Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты  нығайтуда стратегиялық маңызға ие

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бакуде өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер басшыларының 7-ші саммитіне қатысты. Түбі бір түркі халықтарының қарым-қатынасын тереңдетуге бағытталған бұл ұйымның құрылғанына биыл тура 10 жыл толып отыр. 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан президенттері қол қойған тарихи құжат – Нахчыван декларациясы негізінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесін құру идеясы іске асқан болатын. Мерейтойлық саммитте Елбасының түркі әлемін біріктіру, бауырлас елдер ынтымақтастығын баянды ету жолындағы ерік-жігері мен ерен еңбегі ерекше бағаланып, Түркі әлемінің Жоғары Орденімен марапатталды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен Түркі кеңесінің өмір бойы құрметті төрағасы мәртебесі берілді.

Әзербайжан астанасында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақ­тастық кеңесіне мүше елдер басшы­лары­ның мерейтойлық 7-ші сам­ми­тіне Түркия президенті Режеп Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар биыл ұйымға толыққанды мүше болған Өзбекстан елінің басшысы Шавкат Мирзиёев қатысты.
Саммитте сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев президент Шавкат Мирзиёевті және бүкіл өзбек халқын Түркі кеңесіне толыққанды мүше болуымен құттықтады.
– Кеңестің құрамына Өзбек­станның мүше болуы – бүкіл түркі тілдес қауымдастық үшін тарихи әрі көптен күткен оқиға, – деді Елбасы.
Биыл күзде Будапеште түркі ке­ңесінің еуропалық бөлімі ашылды. Тамырлас елдермен етене жақын араласуға бейіл Мажарстан кеңеске бақылаушы ел ретінде алғаш қатысып отыр. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев Будапештте Түркі кеңесінің өкілдігін ашу – ынтымақтастықтың Еуропа векторын дамытуда ерекше маңызды екенін атап өтті.


Елбасы Қырғыз Республика­сының Түркі кеңесіне төраға қызметіндегі жұмысын жоғары бағалады.
– Маған «Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы» мәртебесін беру туралы ұсынысы үшін президент Режеп Ердоғанға алғыс білдіремін. Осы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризамын. Бұл жоғары мәртебе маған ортақ ұйымымыздың жұмысына одан әрі белсенді қаты­суға мүмкіндік береді, – деді Қазақ­станның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Түркі кеңесінің құрылу тарихына тоқталып өтті.
– Мерейтойлық межеге біз жақсы жетістіктермен жеттік. Біріншіден, жаһандық тұрғыда да, өз ішімізде де ұйымға сұраныс бар екенін әрі оның өзектілігін дәлелдей алдық. Екіншіден, Кеңестің қатары Өзбек­­стан мен Мажарстан есебінен толықты. Бұл – біздің бірлескен жылна­мамыздың жаңа парағы.

Үшіншіден, елдеріміз салмақты институционалдық архитектура қалыптастырды. Төртіншіден, Кеңестің өңірлік және халықаралық деңгейдегі саяси және экономикалық беделі өсіп келеді. Бесіншіден, Түркі әлемі интеграциясының тұжы­рымдамасы қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркі интеграциясы үдерісін жалғастырудың маңыз­дылығына тоқталып, Түркі кеңесін одан әрі дамыту бағытында екі ұсыныс айтты.
– Бірінші – «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу. Бұл құжатқа түркі тілдес қоғамдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуге тиіс. Осылайша біз мемлекеттеріміз үшін сыртқы саясат пен «жұмсақ күш» саясаты, сауда және транзит, туризм және инвестиция, энергетика мен жасыл экономика, шағын және орта бизнес сияқты басым бағыттар­дағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай серпін береміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Түркі кеңесі аясында төрт жұмыс тобы бар. Олардың қызметі кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Елбасы сонымен қатар іс-шаралар бағдарламасына мәдениет және білім беру, жастар саясаты мен денсаулық сақтау, цифрландыру және жасанды интеллект салалары қамтылуы қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ қазіргі кезде Қазақстан ғаламат құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан түркі әлемінің бесігі саналатын Түркістан қаласын дамытудың маңыздылығына назар аударды.
Екіншіден, Елбасы кеңестің атауын өзгерту мәселесін қарастыруды ұсынды.
– Біздің тіліміздің, сондай-ақ тарихымыз, мәдениетіміз, дүниетаным мен салт-дәстүріміздің тамыры бір. Осының негізінде бүгінгі түркі интеграциясының табысты болуы тек біз үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту үшін де стратегиялық маңызға ие. Біз ХХІ ғасыр беріп тұрған осы мүмкіндікті толықтай пайдалануымыз қажет. Бұл ретте Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін ұйым деңгейіне дейін көтеруге болады деп санаймын. Себебі, Түркі кеңесі өзінің консультативтік мәртебесінен жоғарылап, қазіргі күні толыққанды халықаралық институттың сипаттамаларына ие болып отыр. Осылайша, біздің құрылымды «Түркітектес мемлекеттер ұйымы» деп атауға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сапары барысында Әзербайжан Республика­сының президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының пре­зиденті Сооронбай Жээнбеков, Түр­кия президенті Режеп Ердоғанмен кездесті.
«Шағын және орта бизнесті дамыту» тақырыбына арналған 7-ші саммит жұмысының қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру