Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Кәсіпке қашанда қолдау бар

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысының күн тәртібіне «Бастау Бизнес» жобасын іске асыру барысы және мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамтуды ұлғайту мәселесі шығарылды. Бұдан бөлек, өңірлердің алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы пысықталды.

Министрлер кабинеті отырысында «Бастау Бизнес» жобасын іске асыру барысы мен мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамтуды ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасы А.Мырзахметов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, қаржы министрі – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов және Премьер-министрдің орынбасары Б.Сапарбаев баяндады.
Мәліметтерге назар салсақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Жас кәсіпкер» жобасы аясында ағымдағы жылдың 22 шілдесі мен 5 қыркүйегі аралығында республиканың 200 мектебінде 18,3 мың жастар мен көпбалалы отбасылардың өкілдері оқытылған. «Бастау» жобасы бойынша оқытыл­ған 15 мың адамды есепке алғанда, 33,3 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандар, оның ішінде – 29 жасқа дейінгі көпбалалы отбасы­лардың 600-ден астам мүшелері қамтылды.
Үстіміздегі қыркүйектегі жағдай бойынша биыл бітірушілердің жалпы санынан 2360 адам шағын несиелер алды, 5431 адамға гранттар берілді. Өңірлер бойынша ең жақсы көрсеткіштер Павлодар (70%), Шығыс Қазақстан (61,5%) және Қызылорда (61,2%) облыстарында байқалады. Қостанай облысында жергілікті қамту үлесінің ең жоғары көрсеткіші жиһаз және азық-түлік сатып алуда – 40%, жеңіл өнеркәсіпте – 21% құрайды. Құ­рылыс материалдары саласында ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе және Павлодар облыстарында 19% құрайды.
Ауылдық елді мекендерді несие­лендіруге 59,8 млрд теңге (72%) бағытталды. Жыл басынан бері барлығы 9 433 микрокредит берілді (49,6%), оның ішінде ауылдық жерлерде – 8 450 немесе жылдық жоспардың 50,7% (16,7 мың). Ауылдағы микрокре­диттердің орташа мөлшері 3,8 млн теңгені, ал қалалардағы – 11,1 млн теңгені құрайды.
«Талқыланған «Бастау-Бизнес», «Жас кәсіпкер», шағын кредит беру жобаларын іске асыру – халықты жұмыспен қамту мәселесімен тығыз байланысты шаралар. Елбасы мен Мемлекет басшысы алға қойған бас­ты міндеттер бойынша жұмыстың оң нәтижелері байқалуда. Мысалы, биылдың өзінде ғана 5 мыңнан астам азамат өз ісін ашып, 8,5 мың жұмыс орнын құрып отыр», – деді А.Мамин.
Үкімет басшысы «Бастау-Бизнес» жобасына қатысушылардың санын көбейтіп, бизнесін ашқандар немесе кеңейткендер санын 20-дан 30%-ке дейін жеткізу мәселесін пысықтауды, шағын несие мен грант беру бойынша көзделген барлық жоспарлардың орындалуын жеделдетуді, жергілікті қамту бойынша бекітілген индикаторларды атқаруды, заңнаманың және индустриялық сертификат пен «СТ-КZ» сертификатының талаптарын орындауды, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің сатып алуды жүзеге асыруы қағидаларында «Самұрық-Қазына» қоры секілді шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін қарастырып, оларды бір ай мерзімде қабылдауды қам­та­масыз етуді тапсырды. «Министрлер мен әкімдерге қазақстандық қамту бойынша көрсеткіштердің және тиісті заңнаманың орындалуы бойынша дербес жауапкершілік артылады. 9 айдың қорытындысы бойынша жиналыс өткізгенде осы көрсеткіштердің орындалуын қарастыратын боламыз», – деп түйіндеді Премьер-министр.
Жиында жылыту маусымына дайындық бойынша бірқатар министрліктер мен әкімдіктер тарапынан келтірілген деректерге сәйкес, қазірде өңірлерде 10 606 дербес қазандық немесе 99,8%, 45 908 тұрғын үй (98,1%) дайындалды. 4 943,4 км жылу желілері (99,1 %), 14 917,1 км (98,7%) сумен жабдықтау желілері жөнделді. Көмір өндіруші компаниялар 75,1 млн тонна көмір өндірді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 97,2%-ды құрайды (77,2 млн тонна). Коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 11,4 млрд теңгені құрайды. Ең көп дебиторлық берешек Алматы қаласында – 2,6 млрд теңге, Нұр-Сұлтанда – 1,7 млрд, Шымкентте – 1,3 млрд және Маңғыстау облысында – 1,5 млрд теңге сақталып отыр. 2527 балабақша (95%), 6656 мектеп (99%) жылыту кезеңіне дайындық туралы актілерді алды. Республикалық маңызы бар 31 денсаулық сақтау нысаны бойынша жылыту маусымына орташа дайындық 99%, жергілікті маңызы бар 5640 нысан бойынша 97% құрайды.
Үкімет басшысы жалпы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқандығына, дегенмен, кестеден қалып қою, коммунал­дық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін отын дайындау деңгейінің төмен болуы фактілері орын алып отырғандығына назар аударды. Осыған байланысты әкімдерге жос­пар­ланған жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды қам­тамасыз етіп, қажетті көлемдегі отын­­ды алдын ала жеткізуді тапсырды. Бұл тұста А.Мамин өңірлердің әкімдеріне екі апта ішінде белгіленген тәртіпте көмірді даярлау және өткізу пункттерінің инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізілім кес­тесін, сатылатын көмірдің бағасы мен сапасын тексеруді, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, көмір жеткізуге арналған вагондардың қажетті көлемін қамтамасыз етуді тапсырды. «Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұрғындардың коммуналдық қызмет­тері үшін дебиторлық берешегін жабу жұмысын күшейту қажет», – деді А.Мамин. Сонымен бірге Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне өңірлер әкімдіктерінің алдағы жылыту маусымына барлық объектілерді дайындау жұмысын аяқтауын бақылауда ұстауды жүктеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру