Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді

Алматы облысының Жансүгіров кентінде жыр жампозы, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай туған жерінде 5 метрлік еңселі ескерткіші орнатылды.

Дүбірлі тойдың беташары болған салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, меценат Жақсылық Үшкемпіров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек және бірқатар қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, аудан халқы қатысты.
Ескерткіштің шымылдығы түсіріліп, ақынға тағзым шаралары атқарылғаннан кейін сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов дүбірлі тойдың басталуымен барша қауымды құттықтады. «Бүгін туған жерінің төрінен Ілияс ақынға арналып еңселі ескерткіші орнатылып отыр. Бұл – елінің тарлан талантқа деген құрметі, ерен ерге деген тағзымы деп білеміз. Ақын шығармаларынан Құлагердің дүбірі, даланың жыры, қобыздың үні, домбыраның күмбірі есіп тұрады. Осы даналық ізі, ұлылық биігі – ұрпақтың ойына қуат, бойына нәр беретін баға жетпес байлық. Бұл орайда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы әлеуметтік-мәдени салалардың тың серпінмен дамуына ерекше ықпал етіп отыр. Меценаттардың эко­номиканың басқа салаларымен қатар, мәдениетке қол­дау көрсетуі руханиятқа қыз­мет еткені деп түсінеміз. Әсіресе, кәсіпкер азаматтар бағдар­ламаны жүзеге асыруға, туған жерін көркейтуге белсене атсалысып келеді. Бүгінгі шара – соның айқын көрінісі», – деп атап өтті.
Ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы қазақ­тың маң­дайына біткен үш арысы – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің бөлінбейтін үш тұғыр екендігін еске сала отырып, бұл мерей­тойдың ілиястану саласына тың серпін, жаңа бір тынысын ашып бергенін айтты. Ақынның 20 томдығын шығару, «Ілияс ізімен» экспедиция құрып, Мәскеуге сапарын ұйымдастыру шараларына қолдау көрсеткен, мерейтойдың кең көлемде, жоғары деңгей­де өтуіне мұрындық болған облыс басшылығына көптің атынан ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар төл пер­зен­тіміздің тойы деп бар ықы­лас-пейілдерін танытқан ақсу­лықтарға да шын көңілден алғыс айтты. Сондай-ақ ақынның тойы бұдан әрі Талдықорғанда, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалала­рында және ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Түркияда өтетінін қуанышпен жеткізді.
Ескерткіш алдында ақын тойына жолдаған Мем­ле­кеттік хатшы Қырымбек Кө­шербаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың құттықтау телеграммалары оқылды. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып алаш арысының тұғырына қайта қонған тарихи күні екенін айта келіп, ақынға өлең арнады. Ал жетісулық ардагер, Алматы облысының құрметті азаматы, қарымды қайраткер Наурыз Қылышбаев ақынның «Жетерміз бе тілекке» атты өлеңін тағдырымен ұштастыра отырып оқып, мұрасының мәңгілік екенін атап өтті. Қы­зылжар өлкесінен арнайы келген Бейімбет Май­линнің немересі Дәмен Әбіл­қасымқызы да сөз алып, кезек-кезегімен тұтқындалып кеткен үш арыстың артында қалған жұбайларының бір-бірінің балаларына қалай қамқорлық танытқаны, қиын сәттерде бір-біріне сүйеу, демеу бола білгені туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Бұдан әрі той Жансүгіров кентіндегі орталық стадионда театрландырылған шарамен жалғасты. Осы ортада көпшілікке жылы лебізін білдірген облыс әкімі Амандық Баталов облыстағы руханият саласында, тарихты тану бағытында атқарылып жатқан шараларға қысқаша тоқта­лып өтті. Күні кеше Қарасай батырға еңселі ескерткіш қойылса, бүгін Ілияс ақынның аты ардақталып, граниттен құйылған мүсінінің тұғырға қонғанын тілге тиек етті. Ақсу өңіріндегі экономикалық, рухани ілгерілеушіліктерді билік пен халық әрдайым бірлесіп атқарып отырғанын да айтты. Алдағы уақытта да елдің берекесімен, көптің көмегімен бұдан да ауқымды істер атқарылатындығына сенім білдірді. Осы сахнада ілиястанушы ғалымдар Мұратбек Иманғазинов пен Кәмилә Қоқымованың ақынның өмірі мен шығар­машылығына қатысты архив деректері бойынша дайындалған зерттеу кітапта­рының тұсауы кесілді.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру