Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Ішкі сұраныс және инфляция

Соңғы айларда нақты инфляция серпіні Ұлттық банк болжамынан жоғары деңгейде қалыптасуда. Тамызда инфляция жылдық көрсеткіш бойынша 5,5% деңгейінде қалыптасты. Қаржы реттеушісінің алдыңғы бағалауы 5,1-5,2% болатын. Инфляцияның ұлғаюында жылдық өсімі 9 пайызды құраған азық-түлік тауарлары бағасының үлесі үлкен. Болжамдық кезеңнің қорытындысы бойынша жақын арадағы 6 айда инфляция өседі деп күтіледі. Ұлттық банк инфляцияның қалыптасқан және болжамды серпінін, ішкі сұраныс тарапынан тәуекелдердің іске асырылуын, ұлттық және әлемдік экономикадағы ахуалды ескере отырып, 9 қыркүйекте базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім қабылдады.

Ұлттық банктің бағалауы бойынша, ағымдағы жылдың соңында инфляция 5,7%-5,8% деңгейінде қалыптасады. Алдыңғы болжам – 5,5% болатын. Бұл ретте бірқатар проинфляциялық факторлардың әсері 2020 жылдың бірінші тоқсанында инфляцияның нысаналы дәліздің жоғары шегінен шығу ықтималдығын туындатып отыр. Алдымыздағы жылдың соңына қарай инфляциялық үдерістер баяулайды, инфляция деңгейі нысаналы 4-6%-дық дәліздің ішінде қалыптасады.
Бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерімен кездесуде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев базалық мөлшерлемені көтеруге себеп болған ішкі және сыртқы басты факторларға кеңінен тоқталып өтті. Бірінші, бұл – бюджет шығыстары­ның өсуі нәтижесінде болған айтарлықтай қаржылық әсер. Қаржылық ынталандырудың жалпы әсері биыл жаңа бол­жамға сәйкес алдыңғы 0,3%-дық бағамен салыстырғанда ин­фляцияға қосымша 0,5 п.т. болып бағаланады. Бұл күткен­дегіден жоғары, халықтың кіріс­теріне және кеңейе түскен ішкі сұранысқа жұмсалатын жаңа әлеу­­меттік шығыстардан болатын ма­ңызды мультипликативті әсерге байланысты.
Әлеуметтік қолдауға бөлінген бюджет шығысының ұлғаюы, ең төменгі жалақының 1,5 есе өсуі, азаматтық және бюджеттік қызметшілер еңбекақысының өсуі аясында нақты жалақы тұтастай алғанда экономика бойынша қаңтар-маусымда 8,9%-ға, халықтың нақты ақшалай табысы – 5,1%-ға өсті.
Тұтынушылық кредиттеудің өсуі байқалады, банктердің тұтынушылық кредиттерінің ағымдағы жылғы шілдедегі көлемі жылдық көрсеткіш бойынша 24,1%-ға ұлғайды. Нәтижесінде ішкі тұтыну­шылық сұраныстың айтар­лықтай өсіп отырғаны бай­қалды. Биыл қаңтар-шілде ара­лығындағы кезеңде бөлшек сауда айналымы 5,4%-ға өсті.
Тұтыну тауарларының импорты ұлғайды. Биыл бірінші жартыжылдықта ол 4,8%-ға өсті, әсіресе азық-түлікке жатпай­тын тауарлар импорты көп, оның өсімі 7,3% болды. Бұл ретте тұ­тыну тауарларының импорттық жеткізілімінің құны ішкі бағаларға қарағанда тез өсуде.

Екінші себеп ретінде экспорт құнына және ішкі бағаларға әсер ететін азық-түліктің әлемдік нарықтағы бағасының өсуі аталды. Әлемдік тұтынудың өсуі және жекелеген азық-түлік түрлері қорының азаюы нәтижесінде ағымдағы жылдың басынан бері БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы азық-түлік бағасының индексі 5,1%-ға өсті. Жыл басынан бері ет (11%) пен нан-тоқаш өнімдерінің (14%) әлемдік бағасы айтарлықтай өсті. Қазақстан ет өндірушілерінің экспорттық бағасының индексі жыл басынан бері 36%-ға, ал экспорт көлемі 2,8 есе өсті. Астық экспортының құны шамамен 12%-ға қымбаттады. Әлемдік нарықта бағалардың өсуінен ет өнімдері мен нан өнімдерінің ғана ішкі бағаларының өсуі инфляцияның жылдық көрсеткіш бойынша 1%-ға көтерілуіне әкелді. Азық-түліктің әлемдік бағасының одан әрі өсуі 2020 жылы ішкі азық-түлік инфляциясына әсер етуін жалғастыратын болады.
Үшінші, ішкі экономикалық бел­­сен­діліктің өсуі Ұлттық банктің кү­туінен жоғары деңгейде сақталып отыр. Ағымдағы жылғы алғашқы 7 айда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 4,4%-ға көтерілді. Барлық негізгі салаларда өсу байқалады. Ішкі сұраныстың өсуіне және мұнайдың бағасы бір баррель үшін 60 АҚШ доллары болған кездегі Ұлттық банктің базалық болжамымен салыстырғанда мұнайдың нақты бағасының неғұрлым жоғары болуына байланысты нақты жалпы ішкі өнім өсімі қаржы рет­теушісінің болжамынан жоғары қалыптасуда. Ұлттық банктің ЖІӨ-нің өсуі бойынша биылғы жылдың соңына арналған қайта қараған болжамы 3,8%-ды құрайды. 2020 жылы экспорт серпінінің төмендеуі, тұтынушылық сұраныстың біртіндеп азаюы және қаржылық ынталандыру әсерінің әлсіреуі аясында ЖІӨ өсімі 3,5%-ға дейін баяулайды деп күтіледі.
Ұлттық банк ЖІӨ-нің нақты және әлеуетті көлемі арасындағы айырма болжамды кезеңнің соңына дейін де оң болады деп бағалайды. Бұл экономикада проинфляциялық қысымның сақталып отырғанын білдіреді.
Төртінші, ішкі бағаларда көрінетін айырбастау бағамының серпініне әсер ететін елдің төлем теңгерімі ағымдағы шотының нашарлауы. Базалық сценарий іске асырылған жағдайда төлем теңгерімі ағымдағы шотының тапшылығы биыл ЖІӨ-нің 1,8-2,2%-ы және 2020 жылы ЖІӨ-нің 3,4-3,8%-ы мөлшерінде болады деп күтіледі.
Соңғы айларда мұнай бағасының құбылмалылығы күшейе түскені байқалуда. Әлемдік мұнай қорының ұлғаюына әкелген АҚШ-тағы жоғары өндіріс көлемі және сұраныстың төмендеуі нәтижесінде биыл жылдың ортасынан мұнайдың әлемдік бағасы түсе бастады. Ағымдағы жылдың басынан бері BRENT маркалы мұнайдың бір баррелі бағасының орташа деңгейі 65 АҚШ долларын құрады (былтыр бір баррель – 72 АҚШ доллары). Бәтуа-болжамдар мұнайдың әлемдік баға белгіленімінің алдыңғы жылдардағы деңгейге дейінгі қалпына келмейтінін көрсетіп отыр. 2019-2020 жылдарға арналған болжам бір баррель үшін 64-67 АҚШ долларын құрайды.
Осы баға құбылмалылығының күшеюіне, ірі мұнай-газ кен орын­да­­рындағы жоспарлы жөндеу жұмыс­­тарына, сондай-ақ Қытай мен Еуро­одақ тарапынан сыртқы сұраныс­тың бәсеңдеуіне байланысты тауарлар экспорты төмендейді деп күтіледі.
Керісінше, тауарлар импортының өсуі жоғарылайды деп болжанады. Бұл, ең алдымен, ТШО-ны кеңейту, «Сарыарқа» газ құбырын тарту және басқа да импортталатын инвестициялық тауарларға деген сұранысқа қолдау көрсететін ірі инфрақұрылымдық және ин­вестициялық жобаларды іске асырумен байланысты. Халықтың нақты кірісінің өсуінен тұтынушылық импортқа деген сұраныстың өсуі де болжанады.
Бұл импорттың қымбаттауы ар­қы­­лы инфляцияның өсу тәуекелін тудыратын валюталық арнаның теңгерімділігіне әсер етеді. Сыртқы нарықта АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресінен теңгенің әлсіреу тәуекелі сақталып отыр.
Ұлттық банк төрағасы инфляция серпініне әсер ететін жағым­ды факторлардың қатарында, бірін­ші­ден, азық-түлікке жатпай­тын инфляция құрылымында бензин құнының, сондай-ақ ақы­лы қызметтер құрылымында реттелетін қызметтер тарифтерінің төмендеуін атап өтті. Екіншіден, соңғы айлардағы инфляциялық күтулердің тұрақтануы. Тамыз айында халық арасында жүргі­зілген пікіртерімнің нәтижесіне қарағанда, респонденттердің 60%-ы алдыңғы болжамдық раундтағы 55%-бен салыстырғанда алдағы 12 ай ішінде инфляцияның ағымдағы деңгейінің сақталуын немесе төмендеуін күтеді. Халық алдағы бір жылда инфляцияны 5,3% (2019 жылғы маусымда және шілдеде 5,4%) болады деп бағалайды.
Үшіншіден, сыртқы монетарлық талаптар жұмсарып отырғаны атап өтілді. Бұл дамушы елдерден капи­талдың әкетілу тәуекелін азайтады. АҚШ Федералдық резервтер жүйесі соңғы 10 жыл ішінде алғаш рет пайыздық мөлшерлемені төмендетті. Еуропа Орталық банкі 2020 жылдың бірінші жартысына дейін мөлшерлемені өзгеріссіз сақтап қалады. Инфляциялық үдерістердің бәсеңдеуіне және бейтарап ақша-кредит саясатына өтуіне орай Ресейдің Орталық банкі ақша-кредит талаптарын жеңілдетті (мөлшерлеме 7%-ға дейін төмендеді). Бұл ретте оң факторларды тежейтін әрекеттер проинфляциялық факторлардың әсерін толық көлемде өтей алмайды.
Ішкі және сыртқы жағдайлардың теңгерімін ескере отырып, Ұлттық банк инфляция тәуекелдерінің алдын алу үшін сақтық шараларын қабылдауда. Ақша-кредит саясатының ағымдағы жағдайы бейтарап деп бағаланады.
Базалық мөлшерлеменің деңгейі нақты көрсеткіш бойынша 9 қыр­күйекте қабылданған шешімді есептегенде 3,0-3,5% мақсатты өлшемдер шегінде болады деп бағаланады (күтілетін инфляцияның болжамды шегін ескере отырып).
Ұлттық банк биыл маусымнан бас­тап ақша нарығында жүргізілетін операциялар бойынша мөлшерлемелерді пайыздық дәліздің жоғары шегіне дейін көтерді, сондай-ақ бас банк шығаратын қысқа мерзімді ноттардың мерзімдері біртіндеп ұзартылды. Нәтижесінде айналыс мерзімі 6-12 айлық ноттардың үлесі мамыр-тамыз аралығында 43%-дан 73%-ға дейін көтерілді. Бұл теңгемен өтімділіктің валюта нарығына жылдам ауысу әлеуетін шектейді.
Ақша нарығында бағдар болып табылатын TONIA индикаторы өзгерді және ол айтарлықтай жоғары деңгейде қалыптасуда. Қаржы реттеушісінің басшысы валюта нарығында биыл наурыз, маусым және шілде айларында байқалған құбылмалы кезеңнен кейін ахуал тұрақтанғанын, сұраныс пен ұсыныс теңестірілгенін атап өтті. Дегенмен, соған қарамастан валюталық арна импорттың қымбаттауы арқылы инфляцияның өсуіне әсері бар жәйт болып қалады. Соған байланысты базалық мөлшерлемені көтеру теңгемен активтер тартымдылығының өсуіне ықпал ететін болады, бұл өз кезегінде инфляцияға ауысу әсерін шектеуге мүмкіндік береді.
Ұлттық банк пен Үкіметтің макро­экономикалық саясаттың 2019 жылға арналған шараларын үйлестіру туралы келісімі аясында МБҚ нары­ғын дамыту жөніндегі бірлескен жұ­мысы жалғасады. Парапар кірістілік қисығын қалыптастыру 1 жылдан аса уақыт аралығында борыштық капиталдың толыққанды нарықтық баға белгіленімін қамтамасыз етеді. Инфляция бойынша мәлімделген бағдарларға қол жеткізу мақсатында Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша алдағы шешімдерді инфля­цияның қалыптасқан және болжамды серпінінің нысаналы дәлізге сәйкес келуін, ішкі сұраныс тарапынан тәуекелдердің іске асырылуын, импорттың өсуін және әлемдік экономикадағы ахуалды ескере отырып қабылдайтын болады.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру