Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Мемлекет басшысының ақш-қа сапары әлем елдері арасында Қазақстан беделін биікке көтерді

Газетіміздің өткен санында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми іс-сапарында әлемнің беделді Азия елінде, экономикалық дамуында АҚШ-тан кейінгі екінші орындағы абыройлы мемлекетте, Қазақстанның тең дәрежеде келіссөздерге қол жеткізіп оралғанын жан-жақты әңгімелеген едік. Мемлекет басшысы енді мұхиттың арғы бетіне, Америкаға БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясына арнайы шақырумен сапарлап, мұнда да әлемнің белді де беделді елдері арасында Қазақстан беделін одан әрі асқақтатып, бірқатар мемлекеттердің басшыларымен жеке кездесу өткізіп, нақты келіссөздер жүргізді. Енді Ақорда Баспасөз қызметі таратқан хабарламаларға сәйкес, солардың маңыздыларына тоқталып өтсек.

Сапар бірінші күннен маңызды кездесулерге ұласты.

Алғашқы күні Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары АҚШ-тағы ықпалды талдау орталығы саналатын «Atlantic Council» («Атлантикалық кеңес») ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған белгілі америкалық саясаткерлермен және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесумен басталды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сыртқы саясаттың негізгі басымдықтары, Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен ынтымақтастықты арттыру Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айында АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізген келісімдерінің жүзеге асырылуына ерекше мән береміз. Бұл сапар екі ел арасындағы кең ауқымды стратегиялық әріптестіктің негізін қалады, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екенін еске салды. Бүгінде америкалық инвестицияның жалпы көлемі 45 млрд доллардан асқан.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптестерге энергетикалық саладағы бірқатар бірлескен жобалардың табысты жүзеге асқаны туралы хабардар етті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы және жоғары технология салалары бойынша өзара іс-қимылды арттыру үшін жаңа мүмкіндіктердің бар екеніне назар аударды.
Президенттің айтуынша, Қазақ­стан алдағы уақытта да амери­калық бизнес өкілдерімен ұзақ мерзімді экономикалық байланыстарды нығайтуға ниетті.
Өз кезегінде америкалық әріп­тестер екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, Қазақ­станмен өзара тиімді стратегия­лық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін атап өтті.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы аясында Мемлекет басшысы БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен кездесті.
Тараптар өзара іс-қимыл перспективаларын, атап айтқанда, дінаралық келісім мен өркениеттердің жаһандық диалогын нығайту жайын талқылады.
– Қазақстан Өркениеттер Альянсымен белсенді ынтымақтастыққа дайын. Еліміздің делегациясы Альянс форумдарына тұрақты түрде қатысады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент халықаралық ұйымның басшысына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысын тұрақты қолдап келе жатқанына және 2018 жылдың қазан айында өткен VI съезіне белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде Мигель Анхель Мораторинос Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтап, еліміздің мәдениет пен өркениетаралық диалогты дамыту ісіндегі еңбегіне жоғары баға берді.

Бұдан әрі БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 74-ші сессиясы аясында Мемлекет басшысы «Bloomberg» ақпарат агенттігінің негізін қалау­шы әрі иесі Майкл Блумбергпен кез­десті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен «Bloomberg» ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақ­тастықтың келешегін талқылап, әлем­дік экономиканың күн тәртібін­дегі өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін «Bloomberg» жаһандық бизнес-форумының маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте, Президент алдағы іс-шара жұмысына Қазақстанның атынан «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысатынын айтты.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Майкл Блумбергке Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып, америкалық бизнесменді «Астана» халықаралық қаржы орталығымен белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырды.
Майкл Блумберг кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қа­зақстан Президентіне алғыс білдіріп, қазақстандық әріптес­­терімен өзара тиімді ынтымақ­тастықты ілгерілетуге дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысының Нью-Йоркке жасаған сапарының алғашқы күніне құрылған ресми бағдарламасы америкалық ірі компаниялардың басшылары қатысқан жиын өткізуімен түйінделді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан-Америка бизнес-қауымдастығының өкілдерін Қауымдастықтың құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтап, осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Президент сөз басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айындағы АҚШ-қа сапары аясында жасалған қазақстандық-америкалық кеңей­тілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылғанына тоқталып, сол кезден бастап екі ел арасын­дағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтас­тықтың айтарлықтай нығая түске­нін атап өтті.
Мемлекет басшысы АҚШ Қа­зақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екенін де айтты. Бүгінде біздің елімізге америкалық инвесторлар жалпы көлемі 45 миллиард доллардан астам қаржы салған. Қазақстанда 500-ден аса америкалық компания жұмыс істейді.
– 2018 жылы Қазақстанға тіке­лей тартылған америкалық инвестициялар көлемі 5,3 миллиард долларға жетіп, жаңа рекорд орнатты. Ал өзара сауда көлемі екі есеге артып, 2018 жылы 2,8 миллиард долларды құрады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері туралы айтқан Президент америкалық бизнесмендердің назарын ел дамуындағы үш ма­ңыз­ды мәселеге аударды. Олар: қолайлы инвестициялық ахуал, нарық пен коммуникацияны дамыту және адами капиталды нығайту.
Мемлекет басшысы америкалық серіктестерге Қазақстан Үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында заң үстемдігін, келісім-шарттарға қол сұғылмауын және зияткерлік меншік құқы­ғын қорғауды қамтамасыз ету бағы­тындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді. Оның айтуынша, инвесторлармен жұмыс істеудегі басты мәселе тұрақтылық пен ашықтықты сақтау болып табылады.
Әңгіме барысында Қазақ­стан­ның энергетика, ауыл шаруа­шы­лығы, қаржы және адами капитал салаларындағы әлеуеті туралы да айтылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне де жеке тоқталды.
– Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көлік хабы болып есептеледі. Транс­континенталдық бағыттар­дың 70 пайыздан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Американың іскер топ өкілдеріне ел Президенті ретінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестіктің артуына күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

РЕСМИ САПАР  ІСКЕР СИПАТТА ӨРБІДІ

Осы күні Мемлекет басшысы тағы да бірқатар ірі халықаралық компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді.
Президент «Royal Dutch Shell» компаниясының бас атқарушы директоры Бен Ван Барденмен мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық жайын талқылады.
Мемлекет басшысы «JPMorgan Chase & Co.» трансұлттық компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен қаржы институттары арқылы өзара іс-қимыл мәселесін қарады.
«Tyson Fresh Meats» компания­сы­ның президенті Стив Стауффермен және «Valmont Industries» компания­сының бас атқарушы директоры Стив Каневскимен кездесуінде ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қозғалды.
«Plug’ n Play» компаниясының бас атқарушы директоры Саид Амидимен, «500 Startups» стартап-акселераторының және венчурлік қорының вице-президенті, басқарушы серіктесі Беди Янгпен кездесу кезінде стартап-жобалар саласындағы ынтымақтастық перспективалары сөз болды.
Сондай-ақ, Қазақстан Прези­денті «Amazon Web Services» компа­ниясының жаһандық мемлекет­тік саясат жөніндегі вице-президенті Майкл Пункпен электронды сауда саласындағы өзара іс-қимыл жағ­дайын талқылады.

ЖАЛПЫ ДЕБАТТАР  САЛТАНАТТЫ АШЫЛДЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблея­сының 74-ші сессиясы Жалпы дебат­тарының ашылуына қатысты.
Жалпы дебаттардың ашылуы барысында БҰҰ-ның Бас хатшысы, Бразилия, АҚШ, Мысыр, Түркия, Нигерия, Мальдив, Катар, Швейцария, Хорватия, Боливия, Иордания, Оңтүстік Корея, Буркина-Фасо, Франция, Чили, сондай-ақ, Босния және Герцеговиния елдерінің көшбасшылары сөз сөйледі.

БІРҚАТАР МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ

БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясының алаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Президенті Ули Маурермен, Болгария Президенті Румен Радевпен, Польша Президенті Анджей Дудамен, Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен, Украина Президенті Владимир Зеленскиймен және Иордания Королі ІІ Абдалламен екіжақты кездесу өткізіп, маңызды келіссөздер жүргізді.

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ  АНТОНИУ ГУТЕРРИШПЕН  КЕЗДЕСТІ

БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сес­сия­сының жұмысы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ұйымның халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдаудағы, халықаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі басшылық рөлін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның қазіргі заман талаптарына сай бейімделуінде Антониу Гутерриштің белсенді қызметін қолдайтынын білдірді.
Президент БҰҰ БА-ның осы сессиясында көтеріліп отырған «Кедейлікпен күресті жан-жақты күшейтуді ынталандыру, сапалы білім беруге, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі іс-шараларға және инклюзивтілікке ықпал ету» тақырыбы аса өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға әзір. Өйткені бұл құжат біздің елдің алдағы экономикалық және әлеуметтік жаңғырту мәселелері бойынша жариялаған жоспарымен үндеседі.
Өз кезегінде Антониу Гутерриш Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесімен өзара іс-қимылына оң баға берді. Қазақстанның жаһандық ядролық қаруға қарсы күн тәртібінде жетекші рөл атқаратыны, өңірлік қақтығыстарды реттеу ісінде халықаралық күш жұмылдыруы, соның ішінде Сирия мәселесі бойынша өткен Астана процесі аясындағы қомақты үлесі айтылды. Бас хатшы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2019 жылдың мамыр айында БҰҰ-ның 16 аймақтық өкілдігін бір шаңырақ астына біріктірген Алматы қаласындағы Халықаралық ұйымдар ғимаратын ашқаны үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ-ның алдағы өзара прак­тикалық іс-қимылының перс­пективалары, оның ішінде елі­міздің халықаралық ұйым аясында бітімгершілік опера­цияларға қатысуды кеңейту мүмкіндігі қа­ралды. Сонымен қатар, тараптар әлемдік саясаттың бірқатар өзекті мәселелері бойынша да пікір алмасты.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ БҰҰ БАС АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ 74-ШІ СЕССИЯСЫ ЖАЛПЫ ДЕБАТТАРЫНДА СӨЗ СӨЙЛЕДІ

– Құрметті Төраға мырза!
Жоғары Мәртебелі делегация басшылары!
Қадірлі ханымдар мен мырзалар!
Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының биік мінберінен үндеу жолдау – мен үшін зор мәртебе. Ұлттар Ұйымы – дүниежүзіндегі барша адамзаттың мұң-мұқтажын қорғайтын баламасы жоқ бірегей әрі әмбебап ұйым және әрдайым солай болып қала береді.
Адамзатты талай сын-қатер мен қантөгістерден сақтап келе жатқан Ұйымның негізі қаланғанына келесі жылы 75 жыл толады. Бүгінде Ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді.
Бас хатшы Антонио Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды.
Алайда, қазіргі таңдағы геосаяси және геоэкономика­лық өз­ге­рістерге қатысты алаңдаушы­лығымызға толық негіз бар. Бұл жағдай 2030 Күн тәртібін жүзеге асыру мақсатындағы бірлескен іс-әрекеттеріміз үшін күрделі сынақ екені айқын, – деп атап көрсетті президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Газетіміздің келесі санында мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында жария еткен басқа да маңызды мәселелер туралы нақтырақ тоқталатын боламыз.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру