Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Сандық қаржы жүйесін құру жолында бірлескен жұмыс нәтижелі

Ұлттық банк биыл 1 қаңтардан бастап қаржы ұйымдарын тәуекелге бағдарланған реттеу мен қадағалауға көшті. Бұл тәсіл, ең алдымен, қаржы нарығындағы басым жүйе болып отырған банк секторына қатысты қолданылады. Осылайша, Ұлттық банк алғаш рет реттеу шараларына күш салудан гөрі, аталмыш нарықпен қарым-қатынасты қаржы технологиясы мен жаңа инновацияларды енгізуге байланысты келіссөздер тұрғысынан құруға бет алды. Осы ретте Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Сочиде өткен «FINOPOLIS – 2019» инновациялық қаржы технологиялары V форумының мінберінен Қазақстанда цифрлық қаржы жүйесін құру жолында жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Теріскейдегі көрші елдің курортты аймағында қаржы білгірлерінің басын қосқан алқалы жиынға Қазақстан, Ресей, Түркия, Қытай орталық банктері мен Ресейдің коммерциялық банктерінің басшылары, сондай-ақ әлемнің қаржы сала­сындағы ірі технологиялық компанияларының өкілдері қатысты. Форум аясындағы тал­қылауларда қатысушылар көлемді деректерді талдау, машинамен оқытудың жаһандық үрдістері және цифрлық қаржы құралдарының пайдаланылуы туралы мәліметтерді ұсынды. Алғашқы пленарлық пікірталас барысында сөйлеген сөзінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев елімізде қаржы ұйымдарын реттеудің тәуекелге бағдарланған тәсілінің енгізілгені туралы айтып берді. «Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Ұлттық банкі қаржы ұйымдарын тәуекелге бағдарланған реттеу мен қа­дағалауға көшті. Қаржы на­ры­ғының неғұрлым басым бөлігі ретінде ол тәсіл, ең алдымен, банк секторына қатысты қолданылады. Біз алғаш рет оларды реттеуді күшейтпей, нарықпен қаржы техникасын және жаңа инновацияларды енгізуге байланысты келіссөзге келуді бастамақпыз», – деді Е.Досаев.
Ұлттық банк аталған тә­сілді қолданысқа ендіргенге дейін көптеген елдердің озық тәжірибесін зерттеп, зерделеді. Зерттеу нәтижесінде Еуропа­лық одақтың үлгісі – SREP (Super­visory review and evaluation process) негіз ретінде таңдап алынды. Бұл әдіс институттардың қаржылық жағдайындағы теріс өзгерістерді бастапқы кезеңінде-ақ байқап, бағамдауға мүмкіндік береді. Яғни алынған деректер нәтижесінде қажетті түзету шараларын уақтылы қолдануға мүмкіндік туады. Тәуекелге бағдарланған реттеу тәсілін енгізуге басты себептің бірі онлайн-кредиттеу саласының белсенді дамуы болды. 2015-2018 жылдары елдегі онлайн-қарыздар көлемі 23 есе өсті. Ерболат Досаев атап өткендей, елде нарықтың осы сегментінде жауапты кредиттеу қағидаттарын енгізу қажеттігі туындады.

«Микроқаржылық қызметтің субъектілерін реттеу қарыз алушы­лардың құқықтарын қорғауға және олардың артық кредиттелуін болдыр­мауға бағытталатын болады. Атап айтқанда, микрокредиттер беру ережелерінің болуы, кез келген комиссияларды алуға тыйым салу, сыйақының шекті мөлшерлемелерін сақтау, кредиттік бюроға ақпарат беру қажеттігі жөнінде талаптар белгіленетін болады, бұл қарыз алушылардың борыш жүктемесін парапар бағалауға, Қазақстанның аумағында тіркелген ұйымдарға ғана қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы қаржы технологияларын қолдану саласында Қазақстан банктерінің қарқынды дамып отырғанын атап өтті. «Қазақстанда бүгінгі таңда өзіндік экожүйелерін құрып алған алдыңғы қатарлы қаржы институттары бар. Қазір көптеген ұйымдар пласттық банкингтен кетіп, қосымша ілеспе қызметтері бар қаржы технологиялық компанияларға ауысты. Бізде өздерінің алдағы IPO-ларын қаржы технологиялық компаниялар есебінен дайындайтын бірқатар институттар бар. Негізгі өзегі қаржы институтының өзі болып табылады», – деп толықтырды Ұлттық банк басшысы.
Жалпы алғанда, инновациялық шешімдерді енгізу саласында қаржы секторының мүмкіндіктерін кеңейту үшін мемлекет пен қаржы секторының арасында тығыз байланыс болуы қажет. Осы тұрғыда елімізде цифрлық қаржы жүйесін құру жолында мемлекет қаржы қоғамдастығымен бірлесіп жұмыс істеуде.
Форум барысында Ерболат Досаев орталық және коммерциялық банктер басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Ресей Федерациясы Орталық банкінің төрайымы Э.Набиуллинамен кездесу кезінде ЕАЭО аясындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі өзекті мәселелері, Қытай халық банкі төрағасының орынбасары Фан Ифэймен әңгімелесу барысында Қазақстан мен Қытай қаржы нарығының қатысушылары арасында своп-желілерді пайдаланудың неғұрлым қолайлы жағдайларын жасау бағытында ынтымақтастықты дамыту туралы сөз болды. Сонымен қатар Түркия Орталық банкі төрағасының орынбасары Э.Шенермен және «Сбербанк» ЖАҚ президенті Г.Грефпен банкаралық ынтымақтастықты кеңейтудің өзекті мәселелері талқыланды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру