Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Жер – игергенге тиесілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отырғандығына назар аударып, бұл түйткілді шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін еместігін айтты. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген ішінара түгендеу бойынша 16,5 млн гектар жер бос жатыр.

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен конференцияда ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында берілген тапсырмалардың орындалуы туралы айтып берді. Бұл ретте пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік қызметке тарту үшін салада жоспарлы шаралар қабылдана бастағандай.

Бұлардың қатарында кәдеге жаратылмай, игерусіз қалған ауыл шаруашылығы мақсатындағы гектарларды қайтарып алу мерзімдерін қысқарту шарасы қолға алынды. Яғни, егер жер пайдаланылмаса, онда жалға алу келісімшартын біржақты ретте бұзу туралы ұсыныстар енгізілуде. Өйткені, бұл жерлерді тек сот арқылы қайтару үшін 2-3 жыл уақыт кетеді. «Жерді пайдаланушылардың көбі біздің қызметкерлерімізден қашады, тексеру жүргізу қажеттігі туралы хабарламаларды алғысы келмейді. Сондықтан бұл жұмыс автоматтандырылып, азаматтарға СМС хабарламалар келетін болады. Бұл ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге де, біздің қызметкерлерімізге де ыңғайлы деп ойлаймын», – деді сала министрі.
Қазіргі күні пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу бойынша жол картасының жобасы мемлекеттік органдардың қарауында жатыр. Бұдан кейін ол жұртшылық талқылауына ұсынылмақ. Жуырда Сенат «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне АӨК реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, қол қоюға жіберді. Үш жылға жуық уақыт бойы қаралған заң жобасында 13 кодекс пен 29-заңға 800-ден аса түзетулер енгізу қарастырылады. Аталған заң аясында ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесінің тәсілдері өзгертіліп, міндетті сақтандыру­дан ерікті сақтандыруға көшу жүзеге асырылады. Сондай-ақ сақ­тан­дыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын суб­сидиялауға көшу қолға алынады. Әкімдіктер мен кедендік органдардан бақылау-қадағалау функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігіне қайтарылатын болады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің инновация тарту үшін ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бойынша бизнес шығындарының бір бөлігін субсидиялау қарастырылады. Жол картасы аясында ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салық мөлшерін кезең-кезеңмен көтеру жоспарланған. Қазір облыс­тық мәслихаттарға қараусыз жатқан жерлерге салынатын салықты 10 есеге дейін арттыру бойынша құқықтар берілген. Енді осы салық мөлшерін 20-дан 30 есеге дейін арттыру көзделуде. Мысалы, көршілес Ресей салықтың бұл түрін қазір 100 есеге дейін көтеріп отыр.


Жолдауда Президент 2030 жылға қарай кезең-кезеңмен суарылатын жерлер көлемін 3 млн гектарға дейін ұлғайтуды тапсырған болатын. Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығы – негізгі ресурсымыз бола тұра, оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғандығын, ел ішінде, шетелде сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер барын алға тартты. Осы мақсатта аграрлық сала басшысы қолданыстағы 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылға қарай аумағы 610 мың гектар болатын жаңа жерлерді айналымға енгізу көзделгенін хабарлады. «Қазір елімізде 1,4 млн га суармалы жерлер бар. Егер бұған жоспарланған 610 мың гектарды қосатын болсақ, онда 2021 жылға қарай біз 2 млн гектар жерге қол жеткіземіз. Ол үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр», – деді С.Омаров.
Суармалы жерлер көлемін кезең-кезеңмен арттыру бойынша қой­ыл­ған міндетті іске асыру мақса­тында облыстардың әкімдіктері Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қатысуымен жаңа суармалы жерлерді дамыту бойынша жобаларды іске асыру, ирригациялық желілерді салу үшін әлеуетті инвесторларды анықтау бойынша жұмыстарды жандандыруда. Осылайша, 2030 жылға қарай суармалы жерлер ауқымын 3 млн гектарға, ауылшаруашылық өнімдері көлемін 4,5 есеге дейін арттыру қамтамасыз етіледі. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық қолдау түрлері қарастырылған. Сонымен бірге қазір америкалық компаниямен болжалды түрде Павлодар облысында ирригациялық құрылғыларды шығару жөнінде келіссөздер жүр­гізіліп жатыр. Бұл тұрғыда өз елі­мізде ирригациялық құрылғылар өндірісін жолға қою – отандық тауар өндірушілердің осы жабдықты төмен бағамен сатып алуына мүмкіндік туғызатын игі шара болары хақ.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру