Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Еліміздің сыртқы борышы: дерек пен дәйек

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

«Қалтадағы пұлды базардағы нарық билейтіні» жайындағы көнеден жеткен ащы ақиқат тұрғысынан алғанда бүгінде бірі тойып, бірі тоңып секіріп жүрген қаймана халықты елдің экономикалық ахуалына, әлеуметтің жай-күйіне қатысты толғандырып жүрген сауалдар баршылық. Теңге мен доллар бағамы, инфляция, жанар-жағар май, көмір мен нан бағасы сынды сұрақтар қызу талқыға түсіп, әлеуметтік желілердің бетін бермеуде. Алайда, «қаны шығып тұрған» осынау түйткілдердің қай-қайсысы да қазіргі жас пен жасамысты ғана толғантып қоймай, келешек ұрпақ алдынан да көлбеңдейтін елдің сыртқы борышымен иық теңестіре алмайды. Бұл орайда жайшылықта дау шақыратындар күн жаумай су болып, қара аспанды төндіріп қоюдан тайынбауда. Сондай-ақ «Алдағыны Алла біледі» деп, қарекет-әрекетін, отын-суын Жаратқанға тапсырып, қолды қалтаға салып жүретіндер де жеткілікті. Сақтықта қорлық жоқ дегендей, қалай болғанда да қапы қалмаудың қамын ойлағанымыз артықтық етпейді. Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініндей нақты дерек пен дәйекке жүгінейік.
Қаржыгерлердің қысқа тілімен қайырғанда сыртқы борыш резиденттердің негізгі борышты болмаса пайыздарды төлеуді талап ететін бейрезиденттер алдындағы белгілі бір уақытқа өтелмеген нақты және шартсыз міндеттемелерін білдіреді. Еліміздің сыртқы борышының құрылымында өтеу мерзімі бойынша 94,7 пайызы ұзақ, бір жылдан астам мерзімді сыртқы борышқа тиесілі, бұл бір жағынан алғанда өтімділік тәуекелдерін азайтады, ал екінші жағынан жалпы нарықтық талаптар өзгеруінің борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге әсерін күшейтеді. Қазақстан сыртқы борышының қаржы құралдарының түрлері бойынша құрылымында бейрезиденттерден тартылған, 80,1 пайызды құрайтын несиелер мен кредиттер және бейрезиденттердің қолындағы 11,6 пайызды құрайтын борыштық бағалы қағаздар басым болды. Мемлекеттік сектордың кеңейтілген ұғымдағы сыртқы борышы үстіміздегі жылғы бірінші тоқсанда 34,1 млрд. долларды немесе ішкі жалпы өнімнің 19,6 пайызын құрады. Осы орайда бұған дейінгі кезеңмен салыстырғанда борыштың қысқаруы байқалғанын атап өтуіміз керек. Мемлекеттік сектордың кеңейтілген ұғымдағы сыртқы борышы көлемінің өзгеруі негізінен мемлекеттік сыртқы қарыздарды өтеуге, тәуелсіз еурооблигациялардың нарықтық құнының артуына, шетелдік инвесторлар тарапынан Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарына сұраныстың артуына, «ҚазАгро» холдингінің сыртқы міндеттемелерінің мөлшерін қысқарту және валюталық тәуекелдерге ұшырағыштығын азайту мақсатында номиналдық құны 961,5 млн. долл. еурооблигацияларды мерзімінен бұрын өтеуге, халықаралық кредиттік ұйымдардан, сол сияқты үлестес бейрезиденттерден тартылған қарыздарды өтеуге негізделді. Мемлекет кепілдік берген сыртқы борыш 2019 жылғы бірінші тоқсанда іс жүзінде өзгермей, 1,6 млрд. долларды құрады, оның ішінде 78,5 пайызы Қытайдың Мемлекеттік және Экспорттық-Импорттық Банктері алдындағы көлік инфрақұрылымын жетілдіруге байланысты берешекке тиесілі.
Банк секторының сыртқы борышы мемлекет бақылайтын банктерді қоса алғанда 2019 жылғы бірінші тоқсанда 414,0 млн. долларға қысқарып, 2019 жылғы 1 сәуірде 5,3 млрд. долларды немесе ішкі жалпы өнімге қатысты 3,1 пайызды құрады. Қысқару соның ішінде «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының 200 млн. долл. мөлшеріндегі еурооблигацияларын және Қытайдың қаржы ұйым­да­­рынан тартылған «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы қарыздарын ішінара мерзімінен бұрын өтеу есебінен орын алды. Азаю шетелдік банктермен жасалған қысқа мерзімді спот келісімшарттары есебінен басқа да міндеттемелердің өсуі арқылы ішінара теңестірілді. Банктердің борышы үстіміздегі жылғы 1 сәуірде 39,1 млрд. долларды немесе ішкі жалпы өнімге қатысты 22,5 пайызды құрай отырып, бірінші тоқсанда 555 млн. долларға қысқарды. Бұл ретте өзгерістер негізінен борыштық бағалы қағаздар бабына байланысты орын алды. Ол Қазақстан корпоративтік эмитенттерінің еурооблигациялары нарықтық құнының өсуі арқылы теңестіріліп, резиденттердің ірі мұнай-газ жобаларын іске асыру шеңберінде қалыптасқан кредиторлық берешегінің 198,3 млн. долларға қысқаруына байланысты орын алды. Ал, фирмааралық берешек мемлекет бақылайтын ұйымдардың үлестес кредиторлары алдындағы берешегін қоса алғанда 2019 жылғы бірінші тоқсанда 272,7 млн. долларға қысқарып, 2019 жылғы 1 сәуірде 100,8 млрд. долларды немесе ішкі жалпы өнімнің 58 пайызын құрады, атап айтқанда резиденттердің шетелдік тел кәсіпорындардан, оның ішінде Қытайдың қаржы ұйымдарынан ірі көлік және мұнай-газ жобаларын іске асыруға тартылған қарыздар өтелді. Сыртқы борыштың абсолюттік және салыстырмалы өлшемдері 2019 жылғы бірінші тоқсанның соңында фирмааралық берешекті қоса алғанда, сыртқы борыштың ішкі жалпы өнімге қатынасы 90,7 пайызды, ал фирмааралық берешекті есептемегенде 32,7 пайызды құрады. Сыртқы борыштың тұрақты түрде қысқаруы оған қатысты салыстырмалы өлшемдердің жақсаруына әкелді. 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еліміздің таза сыртқы борышы 2019 жылғы бірінші тоқсанда 145,3 млн. долларға немесе 0,3 пайызға қысқарып, 47,1 млрд. долларды немесе ішкі жалпы өнімге қатысты 27,1 пайызды құрады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру