Валюта бағамы: $ 384.97 427.12 6.04 ¥ 54.75

ЕТ ӨНДІРІСІ – МҰНАЙ ӨНДІРУМЕН БӘСЕКЕЛЕС

Таяуда Forbes.kz порталында қазақстандық танымал бизнесмен, Kusto Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев осылай деп мәлімдеді. Ол тіпті біз ет өндіруді ұтымды ұйымдастыра алсақ, мұнай өндірісінен кем түспестей бәсекелесе аламыз, Қазақстан етпен 2 миллиард адамды асырай алады, деп сенімді айтады.

САПА АҚЫСЫНА ТАТИДЫ

Еліміздегі ең ықпалды бизнес­меннің бірі Еркін Тәтішев Қазақ­станда протеиндік индустрия құру идеясын жүзеге асырсам деп армандайды. Яғни, ол еттің – сиыр етінің, қой еті мен тауық етінің де – барлық түрлері өндірісін жаңа деңгейге шығаруды жоспарлаған. Сосын, әрине, шошқа етін де – жергілікті халықтың тағамдық ғұрпына бұл сәйкес келмесе де, әңгіме экспорт туралы болып отыр.
– Қазір Қазақстан жылына 800 мың тоннадай ет өндіреді және де соның барлық көлемін өзінде тұтынады, сөйте тұра, ішкі сұранысының кейбір бөлігін, әсіресе тауық етіне қатысты, мөлшерін импорт арқылы жауып отырмыз, – деп атап көрсетеді Еркін Тәтішев. – Бұл бағыттағы Қазақстан өндірісінің әлеуетін біз әзірге базалық негізде, «қолмен есептегенде», жылына 10 млн тоннаға жуық деп бағаладық. Ақшаға шаққанда бұл $30-40 млрд ($ – АҚШ доллары)! Демек, табыс, қазір жылына $40-50 млрд беріп отырған, біздің мұнай саласымен салыстыруға келеді.
Бизнесмен мынаған сенімді: Қа­зақстанның – гормонсыз, анти­биотиксіз, ГМА-сыз (гендік модифи­ка­­цияланған ағза) жоғары сапалы протеин өндіруші болуға ғажап мүмкіндігі бар. Қазір әлемде нақ осы құнды. Мұндай етті органикалық деп атай алмасақ та, Америкада ол ерекше Natural белгісімен айрықшаланады. Бағасының жоғарырақ болуына қарамастан, оған сұраныс арта тү­суде: табиғи өнімнің денсаулыққа, әсіресе сәбилердің денсаулығы­на, еш зияны жоқ екенін адамдар түсінеді. Сондықтан да олар сапа мен қауіпсіздік үшін артық төлеуге дайын.
– Әрине, аш болғаныңызда, сізге бәрібір, тек қана үстеліңіз­де бірдеңе тұрса болды, – дейді Е.Тәтішев. – Бірақта сіз одан әрі дами баста­ғаныңызда, сапаға мән бересіз. Қазақстан топ-5 әлемдік жоғары сапалы протеин өндіруші құрамына кіруге мүмкіншілігі мол – жоспарларымызды талқылау барысында, америкалық әріптестеріміз бізге осылай деді. Олардың бағалауынша, бүгінгі таңда біздің еліміз – мал шаруашылығын дамытуда америкалық жолға түсе алатын – жалғыз ел. Яғни, мал бордақылауды жүгері мен соя негізінде жүзеге асыру. Өйткені, Бразилия, Аргентина, Австралия, климаттың жылылығына орай, шөппен, оған қоса гормондармен және де басқаларымен бордақылауға бейім, нәтижесінде эконом-класс ет өндіреді – осылай қалыптасқан. Ал Қазақстанда премиум-сапалы америкалық ет өндірісі индустриясына ұқсас жүйені нөлден бастап іске асыра алады. Жеріміз бізге осындай мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан да Қазақстанның болашағы – агроиндустрия екеніне мен сенімдімін.

ТАБЫСТЫ ТӘЖІРИБЕ

Kusto Group өткен жылы Қазақ­стандағы жоғары сапалы сиыр етін өндіруші ірі KazBeef компаниясының негізгі акционері құқығын иеленді. Бұл топқа мал азығындық тұқым өндіруші KazSeed фирмасы да кірді. Екі жоба да АҚШ-тың мамандары қолдауымен жүзеге асырылуда. Кезекте тағы бір бірлескен америкалық-қазақстандық жоба – егіс суғаруға арналған жабдықтар шығаратын зауыт құрылмақшы. Мұндағы Kusto әріптесі АҚШ-тағы аса ірі ирригациялық жүйелер өндірушісі Valmont Industries компаниясы болады. Өндіріс орнын орналастыру қазір айқындалуда, бірақ оның, суаратын машиналарға негізгі сұраныстың шоғырланған өңірі, еліміздің орталығы мен солтүстігі болатыны аян.
Бұл жобалардың табысты дамуы жоспарларымыздың нанымды екенін айғақтап отыр, деп атап көрсетеді Еркін Тәтішев. Мәселен, жұмыстың заманауи үлгілерін пайдалана отырып, KazBeef жылына жоғары сапалы 6 мың тонна сиыр етін өндіру көрсеткішіне қол жеткізді. Демек, өсу үшін шектеу жоқ деген сөз бұл.

– Тіпті Қазақстанның өзінде нарық, қазір өндіріп жатқанымыздан да, әлдеқайда көбірек қабылдауға дайын, – деп әңгімелейді бизнесмен. – Өзіміздің бүкіл өнімімізді Metro жүйесіне өткіземіз. Экспорт туралы айтпаса да болады: бізге таяуда қытайлықтар келіп, бізге жылына 100 мың тонна келісімшарт ұсынды. Әрине, біздің жоғары сапалы етімізге. Өткізу келешегі алмағайып! Қытайда қазір еттің сапасына қатысты мәселеге түсіністікпен қарай бастаған, мұндай сұранысты олардың орта табы қалыптастырып отыр. Нақ осындай жағдай – әлемнің барлық аймағында көрініс тапқан.
Қазақстанда 2011 жылы-ақ бастау алған ет жобасы неге осылайша ауыр өрбуде, деген сауалға Еркін Тәтішев: даму ең шыңырау төменнен басталды, деп жауап береді. Ірі қара малының аналық басы минимумға дейін құлдырап кеткен кезеңді де бастан кештік, сосын оны қайта қалпына келтіруге тура келді. Генетиканы жақсарту мәселесі ақыры аяғына дейін жеткізілмей-ақ келеді. KazBeef, асыл тұқымды малды шетелден жеткізіп, өз тұқым өндіруші жүйесін құрған. Енді сол жинақталған сапалы мал басын арттыра түсу қажет.
Бұған қоса, қазіргі бірінші кезекті мәселе – мал азығы. Жүгері, соя, судан шөбі, жоңышқа өндірісін кеңейту керек. Сонымен қатар осындай мал азығы дақылдарын біздің климатқа үйлестіре отыра, олардың генетикасын жақстарту бағытында жұмыс жүргізуіміз тиіс. Ал оған уақыт қажет.
– Сондықтан да дәл қазір бізге саланы дамытуға әлдебір нәрселер кедергі келтіруде деп есептемеймін, – деп ойымен бөліседі Еркін Тәтішев. – Тек бұл мәселеге тап осылайша, түрлендіру жолымен, ешкім де тап бола қойған жоқ. Біз қашанда food security, азық-түліктік қауіпсіздік деңгейімен – өзімізді асырай алатындай ғана деңгеймен шектеліп келдік. Шынтуайтында, Қазақстан тек өзін ғана асырап қоймай, әлемде бірталай адамдарды жарылқай алады екен. Шартты түрде айтар болсақ, екі миллиардтай адамдарды.
Және де мұның бәрі renewable, демек, мәңгі қалыпта. Мұнай әйтеуір бір кезде түгесіледі, кез-келген ресурс тарығады – бәрі де шектеулі. Жер мен су ғана – шексіз. Егер де біз мұны білікті, дұрыс технологиялармен, үздік әлемдік үлгілерде жүргізе алсақ, онда біз sustainable development – тұрақты дамуымызды қамтамасыз ете аламыз. Бұл күн энергетикасы тәрізді – мәңгілік болады. Сосын осының негізінде қыруар фермерлер құрамында және саны мол жұмыс орнын ұсына алатын бүкіл бір индустрия құра аламыз, дейді ол.

АГРАРЛЫҚ МӘДЕНИЕТ

Протеиндік индустрияның пайда болуы бүкіл экономиканы дамытуда мультипликативтік нәтижеге жеткізеді, деп сенімін жасырмайды отандық іскер азамат. Дәл қазір агробизнес күн көре алмайтын – машина жасау, тыңайтқыш өндіру, қызмет көрсетудің саналуан түрлері, IT-технологиялар – бәрі де серпін алады. Және, әрине, барлық деңгейдегі – тері өңдеуден бастап шұжық шығаруға дейін – қайта өңдейтін кәсіпорындар да өркендей түседі. Бизнесмен саланы сапалы түрлендіруге жетелейтін қуатты синергетикалық нәтижеге үміт артады.
– Агроиндустрияның мұнай өндірісінен айырмасы неде – сіз тар шеңберде шектеліп қалмайсыз, – деп түсіндіреді Е. Тәтішев. – Сізге, барлығы да құрамына кірген – мал азығын даярлаудан бастап, қайта өңдеуге дейінгі – бүтіндей экожүйе қажет. Мұның күрделілігі осында және артықшылығы да осы: оны іске қосуыңыз барысында оған саны қыруар адам жұмылдырылады. Және солардың бәрі де ақша таба бастайды. Біз мұны қазір Украина мысалынан көріп отырмыз, онда біздің, 25 гектар алқабын игеріп жатқан, Kusto Agro шаруашылығымыз бар. Соншама жылдар бойына Украинаны асырап отырған жалғыз сала – агроиндустрия. Бұл қазір оларда жоғары әлемдік деңгейде – технологиялардың бәрі де еуропалық, генетикасы да тәп-тәуір, агрономиясы өте жақсы, еңбекақылары жоғары. Техниканың бәрі – импорттық, жоғары өнімді. Мұның бәрін олар 15 жылда жасап үлгерді. Ал біз мұнымен айналысқан емеспіз. Қазір кірісер болсақ, 10-15 жылдан кейін бізде озық деңгейдегі агроиндустриямыз болады, онда 5-6 миллион адам табысқа кенеле алады. Яғни, Қазақстанның барлық ауыл халқы деген сөз.
Kusto Group-тың таяу кезеңге жоспары – Қазақстан үкіметімен бірлесіп, Protein road map (Протеин жол картасы – ред.) құру. Саланы дамытудың бұл жол картасы алдағы 20 жылда даму жолын айқындап бермек. Ал құжаттың өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін жұмысқа ғылыми орталықтар тартылмақ. Атап айтқанда, жобаны жасауға қазірдің өзінде АҚШ-тың алдыңғы қатарлы Texas A&M аграрлық университеті қатыстырылуда.
Таяудағы екі ай бедерінде жол картасы байыпты нұсқасына ие болады деп күтілуде. Ол негізгі идеяларды жинақтайды да, одан арғы ерік – бизнес еншісінде. Шетелдік инвестициялар мен жергілікті кәсіпкерлердің қатысуынсыз іс тұрған орнынынан жылжи алмайды. Ал, машина іске қосылысымен, бәрі де оның жемісін көре бастайды, дейді зор сеніммен Еркін Тәтішев.
– Маған «ауыл шаруашылығы» деген тіркес ұнамайды, бұлай деп айтуға болмайды, – деп түйіндейді бизнесмен. – Америкада бұл agricultural – аграрлық мәдениет, мұны олар мақтан тұтады. Бұл сектордағылар – лайықтылар, ондағы жұмыс орындары – жоғары ақылы. Бәрі де тамаша жасалған – фермалар, зауыттар. Біз де сондай агроиндустриялы болғымыз келеді, КСРО үлгісіндегідей, шексіз табиғи ресурстары бола тұра, елді асырауға қауқарсыз «ауыл шаруашылығы» керек емес. Сондықтан да біз бүгінгі күні барлығын да – тек өзімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, бірнеше есе көп экспортқа шығаруға – жұмылдыруымыз қажет.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру