Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Ақсу қант зауыты қызылша қабылдауды бастады

20 қыркүйектен бастап Ақсу қант зауыты 2019 жылдың қант қызылшасының алғашқы өнімін қабылдай бастады.

Бірінші күні Ақсу және Сарқан аудандарының кәсіпкерлері кәсіп­орынның дайындау пунктіне 450 тоннадан астам тәтті түбірді әкелді. Жақын арада Алакөл ауданының қызылша өсірушілері өнім жөнелтетін болады.
Ақсу ауданының «Ақмол» сер­вистік-дайындау орталығы алғаш­қылардың бірі болып қызылшаны зауытқа әкелді. Сервистік-дайын­дау орталығы 2018 жылы құрылып, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы қант қызылшасының элиталық тұ­қымдарымен ауыл шаруашылығы техникасын алды. Соның арқасында «Ақмол» СДО биыл қызылша алқа­бын 70 гектардан 110 гектарға дейін ұл­ғайтты.
«Биыл жақсы өнім болады деп күтіп отырмыз. Қызылшаның орташа өнімділігі гектарына 600 центнерді құрады. Бірінші күні біз кәсіпорынға 250 тонна қызылша әкелдік. Жалпы биыл 6 мың тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отырмыз», – деді «Ақмол» СДО директоры Берік Тынышбаев.
2017-2018 жылдарыАқсу қант зауыты 170,3 мың тонна қант қызыл­шасын қабылдап, 13 мың тонна қант шығарды. Осы жылы 200 мың тонна қызылша қабылдап, 20 мың тонна таза қант құмын шығару жоспарлануда. «АқсуҚант» ЖШС бас директоры Самат Нәдірбаевтың айтуынша, қант өндірісі қазан айында басталады.
«Биыл зауытты жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтаймыз. Бұл өз кезегінде өндірісті 4 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Үшінші кезең аяқталғаннан кейін толық өндірістік қуаттылығына көшеміз. Ол кезде кәсіпорын тәулігіне 4,5 мың тонна өнім шығара алады», – деді Самат Нәдірбаев.
Қазіргі уақытта зауытта 260 адам еңбек етеді,өндіріс басталысымен жұмысшылардың саны 550 адамға дейін артады.
Айта кетейік, Ақсу қант зауыты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 2017 жылы қайта жаңғыртылып, іске қосылды.
Кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын280 дана және 28 жабдық жиынтығы мен ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілді.
Жалпы өңірде қант қызылша­сын жаңғырту мен дамыту мақсатында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен қызылша бағыты бойынша 29 сервистік-дайындау орталығы құрыл­ған. Оларға 603 ауыл шаруа­шылығы техникасы және 60 мың дана егін тұқымы берілді. Сервистік-дайындау орталықтарын құру нәтижесінде қант қызылшасының жалпы көлемі 2014 жылы 24 мың тоннадан 2018 жылы 440 мың тоннаға дейін көбейген. Егістік алаңы 2014 жылы 1 200 га-дан 2019 жылы 14 мың га дейін ұлғайды.

Диас БЕЙСЕНБЕК


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру