Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Ер есімі ұмытылмайды

Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының Өтеген ауылында әйгілі батыр Өтеген Өтеғұлұлының туылғанына 320 жылдығына орай дүбірлі той өтті. Шара алдымен аудан орталығындағы Өтеген батыр ескерткішінің ашылуымен бас­талды. Ескерткіш алдына гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін, барша жұрт іргедегі «Өтеген батыр» атындағы аудандық мәдениет үйіне бет алды. Оның кіреберісінде батырдың Абылай ханнан әкелген әйгілі шұбар тегенесі қойылған.

«Өтеген Өтеғұлұлы 1699 жылы Шу өзенінің бойында, Изенді деген жерде дүниеге келген. Жас­тайынан Іле матайлық Тауасар бидің баласы Қазыбекпен бірге Бұхара, Самархан, Шам, Бағдат, Ыстамбол, Ромға барып тоғыз жыл оқып оралады. Өтеген Төле биден бата алып, Абылай ханның оң тізесін басқан батырларының бірі. Қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысты. Қалмақтың Ботхишар, Сабан Тайшық сынды белгілі батырларын жекпе-жекте жер жастандырып, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының бірі болды», – деп жазушы Марал Ысқақбай салтанатты шарада батырдың өміріне тоқталды. Қаламгер батырдың ерлігі аңызға айналып, Күсеп, Майкөт, Сүйінбай, Сарбас, Жамбыл, Әлмейін, Тілеміс секілді ақын-жыраулардың жыр-дастандарына арқау болған. Ел аузында Өтегенді батырлығымен қоса жиһангер, көріпкел әулие ретінде танытатын аңыздар да сақталған. Батыр жетпіс төрт жасында Іле бойында өмірден өткен. Қапшағай су қоймасы салынуына байланысты ұрпақтары 1973 жылы сүйегін Қордай жеріне әкеліп қайта жерлеген. 1999 жылы Өтеген батырдың 300 жылдығы республикалық деңгейде атап өтіліп, басына кесене тұрғызылды, аудан орталығында ескерткіші орнатылды, елді мекенге, көшелерге есімі берілген. Сондай-ақ, Алматы қаласының орталық көшелерінің біріне, Іле ауданының орталығы Энергетический кентіне Өтеген батыр есімі берілді. Өткен жылы осы елді мекенде батырдың үлкен ескерткіші орнатылды.
Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, белгілі меценат Мүсілім Дайырбеков, Алматы облысынан қонақтарды бастап келген Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Сәтібаев, Іле ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзе Әлдібекұлы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай және басқалары сөз алып, батырлық пен елдікті әспеттеудің жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі маңыздылығын атап көрсетті. «Мүйізді Өтегеннің мүйізді ұрпақтары» кітабының тұсаукесері өтті. Сахна төрінде қордайлық жезтаңдай әнші Қарлығаш Қожағазина, Алматы облысы Іле ауданының әжелер ансамблі Өтеген батыр рухына арналған әндерін тарту етті.
Бұдан басқа, ауыл мешіті маңындағы алаңқайда орна­тылған ашық сахна мен күрес кілемінде палуандар өзара күш сынасты. Бас жүлдеге су жаңа автокөлік тігілген түйе палуан күресіне еліміздің әр шалғайынан атан жілік, бура санды 28 палуан келіпті. Өзара белдесулерден кейін ақтық сынға төртеуі шықты. Үшінші орын үшін болған күресте 2016 жылы «Қазақ барысының» қола жүлдегері тараздық Айбол Айтбек өткен жылы «Алматы барысы» атанған Дәурен Нұралиновтан басым түсті. Ал, бас жүлдеге таласта Жамбыл облысының палуаны, дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі Жақып Дәулетханның жұлдызы жанды. Ол осыдан екі жыл бұрын «Әскер барысы» және «Қазақстан барысы» атанған қызылордалық Еламан Ерғалиевті қапыда қалдырып, «Лада Гранта» темір тұлпарын тізгіндеді. Отыз үш шақырымдық аламан бәйгеде Алматы облысы Қарасай ауданынан Әлнұр Назарбаевтың атақты жүйрігі «Үшқоңыр» алдына ат салмай келіп, иесіне «Тойота Хайлюкс» көлігін мінгізді. Екінші келген «Ақмоншақ» атты сәйгүліктің иесі «Нива» автокөлігін олжалады. Сондай-ақ, топ бәйге мен құнан жарыста аты озып келгендер де темір көлікті болды.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру