Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Қазақстан – Германия: Жаңа мүмкіндіктер

Герман-қазақстандық экономикалық форумның мінберінен ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5-6 желтоқсандағы алғашқы ресми сапары туралы жарияланды. Берлинде өткен бұл аса маңызды экономикалық шарада неміс инвесторлары үшін жаңа табысты келешек туралы әңгіме өрбіді және бұл Қазақстан мемлекеті басшысының алдағы ГФР-ға сапарының бастамасы болып табылды, дейді DW басылымының сайтынан.

Неміс бизнесі соңғы уақытта Қазақстанға бұрынғыдан өсе түс­кен қызығушылық танытуда, ал ағымдағы кезең мұндағы қарым-қатынасты кеңейте түсуге айрықша табысты деп есептейді. Еуропалық қайта құру және даму банкінің болжамы бойынша, қазақстандық ІЖӨ өсімінің қарқыны ағымдағы жылы 3,5%-ды құрайды және келесі жылы да осынша болмақ.
«Сөйтіп, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың экономика­лық дамуының локомотиві және солай болып қала береді де», – деп мә­лімдеді форумды ашу салтанатында Неміс экономикасы Шығыс комитеті президиумының мүшесі Манфред Грундке.
Герман-қазақстандық тауарайналымы бірінші жартыжылдықта 2,7 млрд евроға жеткен. Бұл – Герма­ния­ның бүкіл орталықазиялық аймақ елде­рімен саудасының 80%-дан астамы, – деп атап көрсетеді Грундке мырза.
Ол өз сөзінде маусым айынан бастап қазақстандық және неміс кәсіпорындары арасында «Гермес» жүйесі бойынша мәміле­лерге неміс мемлекеттік кепілдеме­сін қалпына келтіру – екіжақты сауда-экономикалық қарым-қаты­настарды одан әрі күшейтуге жағдай туғызады, деп сенім білдірді. 2008 жылғы қар­жылық дағдарыстың салдарынан төлеуге шамасы жоқ болып қалған қазақстандық БТА банктің келеңсіз жағдайынан соң, Германия мұндай кепілдікті тоқ­­татып тастаған болатын.
Қазақстандық нарықта бас­талған әртараптандыру, жаң­ғырту және Қазақстан экономиканың шикі­­­затқа бағдарлануынан бір­тіндеп бас тартуы, тағы да – қытайлық One Belt, One Road («Бір белдеу, бір жол») бастамасына қатысуынан – неміс іскер топтары өздеріне қосымша мүмкіндіктер ашылғанын айтады.
2013 жылдан бері, М. Грундкенің мәліметтерінше, шамамен 60 елдегі қытайлық инвестициялардың көлемі 300 млрд доллардан асып түскен.
– «Жаңа жібек жолының» ай­тар­лықтай бөлігі «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асырудағы түйінді әріптес болып табылатын Қазақстан арқылы өтеді, – деп мәлімдеді Берлинде қазақстандық үкіметтің вице-премьері Роман Скляр.
Қазіргі уақытта Қазақстанның территориясымен 5 темір жол және 6 халықаралық автомобиль бағыттары өтіп жатыр, деп атап айтты ол. Мұндай көлік дәлізі, оның мәлімдеуінше, Азиядан Еуропаға немесе кері бағытта тауарларды 10-12 күнде жеткізе алады, ал бұл теңізбен тасымалдағанға қарағанда үш есе жылдам.

«2010 жылы еліміз арқылы тек 3,5 мың контейнер транзиттік жолмен тасымалданса, өткен жылдың қорытындысында – 537 мың жүк контейнері тасымалданыпты», – деп мысал келтіреді Р. Скляр транзит пен логистика өсімін тілге тиек етіп.
«Жаңа жібек жолы» бойында жаңа өндірістір пайда болуда, сондықтан да Скляр мырза неміс бизнесін көліктік дәлізге экономикалық сипат беріп өзгертуге үндейді.
Неміс фирмаларының әлеует­ті инвестицияларының көп үміт күт­тіретін тағы бір бағыты ретін­де, Нұр-Сұлтан өз тарапынан ай­рық­­ша жеңілдік жағдайын – кең ау­қымды жеке­ше­лен­діруге қатысу­ды ұсынбақшы. ҚР вице-премьері таяудағы жылдары «Қазақ­телеком», Air Astana, «Қаз­МұнайГаз», «Қаз­пошта» сияқты ірі мем­­­лекеттік компанияларды IPO-ға шы­ғару жоспарланып отырғанын айтты.
«Қазір Қазақстан нарығында неміс капиталымен 900-ге жуық фирмалар іс жүргізуде, олардың ішінде Siemens, Daimler, Tyssenkrupp, Knauf, Bayer, BASF, Bosch, Linde сияқты ірі компаниялар бар. Орталық Азия аймағындағы барлық тікелей шетелдік инвестициялардың 73%-ы Қазақстанда шоғырланған», – деп атап көрсетті қазақстандық үкімет бақылауындағы «Самұрық-Қазына» қорының өкілі Ләззат Боранқұлова.
Қазақстан шетелдік инвесторлар­ға бизнеске көрсетіп отырған жақсы жағдайларымен тартымды: Дүниежү­зілік банктің Doing Business рейтин­гінде Қазақстан – Германия мен Канададан онша көп емес кейін қалса да, Түркия, Франция мен Жапониядан озық – 28-ші орында тұр.
Л.Боранқұлова Қазақстанның бәсекелік артықшылығына оның стратегиялық тиімді жағрафиялық орналасуын да атап көрсетеді.
«Мұндай орналасуымызды пайдалана отырып, ықтимал инвесторлар 500 миллионнан астам тұтынушысы бар аймақтық нарықтарға қолдары жетімді болады», – деп түсіндіреді ол.
Ал бұл, қытайлық нарықты есеп­те­мегеннің өзінде, Р.Склярдың бағалауынша, «іс жүзінде шексіз» сауда алаңына қолжетімділік болмақ, деп түйіндейді DW неміс басылымы.
Ал, ҚР Үкіметі Баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, форумға екі елдің іскерлік орталарының 200-ден астам өкілдері қатысты. Форум шеңберінде инвестициялық және сауда-экономикалық салаларының перспективті жобалары қаралды, неміс компанияларымен жалпы сомасы шамамен $700 млн-ға инвес­тициялық жобаларды іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұдан өзге, LindeGas, SMS Group, CLAAS Group сияқты және тағы басқа компаниялармен ынтымақтастық перспективалары талқыланған.
Қазақстан-герман қатынас­та­рының маңызды кезеңдерінің бірі, бұл – Қазақстан мен Германияның саяси, экономикалық және сарапшылық орталарының өкілдері үшін формальды емес алаң ретінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық жө­ніндегі үкіметаралық жұмыс тобы, Стратегиялық ынты­мақ­тастық жө­ніндегі Қазақстан-герман Іскерлік кеңесі, сондай-ақ Берлин Еуразиялық Клубы сияқты құры­лым­дардың ашылуы мен белсенді жұмысы.
Сөзін қорытындылай келе Роман Скляр неміс бизнесі үшін біздің ел Орталық Азиядағы сенімді серіктес екенін атап өтті. Бүгін Қазақстан бизнес жүргізу үшін ең қолайлы шарттар ұсынады, себебі бизнесмендердің барлық бастамалары мемлекет пен Үкіметтің тарапынан үнемі қолдау табады, делінген баспасөз хабарламасында.
Суреттер www.dw.com сайтынан алынды.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру