Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Қаржы саласында іскерлігімен танылған азамат

Ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп, абыроймен ақсақалдық жасқа келіп, ұрпағына ұлағатты үлгісін көрсетіп отырған аталар мен ағалар арамызда аз емес. Олардың өмір жолына бүгінгі күннің биігінен көз жіберсек, талай аумалы-төкпелі күрделі кезеңдердің ізі жатқаны ақиқат. Заманының небір қиындықтарын көрсе де, мойымай, ұлттың асыл қасиеттерін қастерлеп, аталар аманатын бізге жеткізген өмір жолының өзі бір ғанибет.

Қарапайым еңбек адамының өмір жолы өз дәуірінің қоғамдық сипаты мен тұрмыстық тауқыметтері тұрғысынан қарағанда сол кездің адамдарының еңбекқорлығы мен қоғамшылдығын, шыдамдылығы мен табандылығын, бір-біріне деген мейірімділігі мен ертеңгі күнге деген сенімдерін айрықша көрсетеді. Кешегі кеңестік заманның шындығын бір ғана бояумен жалаң қараламай, ақиқаттың сүзгісімен қарасақ, өткен социалистік тарихымыздың еңбек адамына деген құрметі пен қоғамдық тәртіпті жоғары қойған әлеуметшілдігі болғанын айтпай тұра алмаймыз. «Бүгінгі күн – кешегі күннің баласы, ертеңгі күннің әкесі» дегендей, ұрпақтар сабақтастығына үлгі болып келе жатқан аға ұрпақтың бойындағы тазалық, бекзаттық, еңбекқорлық қасиеттердің сырын ұғу үшін де олардың өмір жолына үңіліп, өнеге тұтып отыру лазым. Арамыздағы сондай азамат ағалардың бірі – еңбек ардагері, кооперация саласының үздігі, экономист маман Тәжіғали Бекқалиұлы.
Тәжіғали Бекқалиұлы 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданындағы Өргебас ауылында дүниеге келген. Бұл әулеттің басшысы Есенбайұлы Ақшабай ел басына қиыншылық төнген сонау нәубет жылдарында (1928-1933) туған жері Маңғыстаудан үдере көшіп, оңтүстіктегі Мақтаарал өлкесіне барып тұрақтаған болатын. Ол кісі 1870 жылы қазіргі Тұщықұдық аулына таяу Қауынды-Теппе жерінде дүниеге келген. Ақшабай ақсақал Маңғыстау еліне белгілі азамат ретінде танылған адам. Ол туралы халық ақыны Сәттіғұл Жанғабыловтың «Есенбайұлы Ақшабайға» деген жыр-толғауында:
…Біразырақ мақтайын
Ақшабайды зәкүн мен
Ақылға жетік, айлаға-ай.
Естіп болды дабысын
Бірқатар жұрты, аймағы-ай.
Халыққа мағлұм әр жерде
Алып жүрген байрағы-ай.
Бақытың бар жігітсің
Білімің асқан пайдаға-ай.
Мысалы, шер болатсың
Кесетін шапса қайрамай, –
деп жырлаған.
Ақшабайдың баласы Бекқали 1963 жылы өздерінің ата қонысы Маңғыстау ауданының Тұщықұдық аулына оралады. Осы атажұртқа әулетін орнықтырып, 1984 жылы бақилық болды.
Тәжіғали Бекқалиұлы Тұщы­құдық­тағы орта мектепті 1967 жылы бітірді. 1968-1970 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді. 1971 жылы Орталық тұтынушылар одағының Қарағанды кооператив институтына оқуға түсіп, 1975 жылы бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша бітіріп шығып, содан бері осы Маңғыстау жерінде еңбек етіп келеді.
1975-1987 жылдары Маңғыстау облыстық тұтынушылар одағында лауазымды қызметтер атқарды. Алғашынды аға тексеруші болып қабылданып, 1976-1983 жылдары тұтынушылар одағының бас есепшісі, 1973-1987 жылдары осы одақтың басқарма төрағасының қаржы жөнін­дегі орынбасары, сосын сауда істері жөніндегі орынбасары (бірінші орын­басары) қызметтерін абыроймен атқарды. Сонымен қатар, 1981-1984 жылдары мемлекеттік және тұтыну коопе­­рациясы қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетінің төр­ағасы қызметін қоғамдық негізде жүргізді.
1987 жылдың сәуірінде Маңғыс­тау облыстық партия комитетінің келісімімен, Мұнайлы аудандық партия комитетінің ұсынысымен Батыс Қазақстан темір жолы Атырау бөлімшесінің №5 Маңғыстау жұмыс­шыларды жабдықтау бөлімінің (ОРС-5 НОД-4) басшысы болып тағайындалып, осы ұжымды он бір жылдан астам уақыт басқарды.
№5 Маңғыстау жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің қызмет аясы тек Маңғыстау облысымен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар Атырау облысында орналасқан Құлсары стансасының, Бекбике бекетінің теміржолшыларына да қызмет көрсететін. Осы жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде (Жетібай стансасының Атырау облысындағы Бекбике бекетін қоса алғанда) азық-түлік, өндіріс және шаруашылық тауарларын сақтайтын, бөлетін және тарататын арнайы сауда базасы, сыйымдылығы бір жарым мың тонналық бірнеше көкөніс қоймалары, әртүрлі тауарлар сататын 48 дүкен, 18 асхана (оның ішінде 5 асхана локомотив машинистері үшін тәулік бойы ешқандай үзіліссіз жұмыс жасайтын), тәулігіне 6 тоннадай нан шығаратын 2 наубайхана, 4 кафе, 2 кондитерлік цех, 6 буфет жұмыс жасады. Облыстық базадан жүк тасымалдауды ұйымдастыруға арналған шағын автопарк, сондай-ақ жолаушылар пойызына жалғанып, темір жол бойында орналасқан дүкендер мен асханаларға тауарлар жеткізуге арналған 5 вагон болды.
Жұмысшыларды жабдықтау бөлі­мінің негізгі орталығы Маңғыстау поселкесінде орналасқан еді. Мұнда арнайы сауда базасы, заманәуи көкөніс қоймалары, әртүрлі тауарлар сататын 13 дүкен, 4 асхана, 2 кафе, шығаратын нанының сапалылығымен бүкіл Маңғыстауға белгілі болған наубайхана, сусын дайындайтын цех және шағын автопарк орналасты.
Тәжіғали Бекқалиұлы басқар­ған жылдары №5 Маңғыстау жұ­мыс­­шыларды жабдықтау бөлімі Батыс Қазақстан теміржолындағы алты жұмысшыларды жабдықтау бөлімдерінің алдыңғы сапында болды. Ол осы бір жұмысшылары мен қызметкерлері жеті жүз шақырымдық темір жол бойында орналасқан ұжымды он бір жыл өте жақсы басқару оңай емес-тұғын, сондықтан ең әуелі темірдей қатаң тәртіпті жолға қойды. Тәртіп пен адалдық қатар жүрсе, басшыға деген сенім де артады. Ал сенім бар жерде алауыздыққа жол жоқ, жемісті жұмыс болары анық. Осындай әлеуметтік ізгілікті жолға қоюдың арқасында Тәкең өзіне сеніп тапсырылған жұмысты адал атқарды, халықтың талап-тілегін, мұң-мұқтажын түсініп, қашан да оңтайлы шешімдер қабылдап отырды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары халыққа қандай тауқымет әкелгенін аға буын өкілдері жақсы біледі. Сол кезеңнің дағдарысы мен экономикалық күйзелісі жұмыс­­шыларды жабдық­­тау бөлімінің жұмыс­шыларына да ауыр тиді. Тұтынушылар күнделікті тұтынатын қарапайым заттардың өзіне қол жеткізе алмады, материалдық зәрулік барлық жерге таралды. Бұл бұрынғы Кеңестер одағының бар­лық республикаларына тән жағдай еді. Осындай ауыр жылдарда Тәжіғали Бекқалиұлы асқан төзім­ділік пен табанды­лық­тың үлгісін көрсетті. Мұндай қиын жағдайдан ауырт­палықсыз шығу үшін терең ойластырылған амал­дар мен жан-жақты байла­ныстарды жолға қою керек еді. Күн-түн демей жүгіріп жүріп Маңғыстау поселкесінің тұрғында­рын ғана емес, өзіне тиесілі стансалар мен бекеттердің тұрғындарын да азық-түлікпен қамтамасыз етуге күш салды. Басқа амалдың жоқтығынан кейбір тауар түрлеріне карточкалық жүйе енгізілді. Осы жылдары өзі тікелей кінәлі болмаса да, халықтың өкпе-назы болмай қалған жоқ, Тәкең соның бәрін көтере білді.
Осындай ауыр кезеңде Тәжіғали Бекқалиұлы өзінің тікелей міндет­терін орындаумен шектеліп қалмай, Маңғыстау поселкесінде және темір жол торабында ұйымдастырылған қоғамдық, мәдени-көпшілік шара­лардың да бел ортасында жүрді. Әсіресе кеңес кезінде ұмыт болған Наурыз мерекесінің тойлануын 1988 жылдан бастап ұйым­дастырушылардың бірі болды, мем­лекеттік тіліміз – қазақ тілінің қызмет аясын кеңейтуге атсалысып, өндірісте қолданылуы үшін күреске белсене араласты, темір жол торабындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды. Маңғыс­тау поселкесінің байырғы тұрғындары, Тәкеңді білетін басқа елді мекендердің тұрғындары да оның осы қызметтерін жақсы бағалап, қандай құрметке болса да лайық азамат деп біледі.
Тәкең 1998 жылдың шілде айы­нан бастап, «Кәсіпорындарды қайта құру және тарату агенттігі» акцио­нерлік қоғамының Маңғыстау облысы бойынша филиалының бөлім бастығы, 2002 жылдан ҚР Кіріс министрлігі Дәрменсіз борыш­кер­лермен жұмыс комитетінің Маң­­ғыстау облысы бойынша басқар­масы­­ның бөлім бастығы, 2009 жыл­дан ҚР Қаржы министрлігі Дәр­менсіз борышкерлермен жұмыс коми­теті­не қарасты өңіраралық «Каспий» депар­­таменті бастығының орын­баса­­ры, 2011-2013 жылдары осы де­пар­таменттің бастығы қызметтерін атқарды.
Тәжіғали Бекқалиұлының еңбек­тегі жетістіктері ескеріліп, жоғары басшылықтың тарапынан түрлі марапаттарға ие болып келеді. Ол – «Кеңес кооперациясының үздігі» атағының иегері. Әр жылдары «Жа­уын­­­­герлік айбыны үшін», «Қазақ­стан Республикасының тәуелсізді­гіне 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медаль­дарымен және «Қазақстан темір жолына 110 жыл», «Маңғыстау облысына 35 жыл» төсбелгілерімен, Қазақ ССР Кәсіподақтары төрал­қа­сының Құрмет грамотасымен, СССР Жол қатынастары министрлігі Жұмысшыларды жабдық­тау Бас басқармасының Алғысымен, Батыс Қазақстан темір жолының Құрмет грамотасымен, екі мәрте ҚР Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Тәкең қазір зейнеткерлік демалыста болса да, қоғамдық жұмыстардан тысқары қалып көрген емес. Ол 2005 жылдан Ақтау қалалық, ал 2015 жылдан бері Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшесі болып, осы қоғам ұйымдастырған көпшілік шараларға мұрындық болып келеді. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту, жастарға ана тілі мен қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттау ісіне белсенділікпен араласады.
Тәжіғали Бекқалиұлы жас кезінен көркем сөз, өлең-жырға үйір болып, мектепте оқып жүрген кезінен ауыз әдебиетінің үлгілері мен классикалық әдебиетті көп оқып, әдебиетші маман боуды армандаған екен. Орта мектепті бітірген соңғы әуелгі таңдауы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті болуы да сондықтан. Алайда, бір орынға сегіз адам бақ сынаған конкурстан өте алмай, қар­жы саласынан жоғары білім алып, бүкіл саналы ғұмырын соған арнаған еңбек ардагері зейнетке шыққаннан кейін жазу столына отырып, өткен өмірінің естеліктерінен эссе түзіп, ғұмырнамасын қағазға түсіруге талап қылған да жайы бар. Соның нәтижесінде соңғы жылдары Тәкеңнің қаламынан «Өмірдің кейбір сәттері» (2015), «Тағылымы мол тағдырлар» (2017), «Жан жылуы» (2019) кітаптары дүниеге келді. Бұлардың ал­ғашқысы сонау аумалы-төкпелі жылдары елдің басынан өткен зұлмат пен алапат соғыстың от-жалынына шарпылып өткен ұрпақтың қиын тағдырын бейнелейді. Небір қилы кезеңдерді бастан кешірсе де, мойымай алға ұм­тылып, ұрпағының бүгінгі күнге жетуіне атсалысқан ата мен әке жолы, ел-жұрт өмірі, замана жайы осы еңбекте шынайы көрініс тапқан.
Ал кейінгі кітаптарында, «Жас ұлғайып, қатарларың бірте-бірте сирей бастаған шақта өткен-кеткенді еске алып, күні кеше ғана арамызда жарқылдап жүрген асыл азаматтардың жан жадыратар жақсы қасиеттерін көз алдыңнан өткізу тәтті мұң екені өтірік емес», – деп автордың өзі жазғандай, өмір жолында кездесіп араласқан, азаматтық келбетіне тәнті болған аяулы замандастары жө­нінде эсселер топтастырылған. Бұл кітаптар­дың қай-қайсысы да жас ұр­паққа аға буынның өмір жолынан өнеге беретін, қиындықтан қаймықпай өмірді сүюге ұмтылдырып, жасампаз еңбекке үндейтін естеліктер екеніне күмән жоқ.
Тәжіғали Бекқалиұлы биыл жетпіс жасқа толып отыр. Осынау мерейлі жасымен құттықтап, мерейтой иесіне мықты денсаулық, шығармашылық табыстар, әулетінің амандығы мен ел-жұртының береке-бірлігін тілейміз!

Әділет Қабылов,
филология ғылымдарының
кандидаты,
Ақтау қаласы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру