Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Көпжылдық шөптерді неге екпейміз?

Қысы суық, жазы аптап Ақ Жайық өңірінде мыңғыртып мал өсірудің, соның ішінде етті бағыттағы мал өсірудің келешегі кемел. Мамандардың айтуынша, мал өнімдерін азық-түлік ретінде пайдалану көрсеткіштері қоғамның дамуынан хабар береді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ, керісінше фермерлерге жем-шөп дайындайтын жерлердің жетіспеушілігіне байланыс­ты болып отыр. Жем-шөппен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайыз­дан төмен», – деп атап көрсеткен болатын.

Бүгінде мал шаруашылығы саласында жем-шөп мәселесін жолға қою аса маңызды болып отыр. Тек біздің облысымызда емес, күллі елімізде жем-шөп өндірісінің даму қарқыны мал шаруашылығының дамуына ілесе алмай, артта қалғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы айтқандай, жем-шөп проблемасын шешпейінше, мал өнімдерін өндіруде өнімділікті арттыра түсеміз деу бос әурешілік. «Сондықтан сапалы жем-шөп өнді­руге және мал азығын дайындауға қажетті жер, табиғи орта бар деп бос мақтанға салынбай жұмысты жаңаша ұйымдастыруға мән-маңыз бергеніміз жөн», деседі сала мамандары.
Бұл тұрғыдан келгенде «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС егін және жайылымдарды зерттеу бағытындағы екі бірдей жобаны қолға алған. Онда өсімдіктердің өнімділігін анықтау, егін мен жайылымдардың жай-күйін бағамдау жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта станциядағы стационарда дәнді дақылдарды егу технологиясы бойынша екі ауыспалы бес танапты егіс жүйесі зерттелуде. Яғни парлы дақылды жүйесінің жай-күйі ғылыми тұрғыдан зерттелінеді. Негізі ғылыми-зерттеу орнында шөп-дәнді ауыспалы жеті танапты егісті зерттеу жұмыстары 2015 жылдан бастап қолға алынған. Қазір сол егіс жүйесі бір айналымға келіпті. Келесі жылдан бастап жоба ретінде ұсынылып, тиісті қаржы бөлінсе, зерттеу жұмыстары жалғасады.
Станциядағы суарылмайтын егін шаруашылығы және мал азықтық өндіріс бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Бөлековтен жобаның барысы жайында сұрап, әңгімеге тарттық.
– Төлеген Ахметұлы, стансада қолға алынған зерттеу жұмыстары және көп жылдық шөптерді егудің ар­тық­шылығы жайында айтып өтсеңіз?
– Қолға алынған зерттеу жұмыс­тары арқылы мал азықтық және дәнді дақылдарды араластырып немесе кезектестіре егу жүйесінің тиімділігін анықтаймыз. Ауыспалы егістің нәтижесін көруге уақыт керек. Мысалға, бес танапты жүйемен мал азықтық дақылдарды өсіру нәтижесін білуге бес жыл мерзім керек. Көп жылдық шөптермен дәнді дақылдарды кезектестіре егуге келсек, онда пар жоқ, пардың рөлін көп жылдық шөптер атқарады. Біздегі көп жылдық шөптер алқабын қалыптасқан әдіс бойынша бастапқы екі жылда шабындық ретінде пайдаланып, одан кейінгі жылдары жайылымға айналдырамыз. Мұндай алқапқа бірнеше шөп дақылды, соның ішінде еркекшөп, эспарцет, түйежоңышқа немесе жоңышқа араластырып егетіндіктен, табиғи жайылыммен салыстырғанда шөбінің өнімділігі және сапасы жоғары болады. Жыл сайын осылайша көп жылдық шөптерді егіп жүрміз. Бес жылдан соң сол алқапты қопсытып жырту арқылы дәнді дақылдар егуге дайындаймыз. Алтыншы, жетінші жылдары мысалға, арпа, сұлы, бидай, судан шөбі, ақмай, жүгері секілді дәнді дақылдар егіледі.
– Өңірдегі шаруашылықтар көп жылдық шөптерді егуге неге мойын бұрмай отыр?
– Біріншіден, қожалық, шаруа­шы­лық иелері мал азығын арттыруға, жем-шөп өндірісі базасын жасақ­тауға ниетті. Бірақ, оған жоғары технологиялы құрал-жабдық, техника қажет. Өкініштісі сол, ондай жабдықтар Қазақстандағы ешбір зауытта өндірілмейді. Ал, шетелден сатып алуға екінің бірінің қолы жете бермейді. Мысалға, қарапайым тұқым сепкіштің өзі елімізде шығарылмайды, оны Украинадан алдыру керек. Бірақ, қазіргі ол елдегі саяси жағдайға байланысты алдырту да қиын. Өткен жылы ««Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС ондай жабдықты Түркиядан алдырған, сонда бір тұқым сепкіштің бағасы 8 млн. теңгеге шықты. Бұл аз ақша емес. Көптеген шаруашылықтың қаржылық мүмкіндіктері шектеулі. Ал, «қалтасы қалың» шаруалар да басы артық шығын ретінде мұндай мәселеге көңіл бөле бермейтіні ащы шындық.
Екінші мәселе – өңірдегі көп жылдық шөп тұқымдарының жетіс­пеу­шілігі. Ауыл шаруашылығы тә­жірибе станциясы облысты көп жылдық шөптер тұқымдарымен қамтамасыз етпейді. Өйткені біздегі тұқым шаруашылығындағы алқаптың аумағы тар. Биыл 50 гектарға жоңыш­қа, 50 гектарға түйежоңышқа және еркек шөп 50 гектарға ғана аз көлемде егілді. Сондықтан күзде көп жыл­дық шөптердің тұқымына тапсырыс берушілерді тұқыммен қамти аламыз, ал, көктемге қарай тұқым таусылып, болмай қалады.
Дегенмен, станция ұжымы көп жылдық шөптердің тұқымына сұра­ныс білдіргендерге Ресейден, А.Бараев атындағы қазақ астық шар­уа­шылығы ғылыми-зерттеу институтынан және басқа өңірлерден сұратып алып беруге тырысады. Биыл шаруаларға еркекшөптің тұқымын Қарағанды ҒЗИ-дан алдырған. Алайда басқа жердің тұқымы өңіріміздің аумалы-төкпелі табиғат жағдайына бейімделмегендіктен, әр жылдары түрліше өнім береді. Мысалға, ылғал мол жылдары өнімді жақсы берсе, құрғақшылық жылдары өнім нашар болады. Станцияда алдағы жылы да көп жылдық шөптерді егу жұмыстары жалғаспақ.
Табиғи шабындықтан әрі кеткенде 2-3 центнерден шөп орылса, көп жылдық шөп егілген алқаптан 15 центнерге дейін өнім алуға болады. Көп жылдық шөптер егу үшін ылғал сақтау керек, алдымен топырақты тырмамен өңдеп, содан соң сәуір айында қысқа уақыт аралығында 7-10 күн аралығында егу керек. Сондықтан станцияда жартылай жабынды егін технологиясы қолданылады, бір қатарға көп жылдық шөп, екінші қатарға дәнді дақылдар егіледі, ол үшін СЗТ -3,6 «АСТРА» тұқым сепкіші қолданылады. Егіс танабы бірінші жылы өнім бермейді. Себебі көп жылдық шөп күш алып кете алмай тұрғанда, дәнді дақылдардан өнім аламыз әрі арам шөптердің өсуін тежейміз. Өнімді алғаннан кейінгі жылы көп жылдық шөптер тамырланып, күш алады. Ол тек екінші жылы өнім береді. Одан кейінгі жылдары шамамен он жыл бойына мұндай шөп өзі екпей-ақ шыға береді. Мал азық­тық дақыл ретінде көп жылдық шөптің құрамындағы азықтық бірлік­ке келсек, түйежоңышқа, эспар­цет, жоңышқа тұқымдары аралас­қан­дықтан, оның азықтылық құнарлы­лығын арттыруға болады. Бұл – мал­дың жалпы күйін жақсартатын көрсеткіш.
Бұрындары кеңес заманында об­лысымыздың кейбір аудандарында суармалы жерлерде, өзен жайылмаларында көп жылдық шөптерді өсіргені мәлім. Оны егіп-өсіруге білікті агроном-мелиораторлар керек. Суды молынан шығарып, көбірек ұстаған жағдайда арнайы шөп түрлері қажет. Мысалға, еркекшөп он күн бойы су астында қалса, өспей қалады.
– Төлеген Ахметұлы, сөздің тоқе­тері – ғалым әрі осы саланың маманы ретінде облыстың климаттық ерек­шелігіне қарай суарылмайтын жерлерде көп жылдық шөп өсірген тиімді демексіз ғой?
– Әрине, солай. Өйткені борда­қыға қойылған малдың азығын (бидай концентратын, құрама жем т.б.) дайындап, тасымалдап, сақтаудың шығыны көп. Менің ойымша, малды бордақылаймын деп қораға қамап қоймай-ақ, қазір қолданысқа енген заманауи электр қоршаулардың ішінде ұстап, көшіп-қонып баққан дұрыс. Бұрынғы ата-бабаларымыз мал өсірудің жайын білгендіктен көшіп-қонып жүрді емес пе?
Расында, Қазақстанның жері кең байтақ, табиғи жайылымдар, бос жатқан жер көп. Төрт түлікті, соның ішінде ет бағытындағы малды жайып, бағып-өсіру басты бренд болуы тиіс. Жайылған малдың еті дәмді болатынын күнделікті тірлікте көріп жүрміз. Кезінде егін егілген алқаптарды бүгінде алабота басып кетті. Сол жерлерге шаруашылықтар көп жылдық шөптерді егіп тастаса, мал шаруашылығы саласында сапалы мал азығын молынан дайындауға көмек болады емес пе? Қазір ауыл-аудандарда мал жайылымы жоқ, жайылым тарылды дегенді жиі еститін болдық. Күнде мал таптап өте берген соң, жайылым тарылмай қайтсін. Малды біресе бір бағытқа, келесі жолы басқа екінші бағытқа жаюды ауылдағы әкімдіктер, ауылдың үлкендері айтып, бағыт-бағдар берсе дұрыс болар еді.
– Етті бағыттағы малды өсіру үшін мал азықтық базаны дамыту керек, оның негізі – осында, мал азық­­тық өндіріс базасын жасақтауда, деп жиі айтамыз. Жалпы облыста осы бағытта жұмыс істеп жүрген шаруалар бар ма?
– Түсіне білген кісіге көп жылдық шөптер егісін жайылымға да, шабын­дыққа да қолдануға болады. Одан кейін бес жылдан кейін дәнді дақыл­дар егілсе, өнімділігі жоғары болады. Мұны шаруалар ескере бермейді. Станция ғалымдарымен бірлесіп, ғылыми негізде жұмыс істеп жүрген­дер қатары аз болса да бар. Олар – Бәйтерек ауданынан «Шунайбеков С.М.» ШҚ-ғы және «Баян» ШҚ-ғы, Бөрлі ауданынан «Аманат» шаруа қожалықтары. Жалпы «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы мал азықтық өнідіріс базасын жасаймын деген мал өсірушілерге, шаруашылық иелеріне әріптестік негізде ғылыми бағдар бере аламыз.

Алмагүл ОРАЗҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы
басқармасының бас маманы:

– Биыл облыс бойынша 40,5 мың гектар алқапқа мал азығы, соның ішінде көп жылдық шөптер 19,6 мың гектарға, бір жылдық шөптер 20 мың гектарға, сүрлемдік жүгері 0,9 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді. Оның сыртында 137 мың гектар алқапта өткен жылдары егілген көп жылдық шөптердің егісінен өнім аламыз. Әзірге мал азықтық дақылдар егісі 178 мың гектарды құрайды. Мал шаруашылығының дамуына байланысты екпе шөптердің егіс алқабы ұлғайып келеді. Мысалы, 2017 жылы 166,7 мың гектар болса, 2019 жылы 178 мың гектар құрап, 7%-ға өсті.
Өңірде мал шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп, жыл санап мал азығы өндірісінің базасын жасақтау жұмыстары жіті жүргізілуде. Биыл, атап айтсақ, құнды азықтық дақыл ретінде сүрлемдік жүгері егісінің алқабы айтарлықтай ұлғайып отыр. 2018 жылы жүгері 0,6 мың гектарға егілген болса, биыл бұл көрсеткіш 1,5 есеге артып, 0,9 мың гектарды құрады.
Алдағы мал қыстағына қажетті шөптің 1394 мың тоннасы немесе қажеттіліктің 91% (қажеттілік 1533 мың тонна) дайындалды. Шөп шабу науқаны жалғасуда.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру