Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Сенаторлар «Астана» халықаралық қаржы орталығында болды

Парламент Сенатының төрайымы Дариға Назарбаева бастаған депутаттар «Астана» халықаралық қаржы орталығында болып, өңірлік қаржылық хабтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов сенаторларды қаржы орталығының, оның органдары мен ұйымдарының жұмысымен таныстырды. АХҚО-ның өңірдегі нарық капиталын дамытуға қосар үлесіне кеңінен тоқталып өткен Қайрат Келімбетов әлемдік қаржы нарығындағы маңыз­ды үрдістерді ескере отырып, АХҚО-ның даму стратегиясының жаңар­тылғанын, алдағы жоспарлары туралы да мәлім етті.
Елбасының тікелей бастамасымен, «100 нақты қадам» ұлт жоспарында атап көрсетілген бес қадамға сәйкес құрылған АХҚО жұмысын ұйымдастыру жөніндегі барлық тапсырмалар қазіргі таңда ойдағыдай орындалып, орталықты өңірлік қаржы хабы ретінде дамыту міндеттері белсенді түрде жүзеге асырылуда.
АХҚО-ның мақсаты – Қазақстан экономикасының нығаюына жан-жақты ықпал ету. Былтыр 5-шілдеде ресми түрде іске қосылған өңірлік қаржылық хаб елге инвестиция тартумен қатар, өңірдегі нарық капиталын, қаржылық технологиялар мен исламдық қаржы нарығын дамытуды көздейді.Осы ретте, басқарушы атап өткендей, қаржы орталығына жүктелген міндет ауқымды. Ішкі капитал нарығының дамуы және оның әлемдік нарықпен интеграциялануы, сонымен қатар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы және оны арттырудың ұзақмерзімге арналған мақсат-міндеттері алға қойылды.
Сенаторлар АХҚО-ның соты мен Халықаралық төрелік орталығының, Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеттің (AFSA) және AIX биржасы, Экспат орталығы мен Үздіксіз кәсіби даму бюросының өкілдерімен кездесті. Аталған компа­ниялардың әрқайсысы АХҚО-ға Жаһандық қаржы орталықтарының индексінде (Global Financial Centers Index, GFCI) 102 орынның ішінде 51-орынға тұрақтауға үлесін қосты. Сондай-ақ АХҚО «Шығыс Еуропа – Орталық Азия» аймағында 1-орынды иемденді.
АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының (ХТО) тіркеу­шісі Кристофер Кэмпбелл-Холт Сенат депутаттарына eJustice жүйесінің мүмкіндіктерін көрсете келіп, оның көмегімен дауларды онлайн шешуге болатынын айтты. Аталмыш жүйе биыл ақпан айында іске қосылды. Ол АХҚО соты мен ХТО білім бағдарамасының арқасында жалпы ағылшын құқығы негіздерін 500-ден астам қазақстандық оқып шыққанын мәлімдеді.
Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитет бүгінде 27 елден 270-тен астам компанияны тіркеді. Олар банктік қызмет, қор нарығы, активтерді және жеке тұлғалардың дәулетін басқару, исламдық қаржы, несие-рейтингі бағытында жұмыс істейді.
AIX биржасы мелекеттік актив­терді жекешелендіру бойынша тиімді алаңға айналды. Былтыр «Қаз­атомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының орналасуы сәтті деп танылды. Биыл AIX-ке қосымша акция пакеттері орналасты. Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» АҚ, «Эйр Астана» АҚ және «ҚазМұнайГаз» АҚ листингі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар сенаторларға АХҚО-ның басым даму бағыттары – исламдық қаржы, «жасыл» қаржы және қаржылық технологиялар таныстырылды.
Өңірлік қаржылық хабтағы жиын соңында сөз алған Сенат төрайымы Дариға Назарбаева АХҚО жұмысына сәттілік тіледі. «Бүгін біз АХҚО мен оның қызметі, құрылымдары мен басым бағыттары жайлы көптеген пайдалы ақпарат алдық. Меніңше, нарықта орталық қызметі жайлы барынша көп ақпарат таратылуы тиіс. Тағы бір ескеретін жайт, сіздерге осы бағытта арнайы бағдарлама қажет. Мен Сіз бен сіздің әріптестеріңіздің жұмысына толағай табыс тілеймін. Әлемдік қаржы мұхитында алпауыт кемеге айналуларыңызға тілектеспіз», – деді Сенат төрайымы.
Кездесу соңында Сенат депутаттары көне түркі дәуірінен бүгінге дейінгі заманды суреттеген «Қазақ рухы» атты көрмені тамашалады. 12 картинадан тұратын тақырыптық монументалды туынды қазақ халқының тамыры терең тарихынан сыр шертеді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру