Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Жер ресурстарын пайдалану: сөз бен іс

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Жапырағын төгілтіп қоңыр күз келген сайын балапанын санайтын шаруа қауым «жыл сайын ауыл шаруашылығына құйылып жатқан миллиардтаған қаржының қайтарымы қандай? Кеңес заманының өзінде «қара құрдым» саналған саланың жай-күйі робот техникасына көше бастаған бүгінде оңалатын түрі бар ма? «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» демекші, қазақтың алтын ұясы – ауылдан неге ел үдере көшіп, айналдырған бес-алты қаланың төңірегін таптауырын қылуда? Алашапқын науқандарды жарыса жарнамалаған жаңалыққа жаны құмар қаламгер қауымның дүкен сөрелерінен отандық өнімді іздеп, пұшайман болғанын көргенде, азық-түліктің көптеген түрлері бойынша жыртығымызды импортпен жауып отырғанымызды статистика деректері айғақтап отырғанда, қынжылмасқа шарамыз жоқ.
Ғасырда бір туатын Баукең, Бауыржан Момыш­ұлы нұсқаған тығырықтан шығудың стратегиялық екі жолының ауыл шаруашылығы үшін ең төтесі – өндірісті интенсивтендіру, яғни жаңа технологияға көшу, энергия тұтынуды кеміту, еңбек өнімділігін арттыру. Жер пайдалану тұрғысынан келгенде бұл шөл егістен көл егіске көшуді, басқаша айтсақ суармалы жерлер көлемін ұлғайтуды білдіреді. Суармалы жер демекші, климаты қуаң, өзен-көлдері тапшы Ырғыз-Торғай өңірінің өзінде негізгі дақыл – тарыны жаз бойы шығырмен суарып, Нұрпейіс Байғанин сияқты даңғайыр диқандардың рекордты өнім жинағанын біліп, естіп өстік. Ағылшын жұртында «жаңа деген – ұмытылған көне» деген мәтел бар, бүгінгі тех­ника көмегімен осы өңірлерде жаңашыл жандар тамшылата суаруды қолға алып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Енді әдетімізше ауыл шаруашылығы статистикасына және бұқаралық ақпарат көздерінің деректеріне жүгінейік. Бүгінде Қазақстанда 1,4 млн га суармалы жерлер бар. 2021 жылға қарай 2 млн га осындай жерге қол жеткізетін көрінеміз. Бұл 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында көзделіпті. 2030 жылға қарай суарылатын жерлер көлемін кезең-кезеңмен 3 млн га дейін ұлғайту жос­парланып отыр. Мұның өзі ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 4,5 есе өсімін қамтамасыз етпек. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық қолдау түрлері қарастырылған. Қазір Павлодар облысында ирригациялық құрылғыларды шығару бойынша шетелдік компаниямен келіссөз жүргізіліп жатыр. Мұндай құрылғыларды Қазақстанның өзінде шығару тауар өндірушілерге осы жабдықты төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік қызметке тарту бойынша Жол картасы әзірленген. Мұның аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салық мөлшерін кезең-кезеңмен көтеру жоспарланған. Қазір облыстық мәслихаттарға пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салықты 10 есеге дейін арттыру бойынша құқықтар берілген, кейіннен осы салық мөлшерін 20 еседен 30 есеге дейін арттыру көзделіп отыр. Мұнымен қоса ауыл шар­уашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жат­қан жерлерді қайтарып алу мерзімдерін қысқарту жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданып, жуырда қол қоюға жіберілді. Заң жобасында республиканың 13 кодексі мен 29 заңына 800-ден аса түзетулер енгізу қарастырылған. Осы заң аясында ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесінің тәсілдері өзгертіледі, атап айтқанда міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу жүзеге асырылады, сондай-ақ сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу қолға алынады. Сонымен қатар кәсіпкерлерді инновацияларды енгізуге тарту үшін ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бойынша бизнес шығындарының бір бөлігін субсидиялау қарастырылады.
Көріп отырғанымыздай, мақсат – биік, жоспар жоғары. Ал, енді осының іске асырылуы қалай болмақ? Сөз бен іс алшақтамасы үшін не істеуіміз керек? Тағы да нақты дәйекке жүгінейік. Газетіміздің осы жылғы мамыр айындағы санында кезінде өзім еңбек еткен Алматы облысында суармалы жерлердің қайтадан айналымға қосыла бастауы туралы жазған болатынмын. Облыс әкімі Амандық Баталов аумақтағы ирригациялық желілерді қалпына келтіруді 2-3 жыл бұрын қолға алған. Соның нәтижесінде биыл 25 мың гектар суармалы жер айналымға қосылған. Жалпы өңірдегі суару жүйелеріне толық түгендеу жүргізіліп, қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінген. Жетісу өңірі – отандық ауыл шаруашылығы саласындағы өнімнің 20 пайызға жуығын беретін аграрлы аймақ. Жуырда баспасөз атаулы өңірде қызылшадан мол өнім алынып, қайта құрылған Ақсу, Көксу, Алакөл қант зауыттарына жіберіліп жатқаны, жүгері түсімі жақсы болғаны жайлы жарыса хабарлады. Облыс қаламгерлері жазылған жайға қайта-қайта оралып, қаржының қайтарымын, уәденің орындалуын бақылауда ұстайтынын байқап жүрміз. Ауыл шаруашылығы, жалпы экономика саласындағы жоба-жоспарлардың қағаз жүзінде қалмай, мерзімінде іске асуына бәріміз мүдделіміз. Бұл орайда жаңалыққа жаршы болумен қатар, сөз бен істің алшақтамауын қас қақпай қадағалауға тиісті қалам қайраткерлеріне жүктелер міндет мол.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру