпкерлер арасында жүргі­зілген сауалнама нәтижесінде қала көптеген көрсеткіштер бойын­ша жергілікті атқарушы орган­дар жұмысының тиімділігі, сыбай­лас жемқорлықтың таралуы, тексеру­лердің негізділігі жөнінен артта қалып келеді. Шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету, түрлі ке­дергілерді алып тастау мін­деті қала әкімдігінің мойнында қала береді. Алматы еліміздің басты іскерлік орталығы мәртебесін сақтауы тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы тамақ өнім­дері, ең алдымен, нан және ет өнімдері бағасының қымбаттауына жол бермеу керектігін айтты.
– Азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуі біздің экономикамыздың осал­дығының айқын көрсеткіші болып табылатынын мойындау керек. Мысалы, сыртқы нарықтарда конъюнктураның нашарлауына сілтеме жасау мүлдем орынсыз. Үкімет экономика өсімінің жаңа тетіктерін құру үшін қосымша шаралар әзірледі. Бұл шараларды мен арнайы кеңесте мақұлдадым. Оларды шұғыл түрде жүзеге асыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткен келесі бір маңызды міндет – қала тұрғын­дарының әлеуметтік жағдайы. Жұмыссыздық проблемасы, медициналық қызмет көрсету ісін жақсарту қажеттігі, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы ерекше атап көрсетілді. Өмір сапасын арттыру мен қаланың инфрақұрылымын дамыту ісін қамтамасыз ету мәселелері де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады.
– Біз Алматыны халықаралық бизнес және туризм орталығы ретінде көрсетеміз. Сондықтан қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі барлық жұмыс халықаралық стандарттарға сай бейімделуі тиіс. Ең бастысы, азаматтарға қалада өмір сүру қолайлы әрі жайлы болуы керек. Бұған үйге баратын жолдың болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақын әрі қолжетімділігі, сапалы ауызсумен, газбен, үздіксіз электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етілуі сияқты бірқатар факторлар әсер етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көшелерді жарықтан­дыру, аулалардың жағдайын жақ­сарту, арық жүйесінің жұмысын реттеу жөніндегі проблемаларды шешу үшін қала әкімдігіне тапсырма берді.
Мемлекет басшысы қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға байланысты жетістіктерін атап өтіп, осы саладағы бірқатар мәселелерге назар аударды.
– Күн сайын Қаскелең, Қап­шағай, Талғар жағынан және Құлжа күре жолы арқылы қалаға 200 мың­нан астам автомобиль келеді. Бұл Алматыда, әсіресе таңертең және кешкі уақыттарда кептеліс жасайды. Осынау түйткілді мәселені автожолдарды қайта салу және кеңейту арқылы ғана емес, сондай-ақ метро желілерінің санын арттыру және қала мен іргелес аудандарды қосатын қоғамдық көлікті дамыту арқылы шешу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алматының сейсмологиялық тұр­ғыдан белсенді аймақта орналас­қанын айта келіп, мемлекет басшысы:
– Қала тұрғындары соңғы сел­ді жақсы біледі. Бұл – халықты алаңдатып отырған мәселе. Қалада сел қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете отырып, «Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарында бөгеттер салу жұмысын бастау қажет, – деді.
Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың экологиялық ахуалы мен ауаның сапасына баса мән берді. Қоғамдық көліктерді газға және басқа да жанармайдың экологиялық түрлеріне көшіру ісін аяқтауды, қаланың жеке секторларын және қаламаңы аймағын газдандыруды жүзеге асыруды, ағаштарды, алма бақтарын заңсыз отау мәселесіне бақылау орнатуды, сондай-ақ қаланы көгалдандыру және Алматы апортын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Президент өз сөзінде Көк Жайлау тау шаңғысы курортын салу мәселесіне нүкте қойды.
– Бұл мәселеге қайта-қайта оралмау үшін осы жобамен айналысуға тыйым саламын. Оның үстіне барлық кәсіби экологтар да оған қарсы шығуда, – деді Мемлекет басшысы.
Мегаполистің туристік әлеуеті туралы айта келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев туристік өнімдерді өте жоғары деңгейде дамыту үшін Алматының әлеуеті зор екенін атап өтті. Бұл тау, мәдени, этнографиялық туризм сияқты, іскерлік туризмге де қатысты. Президент 2025 жылға дейінгі туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасында Алматы өңірінің тау кластері басым бағыт болып белгіленгенін айтты.
Мемлекет басшысы үкімет пен қала әкімдігіне таулы аймақтардың жоспарын жүзеге асыру ісін бастауды тапсырды. Бұл жоба 2 миллиард доллардан астам инвестиция тартып, кемінде 30 мың жұмыс орнын аша алады. Президент бұл ретте барлық шешімдер халықтың пікірі ескеріле отырып, қабылдануы қажет екеніне назар аударды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамта­масыз ету мәселелеріне тоқтала келіп, мемлекет басшысы:
– Өкінішке қарай, Алматы қылмыс деңгейі бойынша елімізде бірінші орында тұр. Бұл жерде ұсақ құқық бұзушылықтар – ұрлық пен бұзақылықтың үлесі басым. Олардың көптігі соншалық, қала тұрғындары бұл жағдайды қылмыс жайлап алған­дай қабылдайды. Бұл – мегаполис тұрғындарын алаңдататын басты мәселелердің бірі, – деді.
Президент сөзінің соңында Алматы қаласы Елбасының көрсеткен қолдауының арқасында дамудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткіз­генін атап өтіп, алда тұрған мақсат-міндеттерге жету үшін күш-жігер жұмылдыруға шақырды.
Мемлекет басшысы өткізген Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте премьер-минис­трдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Президенттің көмекшісі Аида Балаева, сондай-ақ индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов сөз алды.
Мемлекет басшысы Алматы қа­ласына жұмыс сапары барысында баспана кезегінде тұрған Балалар үйінің 12 тәрбиеленушісіне пәтер кілттерін табыс етті.
Мемлекет басшысы бұдан кейін «Tech Garden» инновациялық кластер орталығында болды. Мұнда 4 технологиялық лаборатория ор­наласқан. Инновациялық клас­тердің жұмысына 284 ұйым бірік­тірілген. Олардың қатарында 23 жо­ғары оқу орны, 25 ғылыми зерттеу орталығы, 2 технопарк, 1 даму институты, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына қарасты 166 компания, 1 бірлескен инвестициялық қор және 66 ұйым бар. Мемлекет басшысы «Tech Garden» орталығының жұмысын жоғары бағалап, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары аясында «Мүгедек балалар ата-аналарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің БЦСА балаларға арналған белсенді оңалту және ерте жастан қолдау орталығына барды. Мемлекет басшысына балалар мүгедектігінің алдын алуға, БЦСА-мен ауыратын балаларды көпжақты оңалтуға және жан-жақты әлеуметтік тұрғыдан жетілдіруге бағытталған қанатқақты жобаны жүзеге асыру туралы баяндалды. Президент ізгі мақсаттағы бұл жобаны ел көлемінде таратудың маңыздылығын атап өтіп, Орталыққа арнайы жабдықталған шағын автобус тарту етті.
Мемлекет басшысына Алматы қаласындағы «Инвестиция үйінде» кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Qoldaý» орталығының, «Almaty Finance», «Almaty» микро­қаржы ұйымдарының бизнесті өркендету бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндалды. Кәсіпкерлікті дамытуға ба­ғытталған орталықтар жұмысымен танысқан Қ.Тоқаев қолға алынған бастамалардың табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қасым-Жомарт Тоқаев Жағдаяттық басқару орталығының жұмысымен, жоғары оқу орнының цифрлық технологияны енгізудегі жетістіктерімен, сондай-ақ бизнес-құзыреттілікті дамыту кластерімен танысты. Студенттік кампус аумағында орналасқан «Керемет» қызмет көрсету орталығын аралап көрді. Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша студенттер мен оқытушыларға 500-ден астам қызмет түрін ұсынатындығын айта кетпекпіз.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру