Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Коммуникация – заман талабы

Сәкен Балбаев

Жиырма бірінші ғасырда тілімізге нарықтық қатынастармен бірге жаңа экономикалық болмысты бейнелейтін аталымдар мен түсініктер дендеп енді, солардың жуан ортасындағы коммуникация, инвестиция, логистика, биржа ұғымдары бүгінде сөздік қорымыздан ойып тұрып орын алды. Мұның бір жағынан тілді ықшамдауға да септігі болды, мәселен кезінде «байланыс», «қарым-қатынас», «араласу», «сөйлесу» сияқты бірнеше сөзбен бейнеленген ұғымды қазір көп ойланып жатпай-ақ «коммуникация» дей саламыз. Осы мысалдан көрініп-ақ тұрғанындай, коммуникация – көп қырлы ұғым. Оның бір парасы көлік, қатынас жолдары, телефон-телеграф, кітап баспасы сияқты қазіргі экономика мен әлеуметтік салаға қатысты түсініктерді қамтыса, келесі бөлігі теледидар, радио, бұқаралық ақпарат құралдары сынды ақпарат арналарын ауқымына алып, тіпті журналистика, психология, тілтану тектес ғылым бағыттарына да «ауыз салады». Ал енді қоғамдық өміріміздің сан алуан өрістерін бір түсінік аясына сыйғызып, әңгімемізге өзек болып отырған осынау терминіміз бүгінде экономикалық және саяси-әлеуметтік үдерістердің ажырамас бөлшегі – ағылшын тіліндегі мағынасы бойынша PR деп аталып жүрген қоғаммен, жұртшылықпен байланыс ұғымынан көрінісі табады десек, асыра айтпаспыз.

Сұхбаттасымыз, ақпараттық бизнес майталманы, консалтингтік PG Communications агенттігі бас дирек­­торының орынбасары әрі Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев мырза елімізде коммуникациялық менеджменттің қалыптасуы мен дамуы хақында ой тербетеді.
– Сәкен мырза, тақырыпқа тамызық ретінде Қазақстанда жұртшылықпен байланыстың туындау төркініне үңіле кетсеңіз…
– Өркениет көшіне ілескен елі­мізде қоғаммен, жұртшылықпен бай­ланыстың кәсіби қызмет саласы ретінде пайда болуына әлеуметтік қатынастардың дамуы, азаматтық қоғам институттарының, нарықтық экономика тетіктерінің өмірге келуі түрткі болды. Осы арқылы экономикалық және саяси салаларда бой көрсеткен мүдделерді ескеріп отыру мүмкіндігі туындады. Жұртшылықпен байланыс демократиялық қоғамның басты белгілерінің бірі болып табылады. Тоталитарлық елдерде, атап айтқанда бұрынғы Кеңестер одағында ақпарат тарату қатаң түрде жүзеге асырылып, ел пікірі елеп-ескерілмегендіктен, жұртшылықпен байланысқа да қоғам тарапынан қажеттілік болған жоқ. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде, соның ішінде біздің Қазақстанда қоғаммен байланыстың әлеуметтік институт ретінде орнығуы империя ыдырап, «темір қорған» құлаған кезеңнен бастау алады. Осы кезеңде билік пен азаматтық қоғам арасында өзара тиімді сұхбат орнатуға мүмкіндік беретін саяси технологияларға қажеттілік пайда болды. Қоғаммен байланыстың алғашқы қарлығашы – ел президентінің бас­пасөз қызметі 1990 жылы құрылды. Кейіннен Үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың, ірі банктер мен компаниялардың, облыстық әкімдіктердің баспасөз қызметтері өмірге келді. Бүгінгі таңда барлық дерлік мекемелер мен ұйымдардың қоғаммен байланыс құрылымдары жасақталған, шағын ұжымдардың өзінде осы атқарымдарды жүзеге асыратын мамандар бар. Бұл ма­ман­дықтың бүгінде имиджмейкинг, брендинг, медиа-рилейшнз, жанжал-кикілжіңдерді реттеу, лоббилік қыз­мет, кеңесшілік сияқты түрлері қа­­лып­тасты.
– Жұртшылықпен байланыс жөнін­дегі тұңғыш қоғамдық бірлестіктер мен Клубтардың құрылу тарихын әңгімеге арқау қылсаңыз…
– Кәсіби PR нарығын дамытуға жәрдемдесу мақсатымен осы кезеңде Қазақстан Республикасының Қоғам­мен байланыс жөніндегі ұлттық Ассоциациясы және қоғаммен байланыс бойынша кәсіби мамандардың «PR-шы» Клубы сияқты алғашқы қоғамдық бірлестіктері пайда болды. Тілге тиек етіліп отырған Ассоциация бизнес, ақпарат нарығында кәсіби қызмет көрсететін бірнеше компанияның бастамасы бойынша 2001 жылы құрылды. Оның құрылтайшылары заңды тұлғалар болып табылады. Қазіргі таңда Ассоциация мүшелері қатарына бірқатар әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер, коммуникативтік менеджмент агенттіктері, коммуникациялық топтар кіреді. Негізгі мақсаты елімізде кәсіби PR индустриясын қалыптастырып, дамыту болып табылатын ұлттық Ассоциация өз іс-әрекеті арқылы Қазақстанда азаматтық қоғам орнату үдерісіне сүбелі үлес қосып келеді. Аталған Ассоциация қоғаммен байланыс агенттіктері, сондай-ақ корпоратив­тік PR-мамандары арасындағы өзара қарым-қатынастарды дамытып, кәсіби этика стандарттарын енгізу, мемлекетпен және жоғары оқу орындарымен өзара байланыста болу, сала мүдделерін бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдарда қолдап, қорғау, бизнес қауымдастығымен қарым-қатынас жасау, ел имиджін арттыруға жәрдем­десу мақсатын көздейді.
Қаз тұрып, қалыптасқанына ширек ғасырға жуық уақыт болған Қазақстанның қоғаммен байланыс нарығы бүгінде кәсіби деңгейге көтерілді. Ассоциация мүшелері 2008 жылы Қазақстан Республикасының қоғаммен байланыс саласындағы кодексін қабыл­дады. Кодекс мақ­са­ты – қоғам­мен байланыс нарығы­ның негізгі ойыншылары ұстануға міндетті этика­лық және кәсіби бағ­дарларды бел­гілеу болып табылады. Бүгінде еліміздің жұртшылықпен байланыс құрылымдары мен мамандары өз қызметінде осы бағытты берік ұстанып келеді. Еліміздің PR мамандарының алғашқы кәсіби бірлестігі «PR-шы» Клубының құ­рыл­ғанына жуықта 18 жыл толып, кәмелетке жетпек. Клубтың Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында филиалдары бар. Өзге өңірлердегі әріптестеріміз де өз алдына отау тігуге ұтмтылып отыр. Есею кезеңіне аяқ басқан Клубтың атқарған шаруалары жеткілікті. Ұлттық Ассоциация мүшелерімен бірлесе отырып, Клуб мамыр айындағы дәстүрлі PR-форумды 16 жылдан және студенттік жұмыстардың «Бозқараған» атты байқауын 18 жылдан бері өткізіп келеді. Сондай-ақ «PR маусымы» мерекесін де өз деңгейінде ұйымдас­­тыру үстінде, оған пиаршы мамандар, журналистер, өзге де мамандық өкілдері қатысып, іскерлік байланыстар орнатуда. Клубтың атап өтуге тұрарлық тағы бір бастамасы топ­­тан озған ұжымдарға берілетін рес­­пуб­­ликалық «Ақ мерген» сыйлығы дер едім. Сонымен қатар жуырда жа­­рық көрген PR-кейстер топтамасы Клуб мүшелерінің есею мерекесіне ар­­нал­­­ған сый тартуы болып табылады.
– «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, енді өзіңізге жақсы таныс Қазақстан Баспасөз клубының қыз­метіне және болашақ пиаршылар тәр­бие­сіне аз-кем тоқталып өтсеңіз…
– Дуалы ауыздардың пікіріне сәйкес қоғаммен байланыстың бас­ты буындарының біріне өзіндік жүйе, әлеуметтік институт ретінде бой тіктеген PR агенттіктері жатады. 1990 жылдардың орта тұсында Қазақстан және Ұлттық баспасөз клуб­тары құрылып, олар жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарын жалғастырған алтын көпірге айналды. Коммуникация нарығында 1994 жылдан бері жұмыс істейтін Қазақстан Баспасөз клубы Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық Ассоциация мен «PR-шы» Клубының, Халықаралық PR-Форум құрылтайшыларының бірі болып табылады. Клуб қоғаммен байланыс мамандары мен журналистерге, топ-менеджерлерге арнап тренингтер мен коучинг, студенттерге үшін шеберлік сыныптарын жүргізуде, бұқаралық ақпарат құралдарына арнап сарапшылық және талдамалық материалдар ұсынуда. Сондай-ақ осы ретте Клубтың IPRA қоғаммен байланыс Халықаралық Ассоциациясына және Халықаралық Баспасөз клубтары Ассоциациясына мүше екендігін де атап өткеніміз жөн. Клуб президенті, белгілі қоғаммен байланыс маманы Әсел Қарауылова ханым IPRA-ның қазақстандық тұңғыш мүшесі болып табылады.
Сөз соңында еліміздегі PR-білім тарихына тоқталып өтейін. Жоғары оқу орындарында «қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша кадр даярлау ісі субъективті себептерге байланысты 2004 жылы доғарылып, ұлттық Ассоциацияның, белгілі ға­лым­дар мен мамандардың тікелей араласуымен 2009 жылы Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім классификаторына бакалавриат, магистратура және бүгінде докторантура мамандығы ретінде енгізілгенін еске сала кеткеніміз артық болмас. Бұл мамандық бойынша білімін тереңдеткен түлектер еліміздің жа­ғым­ды инновациялық бет-бейнесін қалыптастыру мүмкіндігіне ие болуда. Олар қазіргі таңда еліміздің бәсекелестік артықшылықтарын әлемдік деңгейде насихаттаудың қыр-сырын үйрену үстінде.
Ұлттық Ассоциацияның мерейлі міндеттерінің бірі де осы өскелең ұрпақ тәрбиесі болып табылады.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Жетпісбай Бекболатұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру