Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Алматы – алмалы өлке

Алматы қаласында «Алматы – алма орталығы: экономикалық, экологиялық және мәдени келешегі» атты халықаралық форум өтті. Іс-шараны Қазақстанның табиғатты сақтау жөніндегі эко-қозғалысының белсендісі, қоғамдық қайраткер Ажар Жандосова ұйымдастырды.

Форум «ALMA – Apple» қала­лық қоғамдық бастамасы аясында өтуде. Оның идеясы – Алма қаласына, Алмаға және Алма ағашына арналған бүкіл қалалық іс-шаралар мен жобаларды бірыңғай бағдарлама және бірың­ғай ақпараттық кеңістік аясында біріктіру.
«Біздің қаламыз әрдайым алмамен байланыстырылып келді. Форум Алматының алма қаласы ретіндегі бұрынғы даңқын дәріптеп, қайта жандандыру мақсатында өткізіліп жатыр. Форумда біз жұртшылықтың назарын аударып қана қоймай, ғылым мен өндірісшілерді бір кеңістік аясында біріктіруді көздейміз», – деп атап өтті Ажар Жандосова.
Бастама аясында алматы­лықтарға алма қаланың даңқын қайта жандандыруға белсенді түрде қатысу ұсынылып отыр. «Әрбір адам өз тарапынан алманы дәріптей алады. Адамдарда әртүрлі бастамалар пайда болып жатыр, бір адамдар алма бағын отырғызғысы келсе, кейбіреулер алмамен би өткізуге дайын. Біз Алматыда тұратын және Алматыға келетін адамдар алманың дәмін сезініп көрсе екен дейміз. Яғни, алмадан жасалған тағамды дайындайтын әрбір мейрамхана­ның орнын көрсететін және қала қонақтарына оның дәмін татып көруге мүмкіндік беретін алмалы орындар картасын жасап шығару туралы идея туындады. Негізінде алма – таусылмас тақырыптардың бірі екені сөзсіз», – деп бөлісті форум ұйымдастырушысы.
Форум аясында ғалымдар, бизнесмендер, қоғамдық және мәдени қайраткерлер Сиверс алмасынан бастап, Қазақ­стандағы және әлемдегі алма шаруашылығының даму беталысы сынды кең мәселелер шеңбері аясында сөз сөйледі. Шараға ұштастырылған көрмеде қалаған адам алманың жергілікті сұрыптарының, соның ішін­де атақты апорттың дәмін татып көре алады. Сондай-ақ, іс-шара аясында плакаттар көрмесі өтті. Сонымен қатар, іс-шара қа­тысушылары алдында «Алма манифесті» оқылып, оның аясында форум қатысушылары бүкіл әлем бойынша алманы және алма ағаштарын сақтап, кеңінен таратуға үндеді. Манифест мақ­саты – жер бетіндегі әрбір адамға шаққанда бір-бір жеміс ағашын, яғни бүкіл әлем бойынша 8 миллиард жеміс ағашын отырғызуға үндеу болып табылады.
Сонымен қатар Талғар ау­да­­ны­ның Алмалы ауылында «Жетісу – алманың отаны» атты бірінші республикалық Бақ күні семинары мен көр­месі өтті. Шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қоғам қайраткерлері, шетелдік сарапшылар, бизнес құрылымдар, ғалымдар қатысқан болатын.
«Қазақ жеміс-көкөніс шар­уашылығы ғылыми-зерт­теу институтының» ЖШС Помо­логиялық бағында болған көрмеде отандық алма мен көшеттер, осы саладағы жаңа технологиялар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, алманың «Апорт» сортының байқауы да ұйымдастырылды. Жалпы, бағбандардың сөзінше, қазір жеміс-жидек, жүзім­нің көпжылдық көшет­тері отырғызылып, өсіру шығын­дарына субсидия беріледі. Бұл үлкен көмек екені сөзсіз. Алайда, мемлекет тарапанан жаңғақ сияқты майлы дәндерге қаржылай қолдау мүлдем жоқ. Ал қаражат жетпегендіктен, елімізде жаңғақ шаруашылығы дамымай, кенже қалып отыр.
Шара аясында «Отандық жоғары сапалы отырғызалатын материал (көшеттер) – бұл отандық бақ шаруашылығын дамытудағы басты фактор» деген тақырыпта өткен басқосуда көптеген мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар қазақстандық көшеттердің шетелден әкелінген көшеттерден қандай артықшылығы бар, отандық тәлімбақтар өз өнім­деріне кепілдік бере ала ма, жаңа кадрларды қайдан іздеу керек, мемлекет өз бағбанына қалай көмектесе алады, деген проблемалық сұрақтар да тал­қыға салынды.
Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне тараған. Қазақстан әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейін бүкіл әлемге тараған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.

Айнұр БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру