Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail:  Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Егінін дестелеп, қамбасын алтын астыққа толтырмайынша тыным таппайтын шаруақор қауымның қарбалас тірлігі орақ науқаны толастаған соң саябыр тартатын болар, деп тон пішеміз көбіміз. Ал, ауылда туып-өскен қарасирақтар болса сүдігер жырту, сабан-топанды жинастыру, тетігі босай бастаған техниканы жөндеуден өткізу сынды таусылмайтын қам-қарекет той-томалаққа мойын бұрғызбайтынынан хабардар. Жыл-он екі айда диқан жұрттың белін шешкізбейтін осынау қызу еңбек майданы ұлттық, мемлекеттік деңгейден алып қарасақ, азық-түлік қауіпсіздігі деген терең түсінікке саяды екен.
Яғни, агроөнеркәсіп кешені ел халқын қажетті азық-түлікпен, соның ең бастысы астықпен тұрақты түрде, жеткілікті қамтамасыз ете алатын, өзге мемлекеттерге қол жаюдан сақтайтын деңгейде болуы қажет. Егінжайдан ескен лепке жоғары-төменгі басшы-қосшылардың ерекше ден қоюы, жедел ақпарды мемлекеттік статистика қызметкерлерінен сәт сайын сұратуы міне, сондықтан. Алтын астықтың бүкіл шаруашылық айналымын жіті назарда ұстау ел ертеңіне елеңдейтін қаламгер қауымның қашанғы әдеті. Сол сияқты биылғы науқан жайлы да қажетті мағлұматтар баспасөз беттерінде дер кезінде жарияланып тұрды. Ақпарат көздерінің деректеріне жүгінсек, ағымдағы жылы егін жинау жұмыстары уақтылы басталып, 15,2 млн. гектар дәнді дақылдар алқабынан астық жиналған, гектарына 12,6 центнер орташа өнімділікте 19,1 млн. тонна бидай, арпа, жүгері, күріш және т. б. қоса алғанда, 19,1 млн. тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бастырылған. Тұқым құю бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Жалпы жиналған жаңа өнімнің 2,9 млн. тоннасы элеваторларға келіп түскен, оның 1,8 млн. тоннасын бидай, 700 мың тоннасын арпа құрайды. Жедел деректерге сәйкес, элеваторларға келіп түскен бидайдың 80 пайызға жуығы азық-түліктік, 20 пайызы мал азықтық және техникалық мақсатқа арналған бидай. Алдын ала болжамдар бойынша, өткен жылғы азық-түлік бидайының қалғанын ескере отырып, келесі өнімге дейін бөлу көлемі 14,9 млн. тоннаны құрайды, оның ішінде тұқымға, жемшөпке, өнеркәсіптік қайта өңдеуге арналған ішкі тұтынуға шамамен 5,9 млн. тоннаны пайдалану болжанып отыр. Бүгінде бидайдың экспорттық әлеуеті шамамен 6 млн тоннаны құрайды, арпа бойынша 2 млн тоннаға жуық және басқа дәнді дақылдар бойынша шамамен 300 мың тоннаны құрайды. Осылайша, 2019 жылғы егіннен барлығы 8,3-8,5 млн тонна астық экспортталады деп күтілуде. Биылғы маркетингтік жылы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Иран бағыттарында бидай мен ұнның 5 млн. тоннадан кем болмайтын орташа жылдық көлемін экспортқа шығаруды қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Сонымен қатар, қол жеткізілген келісімдер аясында келешегі бар Қытай бағытында жоғары сапалы Hi-Pro бидайын, арпаны экспорттау қарқынын ұстап тұру қажеттігі атап көрсетілуде. Статистика мәліметтері бойынша астық қабылдау кәсіпорындарында 5,1 млн.тонна астық бар, оның ішінде «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының» 350 мың тонна азық-түлік бидайы көлеміндегі астығы бар. Бұдан басқа, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» 300-350 мың тон­наға дейін астық сатып алатын болады. Өңірлердің кәсіпорындарындағы ай сайынғы ұн қоры 178 мың тоннаны құрайды. Осылайша, республикада астық пен ұн қорының жағдайы тұрақты. Ресми статистиканың деректері бойынша бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нанның орташа республикалық бағасы «әлеуметтік нан» деп аталатын бөлке үшін 76,5 теңгені құрайды. Нан бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін қазір тұрақтандыру қорына астық сатып алынуда. Сонымен қатар әр облыс әкімдігі астық пен ұн сатып алып жатыр. Жыл сайын ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін ақпаннан шілдеге дейін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» 150-ден 250 мың тоннаға дейін астық сатады. Биыл ішкі нарыққа 150 мың тонна астық сатылды. Бүгінгі таңда элеваторларға барлығы 2,9 млн тонна астық жеткізілгенін айтып өттік. Қараша айының соңына қарай барлық астық элеваторларда болады, содан кейін барып бағаның бәсі айқындалады. Өйткені, нанның бағасы тек бидайға ғана байланысты емес, мұнда бидай шамамен 54 пайыз құрайды. Қалғаны басқа қосымша шығындарға байланысты. Қазір нанның бағасы өңірге байланысты 75-78 теңге аралығында. Бүгінде жалпы сақтау сыйымдылығы шамамен 12,2 млн тонна болатын 187 лицензия берілген нан қабылдау кәсіпорны бар, олар әкімдіктер берген лицензия негізінде қойма бойынша қызмет көрсетеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 4,9 млн тонна астық сақтау мүмкіндігі бар. Осылайша, астық сақтау қоймаларының жалпы көлемі 27,1 млн тоннаны құрайды, бұл болжамды өнімділікті ескере отырып, астықты сақтауға жеткілікті.
Нан пісіру мен астық өңдеу саласын дамытудың еліміз үшін стратегиялық маңызы зор. Елімізде астық өсіруден бастап, нан өндіріп, оны өткізуге дейінгі үдерістермен он мыңдаған адам айналысуда. Жыл сайын республика наубайханалары шамамен 700-720 мың тонна нан өндіреді. Бұл еліміздің ішкі қажеттілігін өз өндірісіміз есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының» тұрақтандыру қорында 350 мың тонна астық, оған қоса келісімшарт жасалған 70 мың тонна астық бар, бұл шамамен 400-420 мың тонна астықты құрайды, бұл көлем ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін жеткілікті.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру