Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Сындарлы жылдар – кемел келешек бастауы

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына сұхбаты барысында елдің саяси жаңғыру процесі мен даму болашағы туралы өзекті сұрақтарға жауап берді.

Президенттік өкілеттігін тоқтат­қаннан кейінгі алғашқы эксклюзивті сұхбатында Н.Назарбаев елдегі «қосарланған билік» төңірегіндегі алып-қашпа қауесетке нүкте қойды. «Дақпырт әңгімелерді Қазақстанда тұрақтылықты қаламайтын адамдар таратады. Басқа мемлекетке қашып кеткен қылмыскерлер, ешкімге де керексіз, отансыз адамдар өзінің елінде жаманшылық болса екен деп ойлайды. «Қосарланған билік» деген пікірдің ешқандай негізі жоқ. Қазақстан президенттік басқару формасы бар унитарлы мемлекет саналады», – деді Елбасы.
Н.Назарбаев атап өткендей, мұн­дай форма Франция, Ресей, АҚШ билігінде бар.
«Қасым-Жомарт Тоқаев – бүкіл халық сайлаған Президент. Маған қатысты айтар болсам, сіздерге ол да белгілі. Заңға сәйкес мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасымын. Бұл алқалық орган. Ал ол жерде елдің барлық басшылары мүше болып саналады және біз қателік жібермеу үшін ұжым болып шешеміз. Менің де мәртебем конституциялық заңмен Елбасы деп айқындалған. Менің міндетім – ең алдымен Қауіпсіздік кеңесінің жұмысын қамтамасыз ету, Nur Otan партиясына, Қазақстан халқы ассамблеясына басшылық жасау. Бұған қоса, құрылуына өзім қатысқан көптеген халықаралық ұйымдар маған аталған органдардың құрметті төрағасы болуды ұсынды. Демек, жұмыс көп. Әрине, Президент Қ.Тоқаев менімен ақылдасады. Маған жүгінген кезде ел үшін өзімнің өмірлік мол тәжірибеммен бөлісемін», – деді Елбасы.
Президент қызметіне Қ.Тоқаевтың кандидатуарасын қолдауының себебін түсіндіре келе, Н.Назарбаев: «Әрбір басшылықта жұмыс істейтін бірінші басшы заманы келгенде ойлана бастайды. Менің төңірегімде көптеген жақсы азаматтар өсті, оны өздеріңіз көріп жүрсіздер. Осы орайда бірнеше адамды қарастырдым. Соның ішінен бүгінгі күні ең дұрысы әрі сай келетіні Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев деп есептедім. Неге? Біріншіден, ол менің жанымда ширек ғасыр уақыттан бері келе жатқан адам. Мен оны жақсы білемін, ол да менің жұмысымның сыр-сипатының барлығын біледі. Екіншіден, қазақтың бірден бір сауатты азаматы. Үшіншіден, дипло­матиялық өмірде көп кісілермен та­нысқан, барлығы оны біледі», – деп атап өтті.
Бұл тұрғыда Елбасы Президент Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ҚР Парла­менті Сенатының төрағасы, Үкімет басшысы секілді лауазымды қызметтерді атқарғанын еске салды. Nur Otan партиясының ұсынуымен халық сайлаған қазіргі Президент­ті баршаның қолдауы керектігін жеткізді.
Елбасы журналистерге өзінің жаңа жұмыс кестесі туралы айтып, Nur Otan жұмысын жандандырудың басым міндеттеріне тоқталды.
Ендігі жерде атқарылған жетіс­тіктерді тоқтатпай, жұмысты әрі қарай жалғастыру керек. Елдің басты бағыты – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. «Жалпы, отандық, шетелдік сарапшылар Қазақстанның осы жылдардағы өсіп-өркендеуіне оң баға берді. Бұрынғы Кеңес одағының аумағындағы республикалардың ішінде біз ең жылдам реформа жаса­дық. Экономикамыз қарқынды өсті. Бұл істеген жұмыстың нәтижесі. Біз дүниежүзілік тәжірибені пайдаланып, стратегиялық бағдарламалар жасадық», – деді Елбасы түрлі са­ладағы маңызды бағдарламаларға тоқталып.
Тұңғыш Президент Тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарындағы қиын­дықтарды ұмытпауымыз керек­тігін айтты. Осы кезеңдерде көптеген ауруханалар мен емханалар, мектептер, балабақшалар, автожолдар, теміржолдар, порттар салынғанын тілге тиек етті. Бұдан бөлек, Н.Назарбаев көршілес елдермен шекаралық мәселелер толықтай шешілгенін атап өтті. «Енді осы қарқынды тоқтатпай, жұмысты одан әрі жалғастыру қажет. Біз шикізатты сатып, пайда табудан ажырап, басқа экономикаға көшуіміз керек. Индустриялық бағдарлама осыған негізделген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласына екпін қойылуда. Сондықтан көп шаруа істелді деп санаймын. Менің буыным ел үшін, қазағымның қамы үшін қолынан келгенше барлық жақсылығын жасады. Қаншама университеттер ашылды, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, ЕҚЫҰ саммиті өтті», – деді ол.
Елбасы елордамыздың Арқа төсіне ауысуымен оңтүстіктегі қалың қазақтың көші де солтүстікке бет бұрғанын атап өтті. Алматының Ақмолаға көшірілуіне қарсы болған адамдардың да көп болғанын айтты. Бұл түсінікті еді. Себебі, жағдай қиын, Үкіметте қажетті қаржы болмады. Бірақ түсінген жанға бұл да геосаясаттың шаруасы екені белгілі. Енді бүгін Нұр-Сұлтан Қазақстандағы ең қазақи қалаға айналуда.
Ел игілігі үшін алда атқаратын біраз жұмыстар бар екенін айтқан Н.Назарбаев алып мемлекеттер келісе алмай жатқан қазіргі уақыт, сауда шиеленісі, санкциялық текетірестер жөнінде ой өрбітіп, Қазақстан үлкен империялардың ортасында тұрған мемлекет ретінде әр уақытта мұқият болуы керектігін атап көрсетті. Бұл тұрғыда елдің тыныштығы арқылы ғана өркендеп-өсуге болатынын тағы бір мәрте қайталады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру