Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

«Сот төрелігінің жеті түйіні» іске асырылуда

БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Сот төрелігін жүзеге асыруда облыс соттарымен 2019 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы» тақырыбында облыстық соттың төрағасы Бек Әметовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Есепті мерзім ішінде БҚО соттарымен 15 247 азаматтық іс қаралып, 1357-сі татуластыру рәсімдерімен аяқталған. Сондай-ақ облыстық сотқа апелляциялық шағым немесе прокурордың өтінішхатымен 278 іс түсіп, оның 258-і қаралған. Оның ішінде 33 іс бойынша қаулы бұзылып, төрт іс бойынша қаулылар өзгертілген, 6 іс қайтарылған болса, 10 шағым қайтарып алынған.
Сот төрағасы еліміздегі сот жүйе­­сін одан әрі дамыту бойынша жеті басым бағыттың әрқайсысына тоқталды. Әсіресе, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы бойынша аудандар мен ауылдық округтерде медиация кабинеттері ашылған. Қазіргі уақытта дауларды сотқа дейін медиативтік келісіммен шешу аясы кеңейіп келеді. Орал қаласының №2 сотында азаматтық істерді қарайтын бітімгер судья ретінде осы соттың судьясы Ш.Шайдиева, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында бітімгер судья ретінде Н.Сей­­дахметова бекітілген. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Орал қаласының №2 соты және БҚО МАЭС-мен 413 азаматтық іс татуластыру рәсімдерімен аяқталған.
Облыстағы Ақжайық, Бөкей ордасы, Тасқала, Жәнібек, Бәйтерек, Қазталов, Жалпақтал, Шыңғырлау, Қаратөбе, Теректі аудандарында татуласу орталықтары ашылып, жұмыс істеуде.
– «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық соттың қолдауымен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы және облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-мен бірлесіп соттан тыс татуласу орталығы ашылды. Сот жүктемесін азайту, судьялардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, судьялар корпусына іріктеуді жетілдіру, соттар жұмысына жаңа форматтарды енгізу, электронды сот төрелігін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұлардың барлығы сот төрелігінің тиімділігін арттыра түсті. Бұл кешенді шаралар сот жүйесінде сапалы өзгерістерге қол жеткізу үшін қажет. Сапалы өзгерістерге қол жеткізу – өз кезегінде халықтың сот төрелігіне сенімін арттырудың бірден-бір шарты, – деді Бек Әмет.
Сот төрағасының баяндауынша, бүгінде Тасқала және Қаратөбе аудандық сотының ғимараттары салынуда. Орал қаласының №2 соты, Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты, Бөрлі аудандық соты мен Батыс Қазақстан облы­сының мамандандырылған аудан­аралық экономикалық соты ғи­­мараттарында пайдаланушыларға көрсетілетін сот қызметтерінің сапасын жақсарту мақсатында фронт-кеңсе ашылып, қызмет көрсетуде.
Е-СОТ шеңберінде халық пен сот қызметкерлерінің ІТ қызметтерін 100% пайдалануға жағдай жасалады. Бұл жоба негізінде сот саласында элек­трон­ды жүйелерді қолданып, қағаз ай­на­лымын барынша азайту мақсат етілген.
Биылғы 9 ай ішінде «Сот каби­неті» сервисі арқылы облыс соттарына 12 785 талап-арыз, жеке және заңды тұлғалардың 659 өтініші, 12 329 әкімшілік іс пен материал түскен. Яғни соттарға түскен барлық талап-арыз, өтініш, әкімшілік материалдар «Сот кабинеті» сервисі арқылы жолданған. Облыс бойынша күні бүгінге сот мәжілісінің 67 залы дыбыс-бейнежазу жүйесімен жабдықталған.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру