Валюта бағамы: $ 384.97 427.12 6.04 ¥ 54.75

Жаһандық тұтыну жаңашылдықты талап етеді

Энергетикалық нарыққа қатысушылар арасында саланы дамытудың өзекті тенденциялары мен бағыттарын талдап-таразылайтын тиімді диалог, жүйелі әрекеттестік болуы шарт. Осы орайда Kazenergy форумы аясында алға қойылған перспективалар мен стратегиялық бастамалар еліміздің мұнай-газ және энергетикалық кешенінің тұрақты дамуына қолайлы жағдайлар жасайды.

Kazenergy Еуразиялық форумы өзінің он жылдан астам тарихында аймақтағы энергетикалық сектордың басты халықаралық шарасына айналды.

Аталмыш жиынға дүниежүзілік елдер үкіметтері, халықаралық энергетикалық ұйымдар, диплома­тиялық өкілдіктер, отандық, шет­елдік энергетикалық сектор компаниялары, зерттеу институттары мен консалтингтік агенттіктер әркез қызығушылық танытады. Жыл сайын жиынға әлемнің 50-ден астам елінен 2500-ден астам қатысушы, оның ішінде 30-дан аса халықаралық ұйымдар, сондай-ақ 300-ге жуық ірі энергетикалық компаниялар келетінін ескерсек, іс-шараның шын мәнінде жоғары беделге ие екендігін аңғаруға болады. Биыл да Қазақстан астанасында Kazakhstan Energy Week-2019 аясында XII Kazenergy Еуразиялық форумы маңызды мәселелерді талқылады.
Форумды ашу барысында Пре­мьер-министр Асқар Мамин Қазақстан дәстүрлі энергия көз­дерінің тиімділігі мен өнімділігін арттырумен қатар, жаңартылатын энергия көздері саласындағы аймақтық көшбасшы ретіндегі орнын тұрақты түрде нығайтып келе жатқандығын атап өтті.
– ЭКСПО-2017 көрмесінен бастап Қазақстан экономикаға «жасыл» шараларды кешенді енгізуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бүгінгі күні біз жаңартылатын энер­гия көздерінің портфелін 3000 мега­ваттан асыра ұлғайттық. Биыл­дың алғашқы алты айында ғана сектордағы өндіріс 31,7%-ке өсті, – деді Үкімет басшысы.
Бүгінде Қазақстан жылына 90 млн-ға жуық тонна мұнай өндіріп, 15 ірі әлемдік өндірушілердің қатарына қосылды. Еліміз 2014 жылы 14,9 млн мұнай өңдесе, ағымдағы жылы 17,2 млн тонна мұнай өңдеуді жоспарлауда. Бұл бірқатар мұнай өнімдеріне деген ішкі қажеттіліктерімізді толығымен жабуға мүмкіндік береді. Осы жылы табиғи газ өндіру 55 млрд текше метрден асады деп күтілуде. Қазіргі қарқын сақталған жағдайда 2027 жылға қарай 80 млрд текше метрден астам газ өндіріледі.
А.Мамин іске асыру және әзірлеу сатыларындағы қолда бар жобалар қоржыны елімізді әлемдегі полиэтилен мен полипропиленнің ірі экспорттаушысына айналдыруға бағытталғанын жеткізді. Мысалы, газ өндіретін жабдыққа сұраныстың артуы газ-химия машинасын жасауда елеулі жетістіктерге әкелді. 2016 жылдан бастап 2018 жылға дейін саладағы өндіріс көлемі шамамен 40%-ке – 39,4 млрд-тан 54,8 млрд теңгеге дейін өсті, бұл бүкіл экономика үшін әртараптандырудың өсіп келе жатқан әлеуетін көрсетеді.
Қазақстан Премьер-министрі қазірде энергетикада жоспарлау деңгейіндегі трансформация жүріп, жаһандық тұтыну құрылымы өзгеріске ұшырап жатқандығына, ал бұл индустрияны өзгертуді талап ететіндігіне тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық экономика қарқынының ымырасыз бәсекелестік жағдайда дамуы, қаржы секторындағы, ин­дустриядағы құлдырау, қаржы-экономика нарығындағы ірі күйзеліс жаңартылатын энергетика көздеріне назар аударуға және инфрақұрылымды бұл сектордағы инновацияларға дайындауға мәжбүрлеп отыр. Осы орайда энергетика нарығындағы, сондай-ақ жаһандық экономикадағы тұрақтылық пен айқындылықты қолдау тұрғысында еліміздің рөлі барынша танымал болып келеді.
Талқылаулар нарықтағы жаһан­дық өзгерістер жағдайларында тұ­рақты энергетикаға көшу, көбінесе, дәстүрлі шикізат көздері – мұнай мен газдың есебінен бүкіл дүние жүзінде энергияға деген өсіп келе жатқан сұраныс, қолда бар энергия ресурстарын дамыту мен жаңа көздерін іздеу, сондай-ақ оларды тұтынушыларға тұрақты жеткізу мүмкіндіктерін қамтыды. «Энергия көздерінің болашағы: инновациялық өсу» пленарлық отырысы барысында алдағы онжылдықтардағы әлемдік энергетикалық нарықтағы ахуал, атап айтқанда, жаһандық сын-қатерлер дәуіріндегі жаңа трансформациямен түйісу, энергияға сұраныстың географиясы мен құрылымының қай тарапқа ойысатындығы, ғаламның әр түрлі бөліктері арасында энергияға тәуелділік қаншалықты артатындығы жайында болжамдар мен пікірлер айтылды. Қатысушылар халықара­лық серіктестіктің қиындықтар­ды еңсерудегі рөліне, сондай-ақ болашақ өсудің негізі ретінде ұлттық жобалардың маңыздылығына назар аударды.

 
Пленарлық отырыста «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімов ұлттық қауіпсіздікке әсер ететіндіктен, энергетика саласы әр мемлекет үшін өте маңызды екенін атап өтті. Бүгінде көмірсутектер мен уранның айтарлықтай қорына ие Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемнің басқа көшбасшыларымен қатар жетекші орында. Мұнымен қоса, әлемдік энергетиканы дамытудың түрлі сценарийлері туындауда. Экономикалар декарбонизациясы, ақылды технологияларды белсенді енгізу, сандық түрлендіру, үлкен деректерді талдау, ақпараттық технологиялар, болжамды сараптау секілді жаһандық трендтер энергетикалық кәсіпорындардың ажырамас бөлігіне айналуда. Осы ретте ел энергетикасын дамытуда «Самұрық-Қазына» қорының рөлі зор.
– Еліміздің болашағы үшін жауапкершілікті бөлісе отырып, біз инновациялық шешімдерді белсенді түрде енгізуге, сол арқылы қосымша құнды жасауға және өндіріс тиімділігін арттыруға ерекше мән береміз. Қор Үкімет мақұлдаған кең ауқымды жекешелендіру бағдар­ламасын жүзеге асырады, оның мақ­саты – Ұлттық қорды толықтыру, корпоративтік басқарудың үздік тәжірибесін енгізу, ашықтық пен есептіліктің әлемдік стандарттарын қамтамасыз ету. Соңғы жылдары Yellow Pages қағидаларына сәйкес 89 кәсіпорын бәсекелес ортаға берілді. Түскен қаражат 192 миллиард теңгені құрайды. Энергетика, телекоммуникация және инфрақұрылым саласындағы ұлттық операторлар болып табылатын 8 қор компаниялары үшін IPO жоспарланған, – деді басқарма төрағасы.
ОПЕК бас хатшысы Мохаммед Баркиндо өз кезегінде тиімді қолдау көрсеткені және ОПЕК-тің ынтымақтастық туралы декларациясына белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс білдіріп, жаһандық нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуде бірлескен қызмет мүмкіндіктерін іздеу жалғаса беретіндігін жеткізді. Бас хатшы Қазақстанның жоғары энергетикалық әлеуетін, Қашаған сияқты алпауыттарды және оның аясында сұйық көмірсутегі өндірісін ұлғайту жоспарланып отырған еліміздегі басқа жобаларды да атап өтті.
Бұдан бөлек, ОПЕК бас хатшысы соңғы кездері мұнай нарығы сауда диспуттары мен геосаяси дамудың салдарынан белгісіздікке толы болғандығын, бұл мәселе дүние жүзіндегі ең ірі өндіруші Сауд Арабиясының энергия объекті­леріне шабуылдармен шие­ленісе түскен­дігін, нәтижесінде мұнай бағасы 7%-тен астам деңгейге көтерілгендігін еске түсірді. Бұл жағдайды соңғы 30 жыл ішіндегі ең ірі құбылмалылыққа теңеген ол, Корольдік өндірісін жедел қалпына келтіретіндігіне сенім білдірді. Осы шабуылдардың салдарынан Сауд Арабиясы өз өндірісінің 50%-ін жоғалтқан. Дүниежүзілік энергия нарығын есеңгіреткен осы оқиға мұнай өндірушілерін өз қауіпсіздік бағдарламаларын қайта қарауға мәжбүрледі.
– Бас-аяғы бір минут ішінде 5-7 миллион баррельдің жоғалуы – мұнай тарихындағы ең үлкен шығын. Мұндай ірі құбылмалылықты болдырмау үшін Корольдік үкіметі мен ұлттық мұнай өндіруші компания­ның жедел әрекеті аса маңызды. Әлем­дегі мұнай мен газдың қауіпсіз жеткізілуіне кез келген қысым индустрия мен экономика үшін ауыр соққы болады. ОПЕК Қазақстанмен бірге нарықтық тұрақтылықты қолдайды, – деді М. Баркиндо.
Бас хатшы мұнай мен газ 2040 жылға дейін энергоресурстар құрылымында айтарлықтай орын алатындығын айтты. Оның айтуы бойынша, ұзақ мерзімді перспективада ОПЕК мұнайға деген сұраныстың артуын күтеді. Бұл ретте Қазақстан өз міндеттемелерін ОПЕК және ОПЕК+ елдерінің келісімдері шеңберінде орындайтын болады.
Исландияның экс-президенті Оулавюр Рагнар Гримссон өз сөзінде ХХІ ғасырдың басты міндеті – бола­шақта әлем халқының үштен екі бөлігі өмір сүретін қалаларды жылыту және салқындату мәселесін атады. Оның айтуынша, адамзат ХХІ ғасырдың негізгі энергетикалық сын-қатерлерімен бетпе-бет келуі қажет. Бұлар өте айқын екі фактімен байқалады. Біріншісі – адамзат өз тарихында алғаш рет жерде жаһан тұр­ғындарының жартысынан көбі қалада өмір сүретін уақытта тіршілік етуде. Шамамен 20 жылдың ішінде әлем тұрғындарының үштен екісі Азия, Африка және Американың мегаполис қалаларында тұратын болады. Екінші факт – әлемде өндірілетін энергияның 40-50 проценті қалаларды жылыту мен салқындатуға, ал 20 проценті көлік түр­­леріне жұмсалады. Сондықтан әлем халқының үштен екісі өмір сүретін қалаларды жылыту әрі салқындату мәселесі ХХІ ғасырдағы энергия тұтынуға қатысты ең үлкен сын-қатер болмақ.
– Өкінішке қарай, энергетика саласындағы қазіргі талқылаулар мен пікірталастар аясында осынау негізгі сын-қатер күн тәртібіне шығарылмай отыр. Егер бұған барынша жауапкершілікпен қарап, жаһандық қоршаған ортаны сақтап қалу үшін бұл міндетке тиімді шешімдер табатын болсақ, жетістікке жетер едік. Әйтпесе, өсіп келе жатқан буын үлкен проблемаға душар болады, – деді ол.
Форум алаңында «Мұнайдың болашағы: ақиқат пен болжамдар» атты интерактивті пікірталас өтіп, онда әлемдегі мұнайды тұтыну, алдағы жылдардағы мұнай ұсынысы мен сұранысы, сондай-ақ ОПЕК аясындағы одан әрі ынтымақтастық мәселелері сараланды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру