Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Жолаушылар тасымалы шығын шектіруде

Басты қаланың «бас ауруы» шешімін таппай-ақ келеді

Басты қала Астана болып тұрғанында да, енді Нұр-Сұлтан атанса да жолаушылар тасымалындағы ескі «бас ауруынан» айыға алмай отыр. Таяу жылдардағы сараланған тариф енгізілгеннен кейін жолаушыларды тасымалдаушылар табысы тіпті 40%-ға артса да, олар өздерінің шығын шегіп отырғандарын айтады.

Қоғамдық көлікті дамыту мә­селелеріне арналған апта ба­сындағы конференцияда Астана LRT компаниясы басқармасының төрағасы Бекмырза Игенбердинов басты қалада сараланған тариф осыдан 14 ай бұрын енгізілгенін еске салып өтті. Алғашқы нәти­желер 10 күннен соң-ақ мәлім болған: азаматтарды қолма-қол емес төлемге ынталандыруға және «көлеңкеден» 15% қаржыны алып шығуға қол жеткізілген. Оның үстіне көліктік карталарды пайдаланатын жолаушылар үлесі (ішінде осы жолдардың авторы да бар) сараланған тариф енгізілген алғашқы күні-ақ бірден 20%-ға артқан. Мысалы, егерде сараланған тарифке дейін орта есеппен күніне жолаушылар 9 млн теңгеден сәл ғана көбірек сомада валидация жасаса, ал оның енгізілген алғашқы он күнінде орташа сома 32 млн теңгені құраған.
«Сөз жоқ, біз үшін тасымалдаушылар табысының 40%-ға дейін артуы – үлкен нәтиже. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2018 жылдың мамыр айындағы автобус парктерінің табысы 1 047,1 теңгені құраған, оның ішінде 75%-ы – жыртып берілетін билеттердің сатылуынан түскені. 2019 жылдың мамырына автопарктердің табысы 40%-дан аса ұлғайып, 1 529,3 млн теңге құраған, соның ішінде қолма-қол төлем үлесі 7%-ды ғана құрапты», – деп атап көрсетті Астана LRT басшысы.
Жалпы алғанда, оның бағала­­уын­ша, жолаушылар тасымалы нарығының көлемі 15 млрд теңге белгісінен асып түскен. Жүйенің орташа бір айлық айналымы бүгінгі күнге 1,3 млрд теңгені құрап отыр немесе айына орта есеппен 20 млн транзакция жасалатын көрінеді.
Автобус парктерінің табыстары артуымен бюджетке салықтардың түсімі де ұлғайған. Мәселен, егер 2017 жылдың бірінші жартысында, сараланған тариф әлі енгізілмеген кезде, барлығы 694 млн теңгеден аса ғана төленсе, ал 2019 жылдың сондай кезеңінде 1 млрд 226 млн теңге түсіпті. Бұл 532 млн теңгеге жуық, немесе 2017 жылмен салыстырғанда, 76,5%-ға артық деген сөз.
Әйтсе де, Нұр-Сұлтан қаласы «№1 автобус паркі» АҚ директоры Нұрмахан Пулатов қазіргі субсидиялар көлемінің жеткіліксіз екенін айтады.
«Әрбір жолаушыдан 66 теңге оған плюс 33 теңге субсидия аламын, барлығы – 99 теңге. Тасымалдаудың іс жүзіндегі өзіндік құны 9 айда 189 теңгені құрады. Айырмасы – қол жеткізілмеген табыс 90 теңге. Ал мұндай қаржылық айырмашылық шығынға әкеп ұрындырады. Ай сайын (рас болса – ред.) 550 млн таза шығын. Айына ауысып отыруды қоса есептегенде 10 млн жолаушы тасымалданады, оның ішінде 16%-ы – жеңілдетілген категория, 8%-ы – айлық жол жүру билеті, 10%-ы – балалар тарифі», – деді ол.
Бекмырза Игенбердинов оны­мен келіседі. Өз кезегінде ол аста­налық жолаушылар көлігінің іс-қимылы көп жылдардан бері шы­ғынды күйде қалып келеді және сараланған тариф те әзірге осы мәселені оңды шешетіндей, еш мүмкіндік бермей отыр.
– Жалпы, қоғамдық көлік, ақша табуға емес, әлеуметтік қажеттіліктерді қамтамасыз етуге арналған құрылым, бұл бүкіл әлемде осындай шығынды және тек мемлекет тарапынан субсидиялар бөлінгенде ғана табысты жұмыс істей алады. Әлеуметтік маңызды бағыттарға қызмет көрсетуге субсидиялар көлемі және жеңілдетілген категориядағы азаматтарды тасымалдау сараланған тарифтер енгізілгенге дейін айқындалған. Ал қазір ЭСОП (қолдау бағадрламасы) пен дәлме-дәл есептеулеріміздің арқасында мұны айқын байқап та отырмыз: осы қызметтерді көрсетудегі тасымалдаушылардың шығындары бұрын белгіленгеннен асып кетті. Қазіргі субсидиялар көлемі жеткіліксіз, – деп түсіндірді ол.
Мысал ретінде Астана LRT басшысы жолақысын электрондық төлеу жүйесі жеңілдетілген категорияға кіретін азаматтардың күніне 80 мың рет жүріп-тұра­тынын көрсетті, деп мәлімдеді. Қалалық билік шығындарды ішінара қаржыландырады. Халықты әлеуметтік қорғау бас­қармасы да қоғамдық көлікте жеңілдетілген категориядағы азаматтарды тасымалдаушылардың шығындарын жылына 1 млрд 300 млн теңге көлемінде ішінара өтейді, ал жүріп-тұруы жеңілдетілгендерді тасымалдаудың нақты шығындары 4 млрд теңгені құрайды екен.
Көліктік карталарды ұстау­шы­ларға тегін ауысып отыруға мүм­кіндік берілген. Күн сайын жолаушылар қаржыландырылмаған (субсидиямен) тегін ауысып отыруларды 90 мыңнан 100 мыңға дейін жүзеге асырады екен.
Шын мәнінде, әрине, әлі де болса жолаушылар мен қала тұрғындары атынан қоғамдық көлікке қатысты айтылар сын әлі де жеткілікті. Дегенмен, еліміздің астанасында жаппай енгізілген сараланған тарифтің тартымды жақтарын да айтпай кетуге болмайды.
Ең бастысы, таң атпай сізбен бірге тұрып, өздеріңізден бұрын жұмысқа кірісетін автобус жүргі­зушілерге – мың да бір алғыс! Әрине, олардың арасында да тым дөрекі, кейде тіпті тынымсыз ай­ғайлап отыратын «ерекшелері» де бар. Сол сияқты ерекше қытымыр кондуктарлар да мазаны алып жатады.
Бірақ, түптеп келгенде, көп қалалардан көш ілгері тәртіп қа­лыптасты басты қаламызда. Кар­точканың алдыңғы есіктен белгілетіп төрге оза беріңіз. Алайда, әсіресе таң ертесімен және жұмыстан қайтқан сәттерде мұның айтарлықтай қиындықтар туғызатыны өкінішті. Басшылар жаңағы конференцияда бұл мәселеге де көңіл бөлеміз деп сендіріп жатты. Демек, жолаушылар тасымалы бұрынғыдан да жақсара түседі деген сөз бұл. Жолаушылар қауымы сіздерден осыны күтеді, құрметті Астана LRT ұжымы.

Иса Қамбар


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру