Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Әлемдік сұраныстың басты факторы

Мұнай өңдеу саласының деңгейін көтеру – дамыған мемлекеттер қатарына қосылудың бірден бір дәйекті белгісі. Сондықтан еліміз мұнай өңдеу көлемін арттырудың нақты қадамдарына маңыз беруде. Бұл іс-қимылдар жөнінде Орта Азия мен Каспийдегі мұнай өңдеу және мұнай химиясы тақырыбына арналған астанадағы халықаралық жиында айтылды.

Бүгінгі таңда еліміз өз ішіміздегі үш зауытты түбегейлі жаңғыртудың арқасында жергілікті нарықты 100 пайыз жанармаймен қамтып отыр. Жуық арада екі іргелі мұнай өңдеу зауытына техникалық қызмет көрсету мен құрылғыларды жөндеу жобасы енгізіледі.

Цифрландыру аясында Атырау мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына енгізілетін бірегей жүйе профилактикалық тексерістер мен жөндеу жұмыстарын басқарып, МӨЗ-дің үш жылдық жөндеуаралық кезеңіне өтуге мүмкіндік береді. Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребековтің айтуына қарағанда, аталған жобаны енгізудің арқасында құрылғылардың қызмет ету қызметі 8-10 пайызға артып, жөндеуге кететін шығын 10 пайызға азаяды, ал мұнай өңдеу көлемі жылына шамамен 300 мың тоннаға артады.
Мұнай-химия саласындағы әр доллар экономикада 2-3 долларлық өсімді әкеліп, жаңа 7 жұмыс орнын ашуға ықпал етеді. Өнеркәсіптің барлық саласы дерлік мұнай-химия өнімдерін тұтынады: құрылыс, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина, ғарыш, басқа да салаларда бұл өнімге сұраныс толастамасы анық. Осы тұрғыда Энергетика министрлігі мұнай-химия саласын дамыту мәселесін ерекше назарда ұстап отыр. Мысалы, аталмыш секторға инвестиция тартуға мемлекеттік қолдау ұсынылуда. Қазірдің өзінде Атырау облысында салықтық және кедендік артықшылықтарға ие арнайы мұнай-химия аймағы құрылған. Мемлекет инфрақұрылым құрылысын жүргізуді қаржыландырады. Өйткені, бұл капиталды 20 пайызға және пайдалану шығындарын 15 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік туғызады. Оған қоса шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі жеңілдеген. Осылайша, ведомствоаралық комиссия деңгейінде өтініштер бір терезе қағидаты негізінде қаралады. Бұл бағыттағы жұмыс рұқсат беру мерзімін екі жылдан үш айға дейін қысқартты. Осы шаралардың ықпалы жыл сайын елімізде мұнай-химия өндірісімен айналысқысы келетін инвесторлардың саны артып келе жатқандығынан көрінуде. «Қазақстан мұнай өңдеу саласын дамыту үшін капитал тартуда дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, жеке заңнамалық базасын дамытуды, инвесторларға тартымды ұсыныс жасауды көздейді. Бүкіләлемдік Doing Business-2018 банкінің рейтингі бойынша, Қазақстан 196 елдің ішінде 28-ші орында. Біз алдағы уақытта да өз еліміздің географиялық тұрғыдағы артықшылығын пайдаланамыз», – деп атап өтті вице-министр мұнай-газ химиясы, инжиниринг және технология саласындағы халықаралық компаниялар қатысқан үлкен жиында.
Министрлік мәліметінше, бүгінде жобалау мен құрылыста халықаралық стандарттарды қолдану мәселесі шешілді. Мемлекеттік қолдау шаралары арқасында Қазақстан бұрын өндірілмеген қуаты – жылына 133 мың тонна бензол және қуаты – жылына 500 мың тонна параксилол өндірісін іске қосты. Мұнай-жол битумдарының өндірісі 2013 жылғы 200 мың тоннадан жылына 800 мың тоннаға дейін төрт есе өсті. Бұл жол саласының ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді. Өткен жылы қуаты жылына 2,6 млрд долларлық полипропилен өндіруге арналған газ-химия кешенінің құрылысы басталды. Жыл сайын елімізде мұнай-химия өндірісімен айналысқысы келетін инвесторлардың саны артып келеді. Қазіргі уақытта жалпы сомасы шамамен 5 млрд АҚШ долларын құрайтын 10-нан астам жоба әртүрлі даму сатысында тұр. Оларды жүзеге асырудағы негізгі мәселе – жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету.
Бүгінгі таңда Үкімет алдында шикізаттық емес экспортты 2025 жылға қарай екі есе арттыру міндеті тұр. Ал экспорттың едәуір үлесін мұнай-химия өнімдері құрайды. Сонымен бірге алдағы онжылдықта көмірсутекті шикізатты тұтыну деңгейі артатыны жөнінде болжам бар. Өйткені, мұнай-химия өнеркәсібін тұтыну көлемі екі есе өседі деп күтілуде. Бұл – шамамен екі триллион долларлық нарық. Сол себепті аймақта көмірсутегі шикізатын экспорттаушылардың бірі ретінде біздің ел үшін мұнайды қайта өңдеу мен мұнай химиясы өзекті болып қала береді. Осы орайда KAZENERGY қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин модернизацияны ескерумен еліміз мұнай өңдеу көлемін жылына 17 млн тоннаға дейін арттыруды көздеп отырғандығын айтты. «Өңдеу тереңдігінің артуын, сондай-ақ K4, K5 класты жанар-жағармай материалдарының сапасының сәйкестігін ескере отырып, біз ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, сонымен қатар жанар-жағармай нарығында экспорттық әлеуеттің иесі болдық. 2018 жыл Қазақстан тарихында алғаш рет рекордтық жыл болды. Мұнай өндірісі 90 миллион тоннаны құрап, 56 миллиард текше метрге жуық газ өндірілді. Яғни, бұл өнеркәсіп белсенді дамып келеді. Бұл үш ірі МӨЗ-де қайта құру жұмыстарының сәтті аяқталғанын білдіреді», – деді ол.
Мұнымен қоса, сарапшылар алдағы уақытта Қазақстан мұнай экспорты бойынша Орта Азияда көшбасшылық позициясын сақтап қалатынын айтуда. Лондондағы мұнай-газ секторы бойынша кеңес беруші және зерттеуші GlobalData компаниясының мұнай және газ бағыты бойынша директоры Радж Шехар өз аймақтары бойынша Әзербайжан мен Қазақстан мұнайдың ірі экспортшылары ретінде позициясын сақтап отырғандығын атап өтті. 2030 жылға дейінгі уақытта екі елдің әлемдік нарықта экспорттық ойыншы болуларына айтарлықтай әлеуеті бар. 2025 жылға қарай мұнай өнімдерін ең көп тұтынатын мемлекеттерге тоқталған ол қазіргі уақытта әлем бойынша мұнай қорының 33%-і –Таяу Шығыста, 20%-і – Солтүстік Америкада, 13%-і – ТМД елдерінде, 10%-і – Африкада, 7%-і – Оңтүстік Америкада, 4%-і – Еуропада шоғырланғандығын айтып өтті. Шикі мұнайды қабылдайтын басты аймақ – Еуропа елдері (75%). Бұл ретте Қазақстанның белсенділігін ерекше атап өту керек. Өзінің географиялық артықшылығын пайдалана отырып, Қазақстан батысында – Каспий теңізі, шығысында – Қытай арқылы мұнай экспортын арттыруды көздейді. Мұнай өнімдерін өндіру туралы мәліметтерге тоқталған халықаралық сарапшы Қазақстан мен Түрікменстан мұнай өңдеу қуаттылығының көшбасшысы болып табылатындығын атап өтті. Ол сонымен бірге Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең жақын бәсекелестері туралы айтты. Яғни, бұл тұста Ресей мен Иран сияқты елдер бәсекелестік артықшылықтарға ие. GlobalData өкілінің айтуынша, мұнай өнімдерін тұтыну жағынан биыл АҚШ көш басында тұрғанымен, 2025 жылға қарай Қытай нарықтың ең үлкен үлесіне ие болады. Қытай мен Үндістанның келешекте мұнай өнімдеріне деген сұранысы арта береді. Әрине, баламалы энергия көздерін іздеу, отын мен қалдықтарды шығару бойынша стандарттарды енгізу, қысқа және ұзақ мерзімде сұраныс өсімін шектеу мәселелері бар. Әйтсе де, мотор майы, бензин, дизель отыны, сондай-ақ төмендетілген мұнай-газ – негізгі сұраныстың басты факторлары болып қалады. Сонымен қатар Орталық Азияда мұнай өнімдеріне сұраныс 30%-ке артқан және бұл тенденция әлі сақталады. «Орталық Азия елдеріндегі мұнай өңдеу зауыттарының қуаттылығын арттыру ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аймақ мұхитпен шектеспейтіндіктен, табысты тек экспортты арттырумен ғана көбейтуге болады», – деді халық­аралық сарапшы.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру