Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Мемлекеттік қолдау мұқтаж адамдарға бағытталуы тиіс

Мемлекеттік жәрдемақы енді көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан беріледі. Бұл туралы дүйсенбідегі үкімет отырысында әлеуметтік қолдау шараларының кешенді тәсілі мен атаулы сипатын қабылдау қарастырылған заң жобасын таныстыру барысында салалық ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты. Жаңа заң жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Әлеуметтік қамқорлық»  қолдау шараларының дәйекті жалғасы және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен 7 қазандағы үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдың бірінші қаңтарынан атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тетіктері іске қосылатынын хабарлады. Осы тұрғыда әзірленген заң жобасының басты мақсаты – еңбекке ынталандыру, азамат­тардың табыстарын және мем­лекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қа­тысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету.
Биыл 1 сәуірден бастап кедейлік шегі 50%-дан 70%-ға дейін өсті (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін), сондай-ақ табысы төмен отбасының әрбір баласына атаулы әлеуметтік көмек нақты 20 789 теңге мөлшерінде белгіленді. Сонымен қатар, шартсыз ақшалай көмекті тағайындау мерзімі 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек 6 айдан 12 айға дейін ұзартылған-ды. Ағымдағы жылдың өткен тоғыз айы ішінде атаулы әлеуметтік көмек 417 мың отбасыға тағайындалған, бұл 2,1 млн адам. Оның орташа мөлшері 2,5 есеге ұлғайтылады.
Министр атап өткендей, қол­да­ныстағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тетігі оң әрі теріс фактілерге ие. Өкінішке орай, же­ке­леген азаматтар атаулы әлеу­меттік көмектің кеңейтілген мүм­кін­діктерін теріс пайдаланған фактілер орын алған. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде 73 мыңнан астам отбасы өз табыстарын жасырып, атаулы әлеуметтік көмектің заңсыз берілгені анықталған.
Министрдің дерегі бойынша, атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 60 пайыздан астамы көпбалалы отбасылардан шыққан. Осыған байланысты жаңа заң жобасында атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар құрамынан балаларды шығарып, оларға табысқа қарамастан мемлекеттік жәрдемақы беру ұсынылады. Ол балалардың санына қарай 42 500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған мөлшерде белгіленді. Бұл көпбалалы аналардың беде­лін көтеру, олардың әл-ауқа­тын арттыра түсу жолындағы нақты қадам болмақ. «Атаулы әлеуметтік көмек төлеу тетіктерін өзгертетін заң жоба­сында ұсы­нылған шаралар кешенді түрде қаралуы қажет. Сон­дықтан жаңа ұстанымдар көп­балалы аналарды қолдауды, жаң­артылған атаулы әлеуметтік кө­мекті, кепілді әлеу­меттік топтаманы қамтитын болады», – деді ол.
Заң жобасында қарастырыл­ғандай, атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға тағайындалуы тиіс. Осы­ған байланысты атаулы әлеумет­тік көмектің тоқсан сайынғы тағайын­дау тәртібін қайтару және тиі­сін­ше шартты және шартсыз кө­мекті үш айға тағайындау ұсыны­лады.
Министрдің пайымдауынша, бұл бір жағынан атаулы әлеуметтік көмек алушылардың өз табысын жасыру мүмкіндігін барынша азайтады. Екінші жағынан, көмекті тағайындау тәртібі әділ болады. Өйткені отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады, яғни атаулы әлеуметтік көмекті тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшері ұлғаюы мүмкін. Барлық отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек орта табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төле­нетін болады.

Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылатын болады.
Сондай-ақ бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қаты­су құқығын беру ұсы­нылып отыр.
Сонымен қатар учаскелік комиссиялар жұмысын күшейту қажеттігі атап өтілді. Атаулы әлеуметтік көмек беруге мұқтаж емес отбасыларға АӘК тағайындаудан бас тарту негіздерін толықтыру ұсы­нылады. «Атаулы әлеуметтік көмекке үміткер отбасылар санының артуы, қоғамдық негізде жұмыс істейтін учас­келік комиссиялардың жұмы­сына әсер еткенін мойындау керек. Сондықтан учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау үшін мерзімді үш күннен жеті күнге дейін арттыруды ұсынамыз», – деді Біржан Нұрымбетов.


Мемлекеттік атаулы көмек туралы заңды табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтаманы енгізумен кеңейту ұсынылады.
Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етілетін болады. Ал, оқушыларды мектептерде тегін ыстық тамақпен, қалалық қоғамдық көлікте күнделікті тегін жол жүрумен, сондай-ақ мектеп формасы және оқу құралдарымен мемлекет есебінен қамтамасыз ету көзделеді.
Осылайша атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы тетігі түзетілетін болады. Көпбалалы отбасылар мемлекеттің қамқор­лығында болды және солай қала бермек. «АӘК – бұл уақытша қолдау. Отбасының әл-ауқаты үшін жауапкершілік мемлекетпен қатар, еңбекке жарамды отбасы мүшелеріне де жүктелуі керек. Аталған заң жобасы аз қамтылған азаматтарға атаулы, ашық және әділ көмек көрсетуді қамтамасыз етуі, еңбек етуге, жұмысқа ынталандыруы тиіс. Осының нәти­жесінде мемлекет тек мұқтаж адамдарға көмектесетін болады», – деп түйіндеді министр.
Үкімет басшысы Асқар Мамин қаралып отырған мәселенің маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. Мемлекет бірінші кезекте балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектесетін болады. «Біз халықты әлеуметтік қолдау тәсілдерін жетілдірудеміз. Осы бағытта үлкен жұмыс атқа­рылуда және бұл мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше бақылауында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, АӘК көрсету тетігі ашық әрі әділетті болуы, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Әлемнің кез келген елінде азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесі ең мұқтаж адамдарға ғана бағытталады. Ашықтық қағидаттарға және оңай қол жеткізуге, еңбек етуге жарамды жастағы азаматтардың жұмыспен қамту шараларына қатысуына негізделеді», – деді премьер-министр.
Асқар Мамин осы тұрғыда ең­бек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ұсынған жаңа тәсілдер жалпы қабылданған стандарттарға сай келетіндігін айтты. Ұсынылған шаралардың мағынасын халыққа дұрыс жет­кізудің маңыздылығын ескерт­ті. «Азаматтарымыз көмекке мұқтаж адамдардың бәрі – аз қамтылғандар, көп балалы отбасылар мен балалар мемлекеттің қорғауында болғанын және солай қалатынын білуі керек. Еңбек етуге қабылетті жастағы азаматтарға – оқып, қайта даярлықтан өтуге, мамандық алуға, жеке кәсіп ашу­ға, жұмысқа орналасуға барлық жағдай жасалып жатыр», – деп атап өтті бас министр.
Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне әкімдіктермен бір­лесіп, өңірлерде АӘК берудің жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды, заң жобасын қазан айының соңына дейін Парламентке ұсынуды, ал облыс басшыларына АӘК ұсыну бойынша түзетілген шаралардың нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру