Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Кәсіптің көзін тапқан озады

Ауылдық аймақтарда шаруашылықты дамытуға, шағын және орта бизнесті ілгерілетуге нәзік жандылардың қосар үлесі қомақты. Кәсіпкерлік идеяларын табысты жүзеге асыру арқылы әйелдер отбасы жетістіктеріне ұйытқы болумен қатар, ауыл өмірінің деңгейін көтеруге етене атсалыса алады.

Тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған үздік әлеуметтік және бизнес жобалардың мысалдарын таныстыру – бүгінге дейін 12 облыста ауыл әйелдеріне арналып ұйымдастырылған шараның негізгі себебі.

Өңірде өз кәсібін жолға қойып, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген әйелдердің сәтті бастамалары, тауарлары мен қызметтері насихатталған кезекті форум Қызылорда облысында өткізілді. Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов облыстық Ауыл әуелдері форумында Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблея­сының қарарына сәйкес 15-қазан – халықаралық ауыл әйелдері күні деп бекітілгенін жеткізді. Оның атап өтуінше, қазірде жалпы облыс тұрғындарының 47,8 пайызы әйелдер болса, оның 54,7 пайызы ауылда тұрады. Бүгінде әйелдер барлық салаларда жұмыс істейді, педагогтардың 73 пайызын, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызын нәзік жандылар құрайды. Бюджет саласы қызметкерлерінің 65 пайызы – әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі көп жағдайда олардың кәсібилігінің арқасында жұмыс істеп тұр. Мем­лекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі – 35,4 пайыз. Бұған дейін облыста түрлі деңгейдегі депутаттардың 9 пайызын әйелдер құраған болса, соңғы кезектен тыс өткізілген сайлауда депутат әйелдердің саны 21 пайызды құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда да ауылдық жерлердегі әйелдер белсенділік танытып келеді. Бүгінгі таңда өңірдегі кәсіпкер әйелдердің 48,3 пайызы ауылдық жерде өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
– Қашан да халқымыз үшін ауыл – ұлт руханиятының қайнар көзі, берекеміздің бастауы екені рас. Ауыл әйелі жайлы айтқанда, көз алдымызға күбіде айранын пісіп, шоққа таба нанын көміп, сиырын сауып, құрт-майын шайқап отырған аналарымыз елестері анық. Дегенмен, қазіргі дамыған заманда ауыл әйелінің әлеуметтік жағдайы да, көзқарасы да өзгерді, – дей келе, ол әйел азаматтар Елбасы бастамасымен қолға алынған реформаларды жүзеге асыруға да белсене араласып, бейбіт тірлікті, мызғымас бірлікті нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.
Бүгінде ауылдық жерлерде ірі өндіріс орындарын дамыту мүмкін емес. Ал жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі осы шағын және орта бизнеспен қамтамасыз етіледі. Сондықтан биыл жалпы бюджеті 34 млрд теңгені құрайтын арнайы жол картасы бекітілген. Оның ішінде 5 млрд теңге мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай емес қолдауға, қайтарымсыз гранттар беруге және шағын несиелермен қамтамасыз етуге бағытталып отыр.


Қазір ауыл әйелдерінің облыстық форумдары пікірталас, тұсаукесерлер және тәжірибе мен жетістіктерді таныстыратын, ауыл әйелдерінің өңір экономикасына қатысу мәселелерін талдайтын тиімді платформаға айналды. Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы басқарма төрағасы Салтанат Рахимбекова ауыл әйелдері форумының басты міндетін, өзектілігін айтты.
– Ауылдарды тұрақты дамыту мен ауылда өмір сүру сапасын арттыру –мемлекет саясатының басым міндеттерінің бірі. Қазақстандағы ауылдардың басты мәселесі – ауыл тұрғындары табысының төмен деңгейі. Сондықтан да ауыл әйел­дерінің басын қосу, біріктіру өзекті, олардың ішінде ауыл әкімдері, мектеп директорлары, фермерлік шаруашылықтар мен ауыл бизнесінің басшылары бар және оларға тәжірибе алмасуға, кәсіби қарым-қатынас­ты жолға қоюға мүмкіндік беру өте маңызды, – деді ол.
Кәсіптің бір пайдалы тұсы – та­быс­қа жету болса, екіншісі – өскелең ұрпақты еңбек етуге баулу. Мысалы, үлкен әулеттің абыройлы анасы, күміс алқа иегері, 33 немеренің әжесі жаңақорғандық Әсемгүл Ермаханова «Балапан» бағдарламасымен жеке балабақшалар ашып, кәсібін дамытуда. Қазір ол 16 адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Оның ішінде көпбалалы және жалғызбасты аналар бар. Сондай-ақ ол мемлекет­тік-жекеменшік әріп­тестік аясында Сүттіқұдық елді ме­­ке­нінде 280 балаларға арналған спорт кешенін де ашып, азаматтарды жұмыс­­пен қамтыған.
Жалағаш ауданының М.Шәменов ауылынан келген алтын алқа иегері, 8 баланың анасы Шолпан Қалиева кәсіпкерлік саласын дамыту бағы­тында елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалардың қолға алынуы аймақтағы кәсіпорындар қатарын арттыруға да үлкен сеп болғандығын атап өтті.
– Бұл ауылдағы жұмыссыздық мәселесіне де тосқауыл болып отыр. Әсіресе, соңғы 5-6 жылда аталған салаға жасалып жатқан қолдау Сыр елінде серпін алуда. Алдағы уақытта кәсіп иелерінің өз жұмысын алып кетуі үшін тәжірибе шыңдауына да мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Үлкен демеу барда неге іс бастамасқа. Мен де 2001 жылдан бері бизнеспен айналысып келемін. Біздің өңір аграрлық аймақ болғандық­тан егін және мал шаруашылы­ғын дамытуға қолайлы. Осыған орай өз кәсібімді мал шаруашы­лығы бағытында бастап, кейін мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгіндім. Сөйтіп, «Құлан» бағдарламасымен 10 млн теңге несие алып, тиісті қаражатқа 36 бас жылқы сатып алдым. Қазір шаруашылық ширап, мал басы артып келеді. Мұның бәрі үлкен қолдаудың жемісі деп білемін, – дейді ол.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру