Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Жұмыс нәтижемен бағаланады

Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті отырыста ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің орындалуы мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының, сонымен бірге астық жинау науқанының қорытындылары шығарылды.

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған ұлттық экономика министрі Р.Дәленов биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында ЖІӨ 4,3%-ке өскенін айтты. Министрліктің сараптауынша, өсім құрылыстағы (13,5%), саудадағы (7,6%) және көлік саласындағы (5,5%) шығарылымның ұлғаюымен қамтамасыз етілген. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,7%-ке артты. Қыркүйекте жылдық инфляция 5,3%-ті құрап, жоспарланған дәліз шегінде сақтал­ды. Қантар-тамызда халықтың нақ­ты табысы 6,7%-ке өсті. Өнеркәсіп өндірісі 9 айда 3,3%-ке ұлғайды. Өсім драйверлеріне өңдеу және кен өндіру өнеркәсібі жатқызылды. Бұл ретте өндеу саласында ең жоғары өсуге жеңіл өнеркәсіпте, машина жасауда, сусындар өндірісінде және фармацевтикада қол жеткізілді. Кен өндіру өнеркәсібінде металл кенін өндіру түсті металл кенін өндірудің 18,4%-ке ұлғаюымен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыс­тары қарқынды жүргізіліп, 13,5%-ке дейін жеделдеді, 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,5%-ке артты. Көрсетілетін қызметтер саласында өсім 4,4%-ті құрады. Көтерме сауда есебінен сауда көлемдері 7,6%-ке өсті. Жүк айналымы есебінен көлік қызметтері 5,5%-ке өсті. Қаңтар-тамызда сыртқы сауда айналымы 1,8%-ке көтеріліп, $62,1 млрд құрады. Экспорт көлемі $37,6 млрд құрады, ал импорт көлемі $24,5 млрд болды. Негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердің көбінде өсімнің оң серпіні байқалады.
Жиында ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, «Атамекен» басқарма төрағасы А.Мырзахметов банк саласының жағдайы, респуб­ли­­­калық бюджеттің орындалуы, мемле­кеттік сатып алудағы жер­гілікті қамту мәселелері туралы, Ба­тыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев, Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақов, Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі Қ. Ақсақалов өңір­лер­дегі жағдай туралы баяндап берді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә.Смайылов 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірістері 15%-ке, республикалық – 19%-ке және жергілікті бюджеттер – 7%-ке өскенін жеткізді. Ұлттық қордың активтері өткен жылғы 9 аймен салыстырғанда 15%-ке өсіп, 26 трлн 447 млрд теңгені құраған. Бұған қоса бірқатар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде бюджет қаражаттарын игерусіз қалдыру жағдайлары бар.
Тақырыпты түйіндей келе, Үкімет басшысы кей әкімдіктерде бір­қатар көрсеткіштер төмендеп бара жат­қанына назар аударып, жағдайды барынша қысқа мерзімде түзетуді тапсырды. Сонымен бірге әкімдердің жергілікті қамту бойынша бекітілген индикаторларды орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы, сондай-ақ заңнама, индустриялық сертификат және СT-KZ сертификаты талаптарының орындалуын қамтамасыз етуі қажет екенін айтты.
Жиында ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров астық жинау науқанының қорытындыларын жария етті. Министрлік деректері бойынша, ағымдағы жылы елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды және облыс әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, дәнді дақылдардың 15,2 млн гектар жалпы алқабының 15,1 млн гектары жиналды, бұл 99,2%-ті құрайды. 19,1 млн тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік 12,6 ц/га құрады. Биыл жаз маусымының ыстық әрі құрғақ болуы дәнді дақылдар өнім­ділігінің төмендеуіне себеп болды. Соның нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда дәнді дақылдар өндірісінің төмендеуі күтілуде. Жаздың аптап ыстығымен қатар, егін жинау жұмыстары барысында ұзақ мерзімді (жалпы есеппен 15-20 күн) жауын-шашын болды, бұл өз кезегінде астықтың сапасына да, өнімділігіне де әсер етті. Алдын-ала есептер бойынша биыл дәнді және дәнді бұршақ дақылдарының өнімділігі бункерлік салмақта шамамен 19 млн тоннаны құрауы мүмкін, бұл былтырғы өніммен салыстырғанда 2 млн тоннаға кем. Облыстар әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, биылғы 11 қазандағы жағдай бойынша 1,9 млн тонна дәнді дақыл тұқымы себілді, бұл 99%-ті құрайды, соның ішінде Қостанай облысы бойынша тұқым себу 98% аяқталды. Қазірде тұқымдарды дайындау жұмыстары жалғасуда. Жалпы жиналған жаңа өнімнен 2,9 млн тонна элеваторларға келіп түскен, оның 1,8 млн тоннасын бидай, 700 мың тоннасын арпа құрайды. Жедел деректерге сәйкес, элеваторларға келіп түскен бидайдың 80%-ке жуығы азық-түліктік, 20% – мал азықтық және техникалық мақсатқа арналған бидай. Өткен жылы азық-түліктік бидайдың көлемі 93% болған. Биылғы 2019/20 маркетингтік жылы дәнді дақылдар өндірісінің азаюына байланысты, экспорттық әлеует өткен жылмен салыстырғанда шамамен 3 млн тоннаға төмендеуі мүмкін. Бұл ретте С.Омаровтың айтуынша, экспорттық бағыттарды кеңейтуге бағытталған өткен жылғы стратегиядан ағымдағы жылдың экспорттық стратегиясы өзгеше болады. Бұл маусымдағы негізгі міндет – Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, сондай-ақ Ауғанстан және Иран тәрізді дәстүрлі өткізу нарықтарындағы қазақстандық астықтың орнын сақтап қалу.
Үкімет басшысы Қазақстандағы ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, жиналған астықты сақтап қалу үшін барлық шараны қолға алуды, нан қабылдау кәсіпорындары астықты сақтауды, сондай-ақ ылғал астықты өңдеу мен кептіруді уақытылы қабылдауды қамтамасыз етуі қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне нанға бағаны тұрақтандыру үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен астықты уақытылы сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру