Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Авиация алдындағы асулар

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында азаматтық авиацияны дамыту мен әуе билеттерінің бағасын төмендету мәселелері қаралды. Сондай-ақ жиында атаулы әлеуметтік көмек беруді жетілдірудің жаңа тәсілдері ұсынылды.

Азаматтық авиация саласын дамыту мен әуе билеттерінің бағасын төмендету шаралары жөнінде баяндаған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұловтың дерегінше, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша қызмет көрсетілген жолаушылар саны 6,3%-ке өсті, 5,6 млн жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың ұқсас көрсеткішінен 1,8%-ке артық. Жалпы елімізде 59 авиакомпания жұмыс істейді. 9 қазақстандық авиакомпанияның Еуропалық одақ елдеріне ұшуға рұқсаты бар. Ішкі нарықта 8 қазақстандық авиакомпания 54 маршрут бойынша ұшуды орындайды. Әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде 893 әуе кемесі тіркелген. Бүгінде ИКАО стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігі деңгейі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында 74% көрсеткішпен II-ші орынды иеленеді, әуежайлардың қауіпсіздік деңгейі – 83%. Жалпы әуе кемелері паркінің өсуі мен жаңаруы, сондай-ақ ұшу қарқынының ұлғаюы байқалады. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап мемлекет 100% қатысатын «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамы жұмыс істей бастады. Аталған ұйымның негізгі функциялары – авиакомпаниялар мен әуе кемелерін техникалық бақылау және қадағалау, ИКАО стандарттарына сәйкес персоналды оқыту.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, азаматтық авиация саласындағы проблема­лық мәселелердің бірі – авиабилет құнының жоғары болуы, ол өз кезегінде әуе тасымалдарына баға белгілеу, авиаотын және жолаушылар ағынының деңгейі сияқты факторлармен байланысты. «Қазіргі уақытта авиабилет құны негізінен баға белгілеу­дің нарықтық және динамикалық меха­низмі (бәсекелестік, сұраныс, маусымдық, мереке және демалыс күндері) негізінде қалыптасады. Мемлекет мұны тікелей реттемейді және тек авиакомпаниялар үшін бәсекеге қабілетті жағдайлар жасайды. Бәсекенің арқасында ғана біз авиабилет құнын төмендетеміз. Мемлекет өз кезегінде нарыққа тиісті қадағалау мен бақылауды жүзеге асыруы тиіс. Сондықтан осы проблеманы шешу үшін министрлік бірқатар шаралар қабылдауда», – деді сала басшысы. Осы қадамдарға – ішкі бағыттар бойынша қазақстандық авиакомпаниялардың тұрақты жолаушылар рейстерін орындауына барлық шектеулерді алып тастау, алғашқы ұлттық лоукостер Fly Arystan-ды іске қосу, тікелей өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін авиаотынды жеткізу тізбегін оңтайландыру, Нұр-Сұлтан қаласында «ашық аспан» режимін енгізу, барлық шетелдік авиакомпанияларға жетекші қаржы орталықтарына ұшуды орындау үшін бесінші әуе еркіндігін ұсыну, әуежайларда әуе кемелері мен жолаушыларға қызмет көрсетудің әлемдік стандарттарын енгізу, транзиттік жолаушылар ағынын ұлғайту бойынша жұмыстарды жүргізу бар.
Азаматтық авиация саласы үшін отандық білікті кадрларды даяр­­лау мәселесіне келсек, бүгінгі таң­да елімізде жалғыз оқу орны – Аза­­мат­­тық авиация академиясының қабырғасында жыл сайын 400-ден астам маман даярланып шығады. Осы ретте министрліктің жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша жоспарына сәйкес Азаматтық авиация академиясы дамытылмақ. Сондай-ақ алдағы жылы сала бойынша барлық қолданыстағы оқу орындары шоғырландырылып, еуропалық стандарттарға сәйкес келетін азамат­тық авиация саласындағы оқу орта­лығы құрылатын болады.
Премьер-министр келесі жылы Шанхай мен Сингапурға рейс ашу бойынша жұмысты жалғастыруды, Нью-Йоркке ұшу үшін отандық авиакомпанияларды аккредиттеу рәсімін аяқтауды, осы жылдың соңына дейін Қостанай және Балқаш әуежайларының ұшу-қону жолағының реконструкциясын, сондай-ақ белгіленген мерзімде Түркістандағы әуежай құрылысы мен Шымкенттегі терминал құрылысын аяқтауды, өңірлерде шағын авиация мен аэродромдарды дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеу мен қабылдауды жеделдетуді тапсырды.
А.Мамин отандық әуежайларда шетелдік авиакомпаниялар үшін жаңа бағыттарды көбейтуге, авиакомпаниялар арасындағы бәсе­келестікті арттыруға мүмкіндік бере­­тін «ашық аспан» режимін ұсыну жұмысын белсенді жүргізуді тапсырды. Бұл тиісінше авиабилет құны­­ның төмендеуіне әсер етеді. Билет бағасының 20%-тен астамын авиа­­отын шығыстары құрайтыны белгілі, сондықтан ұлттық экономика, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлік­теріне авиакеросинге баға белгілеу мәселесін пысықтау тапсырылды. Ал «Самұрық-Қазына» қорына 2020 жылы мемлекеттік холдингтің басқаруындағы авиакомпаниялардың әуе кемелері паркін ұлғайту мен олардың ұшу географиясын кеңейтуді қамтамасыз ету жүктелді.
Жиында қаралған тағы бір өзекті мәселе – атаулы әлеуметтік көмек ұсынуды жетілдіру шаралары. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, қолданыстағы АӘК төлеу критерийлерін өзгерту оның айқындығын, әділдігін және еңбекке ынтаны қамтамасыз етуге, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізуге бағытталған.
Үкімет басшысы қаралған мәсе­ленің маңыздылығына назар аударып: «Халықты әлеуметтік қолдау тетіктері жүйелі түрде жетілдіріледі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, көмек көрсету тетігі ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Азаматтарымыз көмекке мұқтаж адамдардың бәрі – аз қамтылғандар, көп балалы отбасылар мен балалар мемлекеттің қорғауында болғанын және солай қалатынын білуі керек. Жұмыс істей алатындарға – оқып, мамандық алуға, жеке кәсіп ашуға, жұмысқа орналасуға барлық жағдай жасалуда», – деп атап көрсетті.
Осы ретте А.Мамин Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігіне әкімдіктермен бірлесіп, өңір­лерде АӘК берудің жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын ұйым­дастыруды, қазан айының соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке ұсынуды, ал өңірлердің әкімдеріне АӘК ұсыну бойынша түзетілген шаралардың нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру