Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Аграрлық ғылымның мәртебелі міндеттері

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында қазақ-қырғыз арасында «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды. Айналайын Косыгин, байталымды қайтарды» деген әзілінен ақиқаты басым әпсана кеңінен тараған-ды. Бүгінгі көнекөз кісілер бұл шумақтың Кеңестер одағының экономикасына, соның ішінде ауыл шаруашылығына түбегейлі бетбұрыс алып келген «Косыгин реформасына» қатыстылығын жыр қылып айтады. Айтатындай да бар. Бұл кезеңде өндіріс пен ғылымды басқару бір іздендіріліп, зерттеу жүргізудің академия-институт зертханаларынан дала қосыны мен мал отарларындағы бекеттеріне дейінгі сындарлы жүйесі жасалып, жолға қойылды.
Мәселен, сол кезгі астана – Алматыда мал және егін шаруашылығының, көгал мен жайылымның түйінді мәселелерін шешумен айналысқан оншақты ғылыми-зерттеу институттары, облыс орталықтары мен ірі шаруашылықтарда ғылыми-тәжірибелік стансалар жұмыс істеді, ал академик Александр Иванович Бараевтың Шортандыдағы астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік институтының жетістіктері әлемге әйгілі болды. Мал тұқымын асылдандыру, жаңа астық, жеміс-көкөніс сұрыптарын шығару жоспарлы түрде қарқынмен жүргізілді. Алайда, тоқсаныншы жылдардағы түбегейлі ойластырылмаған жекешелендіру кезеңінде осы аталған ғылым ордалары мен тәжірибе шаруашылықтары таратылды, олардың ондаған жылдар бойы тірнектеп жиған жетістіктері желге ұшып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Дегенмен, ештен кеш жақсы деген, аграрлық сала өнімділігін арттыруға ғылымның қосар үлесі мәселесінің мемлекеттік деңгейде көтеріліп, алға нақты міндеттердің қойылуы көңілге үміт ұялатады. Саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндірістік шығыстарды төмендету, дақылдардың түсімділігі мен жануарлардың өнімділігін ұлғайту үшін өндірісті, білім мен ғылымды тығыз ұштастыру, отандық ғылыми зерттеулерді әзірлеу мен енгізу, тиімді шетелдік технологияларды қолдану, елдің аграрлық нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау мен қайта даярлау, шетелдік мамандар мен ғалымдарды тарту негізінде аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің жедел инновациялық дамуын қамтамасыз ету күн тәртібіне көтерілді. Түйткілдерді таразылаған сарапшылар кейінгі жылдары отандық аграрлық ғылымның дамуы кенжелеп, кадрлардың ғылыми әлеуеті, кәсіби деңгейі айтарлықтай төмендегенін анықтады. Мәселен, ұлттық аграрлық ғылым-білім орталықтары қызметкерлерінің тек 20 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Соңғы 10 жылда ғылыми кадрлардың саны 8 пайызға қысқарып, ұрпақ алмасу үдерісінде ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орташа жасы 57 жастан асып, аға ғылыми қызметкерлер 65 жаста, жетекші және аға ғылыми қызметкерлер 54 жаста болып отыр. Ауыл шаруашылығы мамандығына гранттардың едәуір бөлінетіндігіне қарамастан, сала жоғары білімі бар кадрларға деген айтарлықтай тапшылықты сезінуде. 2015-2017 жылдары агрокешендегі мамандарға және ғылыми кадрларға деген жалпы қажеттілік 6922 адамды, оның ішінде 2015 жылы 2240 адамды, 2016 жылы 2345, ал 2017 жылы 2337 адамды құрады. Кадр тапшылығы негізінен агроном-ғалымдар, ветеринар-дәрігерлер, зооинженерлер, ауыл шаруашылығы өндірісінің инженер-механиктері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші инженер-технологтар, экономистер, бухгалтерлер және басқа мамандықтар бойынша сезілуде. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша шаруашылықтардың шамамен 80 пайызы мамандарға деген қажеттілікті бастан кешіп отыр. Түлектер ауылда жұмыс істеуге құлықсыз. Жыл сайын мемлекеттік грантты бітіргендердің жалпы санының тек 50 пайызы ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Көптеген жұмыспен қамтылған мамандар ресми түрде ауылдық жерлерде еңбек еткенмен, бірақ іс жүзінде қалаларда тұрады. Аяққа тұсау болып отырған бұл түйткілдерді тезірек тарқату қажет. Осы ретте ел Президентінің келешегі бар, ауыл халқының 85 пайызы тұратын тірек елді мекендерді дамыту жөніндегі нұсқауынан күтеріміз көп. Бұл елді мекендердің жол, қол жетімді байланыс жүйесі, Интернет, білім беру және денсаулық сақтау нысандары, мәдениет және спорт кешендері сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуі олардың тартымдылығын арттырады. Мемлекет басшысы ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін 3 жыл ішінде 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін салуды тапсырғанын да атап өтуіміз керек. Солардың ішінде 22 нысан биыл іске қосылады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қосымша 90 миллиард теңге бөлу, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына бөлінетін қаржыны жылына 20 миллиард теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр.
Басты бағыт – 2017-2021 жылдарда агроөнеркәсіп­тік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, оны қаржылық, заңнамалық, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мәселелерін талдап шешу қажет етіледі. Мамандардың пікірінше дамыған мемлекеттерде жалпы ішкі өнім өсімінің 50-ден 90 пайызына дейінгі үлесі технологиялық ілгерілеумен және инновациялармен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте отандық агрокешенді жаңғыртудың алғышарттары технологиялық деңгей, басқару жүйесі, кадрлық әлеует болып табылатыны анық. Мемлекеттік ауқымдағы мәртебелі міндет деңгейіне көтеріліп отырған ауыл шаруашылығын ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету үшін нақты ұйымдастыру шараларын қабылдап, оларды заңнамалық тұрғыдан қолдау қажеттігі дау туғызбайды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру