Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Дұрыс тамақтану – денсаулық негізі

Алматыда Бүкіләлемдік остеопорозбен күресу күніне орай баспасөз-конференция өтті. Тағамтану мен денсаулық сақтау саласының сарапшылары остеопороз дертінің таралуы көрсеткіштерімен бөлісіп, қазақстандықтардың қазіргі уақытта тамақтануына қатысты пайда болған әдеттер салдарынан туатын денсаулық мәселелерін талқылады.

Шара барысында ғалым­дар бала кезден басталатын теңдестірілген тамақтану рационының болмауы остеопороз дамуының басты себебі деп атайды. Сарапшылар остеопороздың алдын алу мақсатында балалар мен үлкендерге арналған дұрыс тамақтану бойынша өз кеңестерімен бөлісті. «Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша әлемдегі өлімнің 60%-ы және дерттердің 80 пайызы дұрыс тамақтанбауға байланысты. Кальцийдің алмасуы мен сіңуі ағзаның ақуыз бен А дәруменімен қамтамасыз етілуіне байланысты. Өкінішке орай, біз ҚР тұрғындарының тамақтану әдебінің бұзылуын байқап келеміз. Салдарынан денсаулық нашарлайды. Әрбір адамның рационында макро және микро элементтерге, лакто және бифидобактерияларға толы сүт пен «тірі ашымал сүт» өнімдері болуы тиіс. Сол үшін де біз кальцийдің тәуліктік қажеттілігін толтыру үшін үл­кен адамдарға күнделікті 600-800 грамм сүт өнімін тұтынуға кеңес береміз» – деді Қазақ тағамтану академиясы мен Ұлттық салауатты тағамтану орталығының президенті Төрегелді Шарманов.
Баспасөз-конференция қо­рытындысы бойынша балалар арасында остеопороздың алдын алу шаралары айтылды. «Остеопороз мәселесі үл­кен қорқынышты туғызады. Қазақстан жасөспірімдерінің 50%-ында сүйек әлсіреуі байқалады. Бұл мәселенің шешілуінің бірден бір жолы – дұрыс тамақтану әдеттерінің бала кезден қалыптасуы. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларындағы білім басқармасының қолдауымен қазан айының басынан Healthy Generation (Дені сау ұрпақ) жобасы жүзеге асырылып келеді. Ай соңына дейін 20 000-нан астам бастауыш мектебінің оқушылары дұрыс және теңдестірілген тамақтану жайында интерактивті дәріс­­терін өтеді», – деді Healthy Generation жобасының ынта­гері, Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі Danone компаниясының кор­пора­­тивтік байланыс жөнін­дегі директоры Дінмұхамед Айсаутов.
Остеопороз – сүйек қаңқа­сының әлсіреуі салдарынан сүйек сынғыштығына әке­летін созылмалы жүйелі ауру. Халықаралық остеопороз қо­рының мәліметі бойынша әр 3 секунд сайын әлемде остеопороз салдарынан сүйек сынады. Ал 50 жастан кейін әрбір екінші әйел және әрбір бесінші ер адам зардап шегіп, өмірінің соңына дейін сүйек сынуы диагнозымен өмір сүреді. Ең қауіптісі – бұл дерт жамбас мойынының сынуына әкеледі және адам қазаға ұшырауы мүмкін. Жамбас мойыны сынуының салдарынан болатын өлімнің жалпы әлемдік көрсеткіші (20%) бірқатар елдерде өсіп келеді.
Созылмалы дерттің Қа­зақ­стандағы көрсеткіш­те­рі­­мен остеопороз бойынша ҚР дәрігерлер қауымдас­ты­ғы­ның төрайымы Гүлжан Ғабдуллина бөлісті: «Үш миллион қазақстандық сүйек тіні әлсіреуінен зардап шеге­ді. Остеопороз індетінің өсімі 2012 жылдан бері 8 есе өсті. Бұл өсім адамдардың қа­зіргі заманда тамақтану рацио­нының өзгеруіне байланысты. Кальцийдің тәуліктік қажеттілігі әр түрлі жаста 400 бен 1300 грамм арасында бол­ға­­­нымен, қазақстандықтар ара­сында құрамында кальций бар, әсіресе сүтті және ашымал сүт өнімдерін пайдаланбау кеңінен таралған. Балалар арасындағы тәуліктік тұтыну үлесі 25-30 пайызды құрайды».
Жыл сайын 20 қазанда Бүкіләлемдік остеопорозбен күресу күні атап өтіледі. Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымы бұл күнді остеопороз бен сүйек метоболиттік ауруларының алдын алу мен емдеу әдістері жайлы жаһан­ды түрде ақпарат тарату мақса­тында 1997 жылы бекітті.
Healthy Generation жобасы – дұрыс тамақтану мен сүт өнімдерін тұтыну жайында бастауыш сыныпта оқитын балаларға арналған дәрістер. Жобаның мақсаты – оқыту арқылы балалар мен олардың ата-аналары арасында дұрыс тамақтану әдебін қалыптастыру. Жоба Danone компаниясының «Тағам ар­қылы неғұрлым көп адамзат баласына денсаулық сыйлау» атты басты қағидасына сай келеді.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру