Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Достық дәнекері

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде Мысыр Араб Республикасының Елшілігі, Мысырдың Алматыдағы мәдениет және білім жөніндегі орталығымен көпжылдық ынтымақтастық аясында «Египет қазынасы» атты көрме өз жұмысын бастады.

Көрмені Қазақстан Республи­ка­­сындағы Мысыр Араб Республикасы Елшілігінің Мәдениет және білім істері жөніндегі орталығының директоры, профессор Ранда Махмуд Ризк ханым құттықтау сөзімен ашты.
Қазақстан Республикасы (ҚР) мен Египет Араб Республикасы (ЕАР) арасында 1992 жылдан басталған өзара түсіністік пен құрметке негізделген жемісті дипломатиялық қатынас саяси, экономикалық, мәдени және т.б. барлық деңгейлерде қолдау тауып отыр. Екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты жандандыру шеңберінде 1996 жылы Қазақстан Республикасындағы Мысыр Елшілігінің негізгі бөлімшелерінің бірі ретінде Мысыр мәдени орталығы ашылды. 2015 жылы Мысырдың жоғары білім және мәдениет министрінің бұйрығымен Қазақ­стан Республикасындағы Араб Республикасының Мысыр Елшілігі жанындағы Мысыр­­дың мәдениет және білім істері жөніндегі орталығы болып өзгертілді. Орталықтың мін­дет­терінің бірі – көрмелер ұйым­дастыру және өткізу арқылы Мысыр тарихы мен мәдениетін насихаттау болып табылады.
Мысыр өркениеті – ежелгі әлемдік өркениет, оның басты жетістіктері иероглифтерді ойлап табуы, математика ғылымының пайда болуы, өнеркәсіпті игеру, зәулім ғимараттар (пирамидалар) құрылысы, суландыру жүйесі технологиясын ойлап табу, ауыл шаруашылығын жүргізудің тиімді әдістері және т. б. деуге болады. Мысыр тарихы мен мәдениетінің көптеген ескерткіштері бүгінге дейін сақталған. Қазіргі таңда Мысыр мәдениеті қоғамның сипаты мен өмірін, сондай-ақ тіл, әдебиет, дін, тарих, әдет-ғұрып және т. б. мәдени элементтерді айқындай отырып мемлекеттің сыртқы саясатында маңызды рөл атқарады. Көрмеге Фараондар әулетінің тарихын айқындайтын төмендегідей музей құндылықтары: тұрмыстық заттар, папирус, былғары, металл, ағаштан жасалған бұйымдар, сондай-ақ сәндік-қолданбалы және каллиграфиялық өнердің заманауи туындылары, құдай­лардың мүсіндері, ежелгі шам, құмған, құмыра, көркем безен­дірілген гүлсауыт, құмыра, металл мен ағаштан жасалған тарелкалар, седеп және сүйекпен безендірілген қобдишалар, ежелгі қорымдар мен Құдайлар бейнеленген картиналар және т.б. қойылды.

Салтанат Қажыкен


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру