Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

БІЛІКТІЛІК – САПА КЕПІЛІ

Маржангүлдің әкесі Қалдыбай – қарапайым еңбек адамы. Қойшы. Таң атар-атпас бір отар қойды өріске айдап шығып, күнұзақ мал соңында жүретін әкесі үйге қас қарая оралады.

Ерте тұрдым дегеннің өзінде әкесінен бұрын оянған емес. Бала емес пе, кейде тіпті ата-анасының ескерткеніне қарамастан айдың жарығымен түн ортасына дейін кітап оқиды. Сондағы ойы – әкесінің отарды өріске шығарған сәтін көру. Бірақ «Ұйықтап қал­­майыншы» деп қанша тырыс­қанымен, қалай көзі ілініп кеткенін өзі де аңғармай қалады.
Келесі күні тағы да осы әрекет. Не керек, әйтеуір, әкесін жұмыс­қа шығарып салуға қаншама рет тал­пынса да, ойлағаны орындалмады.
– «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген, қызым. Сен әлі кіш­кентайсың, менімен бірге ерте тұрудың қажеті жоқ. Ұйқыңды қан­дырғаның жөн, сонда сабақты да жақсы оқитын боласың, – деп әкесі жұбатып қояды.
Маржангүл сөз қайтармайды. Әкесінің айтқанымен үнсіз келіс­кен сыңай білдіреді.
Анасы Қалдықас үй шаруа­сындағы әйел. Күнделікті күйбең тірлігі біткен емес. Отағасымен бірге таңмен таласа тұрып, түннің бір уағына дейін тыным таппайды.
Киіз үйде қайбір жағдай бар дейсіз? Қазан-ошақ сыртта. Аптап ыстықтың астында бір-екі сағат жүргеннің өзінде басың айналып, борша-борша қара терге түсесің. Оның үстіне ошақтағы оттың ыстығы бетті қарпып, тынысты тарылтып жібереді. Соған қарамастан анасы Қалдықас күнделікті тірлігін ың-шыңсыз жалғастыра береді.
Қалып қойған ақсақ-тоқсақ қойлар бар, соған жем-шөбін салады. Қораның айналасын сыпырып, тазалайды. Осының бәрі анасы үшін ауыр, әрине. Сонда да сыр бермейді-ау… Кейде Маржангүлдің де көмектескісі келіп қолына сыпыртқы алса анасы шыр-пыр болып: «Қызым-ау, үйреніп қалған жұмыс ғой. Сен алаңдамай сабағыңды оқы. Ертең сендер есейген соң жайлы үйге де қолымыз жетер. Оған дейін өзімнен артылатын жұмыс жоқ қой бұл үйде» деп дем беріп қояды арасында.
Әкесінің неге ерте тұратынын Маржангүл кейін білді. Шілденің шіліңгір ыстығында таңғы сал­қынмен малды жайып алмаса күн қызған соң көлеңке-сая іздеп, бой бермей кететін болғандықтан әкесі күн шықпай тұруға мәжбүр екен ғой. Соған әбден төселіп алған. Тек қой қоздату кезінде сақ­маншылар көмекке келгенде ғана Маржангүл әкесін қора басында көріп қалатыны болмаса, басқа уақытта оның төсектен қай кезде тұрып кететінін көрген емес. Оны тіпті ұйықтамайтын шығар деп ойлайтын.
Мектеп пен үйдің арасы әжеп­теуір шақырымдап алшақ. Сөмкесін көтеріп барып-қайт­қанның өзіне шаршап қалады. Бірақ Маржангүл де анасы секілді сыр бермейді. «Шаршадым» деп айтқан емес. Сабағы жақсы. Кілең бес. Барлық пәнді жақсы көреді. Ұстаздары да ұдайы мақтап жатады. Зерек. Алғыр. Қайсар. Білімге құштар. Қатарластарының алды.
– Сен біздің ісімізді жалғас­тырып, мұғалім болатын шы­ғарсың, – деп қояды ұстаздары кейде.
Маржангүл олардың ойын құп­таған да емес, мақсатын-мұратын ашып айтқан да емес. Мектепті үздік бітіріп, политех­никалық институтқа құжат тап­сырғанда барлығы да таң-тамаша қалды.
– Тау-кен инженері қыз балаға тән емес ғой, тәйірі?!.
– Басқа оқу орнына түсуге Маржангүлдің мүмкіндігі бар еді ғой, білімі жетеді, аттестаты өте жақсы…
– Алыс Алматыға бармай-ақ, Шымкенттегі институттардың біріне түссе қайтер еді?!.
Не керек, Маржангүлдің маман­дық таңдауына таңданыс білдіргендер аз болған жоқ.
Бұл – оның өз қалауы. «Алматыға барамын» дегенде әке-шешесі де қарсы бола қойған жоқ. «Жолың оң болсын, қызым» деді де қойды. Әлде Маржангүлдің алған бетінен қайтпайтын қайсарлығының арқа­сында орта жолда қалмайтынына кә­міл сенгендіктен бетін қайтар­маған болар.

Бұл 1978 жыл болатын. Маржангүл Қазақ политехникалық институтының, қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы университет, металлургия факультетіне «Пай­далы қазбаларды байыту» маман­дығы бойынша оқуға түсіп, бес жыл­дан соң «Тау-кен инженері – кен байы­тушы» болып шыға келді. Ол уақытта жас мамандардың қай өндіріс орнына баратынын Мәскеу шешетін. Қазақстандағы өндіріс орындары да тау-кен инженерлерін қажетсініп отырғанына қарамастан, Маржангүлді жолдамамен «Өзбек­алтын» өндірістік бірлесті­гіне жіберді.
– Мен үшін Өзбекстан жеріндегі он жеті жылдан астам уақыт үлкен мектеп болды. Кен байыту өндірісінің қыр-сырына қанықтым. Кен өндіру, кен байыту, электрохимия, металлургия салалары бойынша тәжірибем толықты. Қыз балаға өндірісте жұмыс істеу оңай емес, әрине. Бірақ, бұл менің өз таңдауым болғандықтан күн сайын жұмысқа зор құлшыныспен шығатынмын. Ерекше күндер еді ғой «Өзбекалтын» өндірістік бірлестігінде еңбек еткен уақыт, – деп еске алады Маржангүл Әлібекова.
Ол «Өзбекалтын» өндірістік бірлестігінің Ұстарасай кенішінің байыту фабрикасында қатардағы шебер болып еңбек жолын бастады. Білімді, жігерлі, қабілеті зор әппақ қыз көп уақыт өтпей-ақ ұжымдағы қадірлі мамандардың бірі болды. Өйткені, ол өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Жоспарлаған жұмыстарды тап-тұйнақтай орындады. Кен байыту тәжірибелерін де нәтижелі жүргізді. Ұжым мүшелерімен де тез тіл табысып, сый-құрметке бөленді. Ұйымдастырушылық қабілеті бар болғандықтан әріптестері Ұстарасай кенішінің байыту фабрикасының цехтық кәсіподақ ұйымының төр­айымы етіп сайлады.
Жоғары басшылық та Маржангүл­­дің іскерлігіне тәнті бо­лып, жауапты жұмыстарды сеніп тапсыра бастады.
Қазақстанның Ақбақай алтын кенішінің кенін Ұстарасай кенішіне қарасты кен байыту фабрикасына апарып, осы кәсіпорында байыту технологияларын ендіру мен жетілдіруге Маржангүл де тікелей араласты. 1990 жылы Ұстарасай кеніші «Өзбекалмазалтын» ассо­циа­циясының жанындағы «Алмаз» заво­ды болып қайта құрылды. Жұмыс ау­қымы бұрын­ғыдан да кеңейе түсті. Кәсіп­орында галь­ваникалық цех құры­лып, халық тұтынатын бағалы тауарлар өндіре бастады. Осы цехтың бастығы болып Маржангүл Әлібекова тағайындалды.
Жаңа жұмыстың қыр-сыры көп болғандықтан завод бас­шылығы Маржангүлді Ресейдің Свердлов қаласындағы «Түсті металдар» кәсіпорнына тәжірибе алмасу үшін екі айға іссапарға жіберді. Бұл кәсіпорында тот баспайтын металдардан жасалған бұйымдардың беткі қабатына гальваникалық жолмен алтын, күміс түстерді бүрку жүргізіледі. Маржангүл осы жұмыстың қыр-сырына қанықты. «Алмаз» заводында жүзеге асырды. 1989 жылдың екінші жартысында кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуге көшті. Маржангүл Әлібекованың ерен еңбегі бағаланып, лайықты сый-құрметке бөленді.
– Қазір Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамдарын құрметтеу, бағалау жөнінде жиі айтып жүр ғой. Бұл өте керек. Адамдарды жұмысты сапалы істеуге ынталандырады. Алға қарай жігерлендіреді. Оған Өзбекстанның байыту кәсіпорындарында еңбек еткен жылдары анық көзім жетті. Ол уақытта, өздеріңіз де жақсы білесіздер, жеңіл көлікке қол жеткізу көп адамның арманы болатын. Байыту фабрикасында еңбек озаттарына «Волга», «Жигули» маши­налары әділетті түрде бөлінді. Басшыларға емес, қарапайым еңбек адамдарына берілді, – деп өткен күндерді сағынышпен еске алады Маржангүл Қалдыбайқызы.
Ол еңбек ете жүріп эконо­ми­калық жоғары білім алды. Қыз­мет баспал­дақтары өсті. Өзімен бірге Өзбекстанға жолдамамен барған Тазабай Алпыс­байұлымен отау құрып, бала сүйді.
Туған жерге оралсақ деген ойлары 2000 жылы жүзеге асты. «Юж­поли­металл» жабық акционер­лік қоғамы­ның кен байыту кеше­нінің бас бух­гал­тері болып сол жылы жұмысқа кірісті.
Акционерлік қоғамның құра­мында бірнеше кәсіпорын бар. Оның ішінде жұмысы тоқы­рап, шығынға белше­сінен батқан фабри­­калар да бар. Сондай кәсіпорындарды тығы­рықтан шығарудың жолы қайсы? Не істеген жөн?
– Кентау қаласындағы еңбек жолым байыту кәсіпорындарын экономикалық жағынан жақ­­сартуға талдау жасау жұмыс­тарынан басталды. Өндірісті өркендендетудің нақты бағдар­ламасы, есеп-қисабы жасалды. Кеңестік кезеңнен қалған жаб­дық­тардың бәрі ескі. Жаңарт­пайынша жоғары өнімділікке қол жеткізу мүмкін емес. Оның үстіне «Мырғалымсай», «Ащысай», «Ала­айғыр», «Шаштөбе» кеніш­те­рінде кеннің көлемі қандай, қанша жылға жетеді, оны өндірудің өзіндік құны қаншаға түседі, тасымалдаған дұрыс па, жоқ әлде жергілікті жерде өңдеген дұрыс па, тарифтер қандай болады, осындай сансыз эконо­ми­калық сұрақтарға жауап табу алдымызда тұрды. Бұл бір-екі айда бітетін жұмыс емес, екі-үш жыл сараптама, талдау жасауды қажет ететін жұмыс болатын, – деп Маржангүл Қазақстандағы еңбек жолы басталған жылдардағы қиындықтарды еске алады.
Не керек, «Южполиметалл» ак­­цио­нерлік қоғамының байыту кеше­нінің жұмысын жақсарту үшін Маржангүл Әлібекова білімі мен тәжірибесін сарқа жұмсады. Эконо­микалық дәлелдері мен талдаулары дәл шықты.
Кен байыту саласындағы тәжі­рибелі маманды жұмысқа шақы­р­ған­дар аз болған жоқ. 2005 жылы «ШалқияЦинк ЛТД» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігіне бас эконо­мист қызметіне шақы­рылды. Осын­да өндіріс жөнін­дегі қаржы-экономикалық де­партаменті дирек­то­рының орын­басары, эконо­ми­ка және бюд­жеттік жоспарлау департаменті ди­рек­торының орын­басары қыз­меттерін абырой­лы атқарды. Онан соң осы серіктес­тікке қарасты Кентау байыту фабри­касының директоры, «Шалқия» кені­шінің қаржылық бақылау­шысы болып тағайындалды.
Қазір «КазОйлЭнерджи» жауап­­кер­шілігі шектеулі серіктес­ті­гінің иелігіндегі Кентау кен бай­ыту фабри­касының директоры.
– Қазақстанның өндірісін дамы­туға шама-шарқыма қарай өз үле­сімді қосқанымды бақыт санай­мын. Мен үшін мамандығым – мақта­нышым. Тау-кен инженері маман­дығы қыз балалардың да қолы­­нан келетінін дәлелдедім деп ойлай­мын. Сондықтан қазақ­тың қара­пайым қыздарының да еш тартын­бастан техникалық маман­дық­тарды таңдағанын қалар едім. Өйткені, тәуелсіз мемлекетіміздің өндірісі өркендеп, тау-кен кәсіп­орындарының жұмысы жаңа биікке көтерілетін күн алда. Ал осы салада қазақтың қыздары жүрсе, еселі еңбек етсе несі айып? – дейді Маржангүл Әлібекова.
Оны жылда еңбектес әріптес­тері мен жора-жолдастары, ағайын-туысы қос мерекемен қа­тар құттықтайды. Бірі – Халық­аралық әйелдер мерекесі. Екіншісі – Маржангүл Қалдыбайқызының туған күні.
Оның еңбек наградалары жетер­лік. Ол – «Құрметті кенші». Маржангүл Әлібекова үшін бұдан артық баға жоқ. Ерен еңбегі лайықты бағаланып келеді. Ел-жұрттың сый-құрметіне бөленген жан. Жақсы жар, аяулы әже. Ба­қыт­ты шаңырақтың отанасы.

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру