Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Мәселе – ортақ, мүдде – бір

Экономика өсімі мен бәсекелестікті қамтамасыз етуде мемлекет пен жеке сектор серіктестігін дамытудың маңызы үлкен. Өйткені, бизнеске инвестициялар тартқан МЖӘ бюджет қаражатының жүктемесін жеңілдететін бірегей құрал саналады. Бұған қоса, өзара тиімді ынтымақтастық біріншісінің бизнеске қатысуын азайтып, халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға әкелуі керек.

Соңғы жылдары МЖӘ тетіктері арқылы тартылған инвестициялар көлемі артып, оның ІЖӨ өсіміне үлесі 0,2% құрады. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында МЖӘ келісімшарттары бойынша сомалар өткен жылғы сәйкес мерзімдегі жобалар қоржыны бойынша жасалған келісімшарттар құнынан 1,5 есе жоғары болды.

Бекітілген келісімшарттардың негізгі үлесі жергілікті деңгейге тиесілі. 1 қазандағы жағдай бойынша МЖӘ жобаларының жалпы саны – 1 253, сомасы – 3,5 трлн тең­гені құрады. Оның ішінде 1,6 трлн теңгеге 615 келісімшарт жасалды. 1,9 трлн теңге сомасындағы 638 жоба дайындық сатысында. Саладағы оң үдеріс мемлекет пен жеке бизнес бірлескен іс-әрекетте өзара тиімді тіл табысқандығын көрсетеді. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі мемлекет пен бизнес мүдделерінің балансын құрап, сақтап отыру үшін МЖӘ әдіс-тәсілдерін жетілдіру бағытында үздіксіз жұ­мыстар жүргізуде. Экономикалық ведомство маңыз беріп отырғандай, МЖӘ инвестицияларды барынша ұлғайтуы керек. Қазіргі лимиттерді капиталдық салымдардың ең көп көлемін тарту үшін қолдану бюджеттен ең аз өтелетін жобаларға басымдық берумен мүмкін болмақ. Саннан сапаға көшу үшін ағымдағы жылдан бастап МЖӘ жобаларының үш санаты: жеке әріптестің инвестициялары мен операциялық шығындарын бюджеттен толықтай өтеу; бюджет есебінен инвестицияларды ішінара өтеу; бюджеттен өтеусіз, негізінен нарық есебінен орындалатын өтеу енгізілді. Сонымен бірге жергілікті жердегі жобалардың сапасын үйлестіру мен бақылау үшін жергілікті атқару органдарының өтеу лимиттерін, жоспарланған жобалардың мониторингін, жоба­лардағы маржаны бақылауды, жа­салған және жоспарланған жоба­лардың қолжетімділігі мен айқын­дығын қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Бұған қоса жобаларға жеке инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар туғызуға баса мән берілді. Қазіргі уақытта МЖӘ орталығының сайтында инвесторлар үшін жобалар базасы және МЖӘ мен концессиялар жөніндегі заңнамаларға сілтемелер орналастырылған «Бір терезе» парағы жұмыс істеуде. Инвесторлар жоспарланған, іске асырылып жатқан жобалар жөнінде өздерін қызықтырған кез келген ақпаратты өз бетінше ала алады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті әрі қарай жетілдіру үшін барлық рәсімдерді электрондық форматқа ауыстыру ұсынылуда. Процесті цифрландыру мақсатында жоспарлау, тендерлік рәсімдерді, қорытындыны, тіркеуді, шартты орындауды электронды тәртіпке көшіру көзделген және бұл жұмыстарды мемлекеттік сатып алу порталымен интеграциялау жоспарлануда.
Бүгінгі таңда салалар бөлінісін­де жобалардың ең көп бөлігі білім беру мен денсаулық сақтау бағытта­рында өріс алып отырғандығы мәлім. Бұл үрдіске Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев назар аударып, МЖӘ құралының әлеуметтік нысандар – бала-бақшаларды, мектептерді, ауруханаларды салуда белсенді қолданылғандығын, енді басқа да салаларда МЖӘ жобаларын іске асыруға инвестиция тарту қажеттігін айтқан болатын. Президент инвестициялар қайтарымы тек бюджет төлемдерімен ғана емес, негізінен тарифтер, ақылы төлемдер және нарықтың өзге де құралдарымен қамтамасыз етілуі қажеттігін айтты. Бұдан кейінгі орында мәдениет, спорт, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық салаларында МЖӘ жобалары іске асырылуда. Қомақты капиталды қажет ететін жобалар – көлік және инфрақұрылым, энергетика және тұрғын үй-комму­налдық салаларында. Жалпы, бүгінде көлік, авиация, автомобиль жолдары, энергия үнемдеу және ТКШ салаларында­ғы МЖӘ аясындағы жобалар қалай жүзеге асырылуда? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректе­ріне қарағанда, аталмыш салаларда мем­лекеттік-жекешелік серіктестік тетік­тері аясында 36 жоба іске асырылу және пысықтау сатысында тұр, оның ішінде 9-ы – республикалық және 27-сі – өңірлік жоба. Жобалардың жалпы сомасы – 2 011,8 млрд теңге. Қазіргі күні Үлкен Алматы айналма автокөлік жолын салу жобасы бойынша концессионер құрылыс-монтаж жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізіп жатыр. Жуырда ЕҚҚДБ Директорларының кеңесі жобаны қаржыланды­руды мақұлдады. Сөйтіп, 2021 жылы қозғалыс ашылады. Өткен жылы Алматы – Қорғас автожол учаскесінде (Батыс Еуропа – Батыс Қытай) «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің инфрақұрылы­мын құру жобасы пайдалануға берілді. Жеке серіктес тарапынан келісімшарттық міндеттемелер толы­ғымен орындалуда. Бүгінгі таңда көлік құралдарын қарау уақыты 4 есеге жуық қысқарып, күнделікті жүк тасымалы трафигі 200 автокөлікті құрап отыр. Түркістан облысының жылдам жүретін автомобиль жолдарын салып, пайдалануға беру жобасы аясында Шымкент және Сарыағаш айналма жолдарының құрылысы (150 км) және жалпы ұзындығы 265 км жолды пайдалануға беру көзделген. Сондай-ақ Жол жүруге ақы алудың ашық жүйесі жобасын іске асыру 2020-2023 жылдары республикалық маңызы бар автомобиль жолдары­ның 11 мың шақырымына ақы төлеу жүйесін енгізуге мүмкіндік бермек. Алматы станциясын айналып өтетін ұзындығы 73,2 км темір жол желісін салу жобасы бойынша қазіргі уақытта конкурстың бірінші кезеңінің қорытындысы шығарылып, біліктілік іріктеуінен 2 Қазақстан-Қытай консорциумы өтті. Сонымен қатар жеке серіктесті анықтау бойынша конкурстың екінші кезеңін өткізуге конкурстық құжаттама жасалды. Келісімшартқа қол қою жыл соңына жоспарланып, құрылыс жұмыстарын 2020-2022 жылдары жүргізу болжанған. 2019-2021 жылдары Түркістан қаласында МЖӘ механизмі бойынша халықаралық әуежай мен кіру жолын салу қарас­тырылған. Әуе жүктері тасымалы саласында e-Freight қағазсыз құжат айналымы ақпараттық жүйесін енгізу және бейімдеу жобасымен осы жылы ақпараттық жүйе тестілеу режимінде Қазақстанның барлық әуежайларында қазақстандық авиа­компаниялардың қатысуымен іске қосылды. Қазіргі уақытта жүйеге SCAT, Air Astana, Turkish Airlines, Bek Air, Lufthansa, S7, Asia Freight авиакомпаниялары қосылған. Сонымен қатар Қаржы және Ауыл шар­уашылығы министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланған. Жыл соңына дейін өнеркәсіптік пайдалануға беру актісіне қол қойылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында өңірлерде энергия үнемдеу және жылумен қамтамасыз ету саласында 26 жоба іске асырылу және пысықталу сатысында. Энергияны үнемдеу саласындағы 23 жоба Павлодар, Атырау, Алматы, Қызылорда, Қостанай, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, жылумен жабдықтау саласындағы 3 жоба Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында іске қосылуда.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру