Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Орбұлақ шайқасы – ұлт бірлігінің үлгісі

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласының «Талдықорған» ипподромында Алтын Орданың 750 жылдығына арналған Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, қазақстандық жастардың патриоттық сезімін дамыту, Қазақстанның ұлттық мәдени дәстүрлері мен рухани адамгершілік құндылықтарын ілгерілету.

Аталмыш шарада Қазақ тарихында маңызы орасан ұрыстардың бірі – Орбұлақ шайқасы оқиғасына негізделіп театрландырылған тарихи қойылымы көрсетілді. Ашық алаңда шайқасты жаңғыртуға 1 500 адам тартылды.
Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұзаққа созылған азаттық соғысының бір үзігі. Бұл – 1643 жылдың жазында Жәңгір сұлтан басқарған 600 қазақ жауынгері мен 50 мың жоңғар қолын басқарған Эрдэни Батыр қонтайшы арасындағы шайқас. Қазақстанда танымал каскадерлердің қатысуымен дала төсінде сахналанған төрт бөлімнен тұратын шайқас көріністерін тамашалаған қа­лың халық Қазақ хандығы тұ­сындағы тарихи оқиғалардың ішіне өздері кіріп кеткендей болды. Кең даланы дүбірлете жауға шапқан батырлардың жанкешті қимылдары көрер­мендерге рух беріп, бір жағынан желпіндірсе, қойылымның жүректерге толқыныс тудыратын, сезімге ұратын сәттерінде жиналған жұрт көзіне жас алды.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орбұлақ шайқасын дәріптеу «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында әлі де жалғасады, деп атап өтті. Болашақта деректі фильмдер түсіріп, шайқасты көркем фильм ретінде ұсыну жағын қарастыру керек екенін айтқан өңір басшысы ойын бұл ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор жоба, деп қорытындылады. Талдықорған ипподромын­дағы ауқымды шара тек шайқас көрсетілімімен шектелген жоқ. 2 тонна бауырсақ пі­сі­ріліп, қонақтарға тегін таратылды. Осылайша ұйым­дастырушылар Қазақстан рекордтар кітабының сертификатына ие болды. Сондай-ақ ұлттық қолөнер шеберлері, ұсталар мен зергерлер шеберлік сабақтарын өткізді. Ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі болып, қазақ күресі, жамбы ату, садақ атудан, асық ойнаудан сайыстар ұйымдастырылды. Шара соңында Балпық бидің 325 жылдығына орай ат спорты ойындары өтті.
Шара аясында көптеген жарыстар ұйымдастырылды. Қазақша күресте Қызылорда облысынан келген палуан Ерғали Еламан үздік шығып, жаңа «Лада Гранта» автокөлігіне ие болды. Заманауи өнер сүйер қауым үшін сән үлгілері көрсетілді. Ипподромдағы негізгі шара – Орбұлақ шайқасының қойылымы көпшіліктің кө­ңілінен шықты. Орта ға­сыр­дағы әскери өнерді көрсете алатын каскадерлар мен шеберлердің көптеп қатысуы шараның салмағын арттыра түсті. Көрініс үш эпизодтан тұрды: жоңғарлардың қазақ ауылдарына шабуылдауы, Қарақұмдағы қазақ құ­рылтайы, шайқастың өтуі. Шайқас көрінісінде актерлар, каскадерлар, 500-ден астам сауыт-сайманды әскер қатысып, пиротехникалар қолданылды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру