Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Өсірсең – қызылша өсір, табысы оның көл-көсір

Биыл «Алмалы» сервистік-дайындау орталығының (СДО) директоры Қанат Блескелдінов 6 мың тоннадан астам тәтті түбір жинады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Мемлекеттің қолдауымен бөлінген элиталық тұқымдар мен ауыл шаруашылығы техникасының арқасында осындай жақсы өнімге қол жеткіздік, дейді шаруа.

Қанат Блескелдінов ауыл шаруа­шылығымен бұрыннан айналысып келеді. 1996 жылы Қарағанды политехникалық институтын «инженер-технолог» мамандығы бойынша тәмамдап, туған жері Сарқан ауданындағы Абай ауылына қайтып оралады. «Жас қанат»атты шаруа қожалығын құрып, басында арпа, бидай, бұршақ, кейіннен басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын еге бастады. Алайда алғашында жермен айналысу оңай тиген жоқ. 20 жыл бұрын қандай да бір мемлекеттік субсидиялар, жеңілдетілген шарттармен тұқым мен техниканы сатып алу сынды қолдау құралдары болмады. Ол кезде шаруашылықты сақтап қалу міндеті тұрды, дейді кәсіпкер.
Қанат Блескелдінов еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірде қант саласын жаңғырту туралы бастамасын қолдаған кәсіпкерлердің бірі болды. Қант қызылшасын өсіруді бірінші рет қолға алса да, оған ауыл шаруашылығындағы көп жылдық тәжірибесі көмектесті.
«Біз осыдан бес жыл бұрын қызылшаны еге бастадық. Облыс әкімі Амандық Баталовтың тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сүйемелдеуімен сервистік-дайын­дау орталығы құрылды. Қазіргі заман­ғы техниканың көмегімен шаруашылықтың шығындарын бірнеше есеге төмендеттік. Қазір жұмыс істеу әлдеқайда оңайырақ», – деп атап өтті еңбеккер.
«Алмалы» СДО 2013 жылы құрылып, оған «Алмалы Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, «Блискельдинова Г.Т.» жеке кәсіпкерлігі және «Жас қанат» шаруа қожалығы бірікті. Алғашқы жылы қант қызылшасы бірнеше ондаған гектар жерге себілді.
«Биыл СДО аясында 170 гектарға қант қызылшасы егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 70 гектарға артық. 2017 жылдан бастап «Ардан», «Дануб», «Гримм», «Новелла» сияқты жоғары сапалы еуропалық қызылша тұқымдарының 300-ге тарта бірлігін сатып алдық. Олардың барлығы жергілікті ауа райына өте төзімді және жоғары өнімділігі­мен ерекшеленеді», – деді Қанат Блескелдінов.
Осы жылы «Алмалы» СДО егіс алқабына қант қызылшасының «Новелла» атты элиталық тұқымын септі. Бұл – қызылша тұқымын селекциялау, өндіру мен сату бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын даниялық «Марибо» кәсіпорнының тұқымы. «Новелла» ауруларға төзімділігі жоғары, орташа және кеш мерзімге қарамастан жиналған қантты жоғалтпай жинауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні СДО теңгерімінде «Жетісу» ӘКК арқылы қаржылық лизинг бойынша алынған 42 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Олардың ішінде тракторлар, тұқым сепкіштер, культиватор, қызылша жинайтын комбайн, сабақ алыстатқы және басқа да техника бар.
Кәсіпкердің айтуынша, қы­зылшаны жинауда Grimme маркалы неміс комбайны таптырмайтын құрал. Grimme-картоп жинау жабдықтарын, қызылша мен өзге де көкөніс дақылдарын жинауға арналған техниканы шығаратын әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі. Кәсіпорын сонау 1861 жылы құрылған. Комбайн қызмет көр­сетуінде жеңіл, шығыны төмен, өнімді жақсы тазалайды және қатты топырақтарда қант қызылшасын жинау жұмыс­тарын жүргізе алады.
Өткен жылы алмалылықтар 5 мың қызылша жинаса, биыл 6 мың тоннадан астам тәтті түбірді Ақсу қант зауытына қабылдауға өткізді. Қазіргі уақытта маусымдық жұмыстарды есепке алғанда сервистік-дайындау орталығы 40-қа жуық адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.

Марат Қуанышев


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру