Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Көрсеткіш жақсарса – мүмкіндік кеңейеді

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингіндегі және басқа да рейтингтердегі Қазақстанның позицияларын жақсарту шаралары талқыланды. Бұдан өзге, жиында Жамбыл облысының жеке қосалқы шаруашылықтарын қолдау бойынша пилоттық жоба қаралды.

Бизнес ахуалды жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, құрылысқа рұқсат алу және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту тәртібін жеңілдету туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр, білім беру саласындағы халықаралық көрсеткіштерді жақсарту туралы білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, саудадағы индикаторларды арттыру шаралары туралы сауда және интеграция вице-министрі А.Асқарұлы айтып берді.
Биылғы сәуірде Парламент жетінші заңнамалық түзетулерді қабылдады. Онда құрылыс саласында «бір терезе» қағидатын енгізу, келісім-шарттарды орындау мәселесін оңтайландыру, салық салу саласында реформаларды іске асыру шаралары бар. Сондай-ақ кәсіпкерлер арасында түсіндіру бойынша үлкен жұмыстар атқарылды.
«Қазіргі кезде Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингте әлемнің 190 елі арасында 28 орында. Жалпы, аталған рейтинг бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған реформалардың қаншалықты тиімді екенін көрсетеді. Бұл, әрине, еліміздің инвестициялық тартымдылығына ықпал етіп, жаңа жобалар мен өндірістерді құруға қатысты мүмкіндіктерді білуге жол ашады», – деді А.Мамин.
Осы орайда Үкімет басшысы Дүниежүзілік банктің еліміздің қалалары мен өңірлерінде бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінің қорытындысы бойынша Алматы қаласы мен Маңғыстау және Ақтөбе облыстары әкімдерінің тиімді жұмысын атап өтті. Энергетика, темір жол көлігі, АКТ салаларында жақсы көрсеткіштерге қол жеткеніне тоқтала келе, Премьер-министр мұнымен қоса, халықаралық сауда, денсаулық сақтау және қаржы секторындағы көрсеткіштерді жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажеттігіне назар аударды.
А.Мамин Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту бойынша сегізінші түзетулер топтамасын Үкіметке ұсынуды тапсырды. Бұл топтама кәсіпорындарды ашу және меншікті тіркеу, құрылысқа рұқсат алу және электрмен жабдықтау жүйелеріне қосу кезінде инвесторлар үшін маңызды бизнес-процестерді жеңілдету реформаларын көздейді. Сонымен қатар еліміздің халықаралық рейтингтердегі позициясын одан әрі жақсарту үшін бір ай мерзімде қолда бар іс-шаралар жоспарларын өзектендіріп, жаңа іс-шаралар жоспарын қабылдауды, сондай-ақ бағдарламалық құжаттарда осы рейтингтерде Қазақстанның ұстанымын жақсарту жөніндегі нысаналы индикаторларды бекіту мәселесін пысықтауды тапсырды. Қалалар мен облыстардың әкімдері жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыруы және бизнес жүргізуге, инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасауы, инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмысты күшейтуі қажеттігі ескертілді. Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі орны жөніндегі мәселе Үкіметтің Жобалық кеңсесінің тұрақты бақылауында болады.
Отырыста сондай-ақ ауылдарда жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау арқылы Жамбыл облысының тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру жолдары қаралды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған пилоттық жоба бойынша тапсырмаларын іске асыру тетігін әзірлеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Р.Құрманов, сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Б.Сапарбаев баяндады.
Жоба өсімдік шаруашылығы, мал және құс шаруашылығын дамыту үшін үй іргесіндегі телімдерді, сондай-ақ елді мекендерден тыс жерлерде әр ауыл тұрғынына тиесілі жер ресурстарын тиімді пайдалану, әр ауылдық округте қажетті техника, құрал-жабдықтармен және айналым қаражаттарымен кооператив құру бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау шараларын қарастырады. Пилоттық жобаны іске асыруға келесі жылдың соңына дейін игеру кезеңімен шамамен 46,4 млрд теңге қажет. Биыл бастапқы кезеңде облыстың 10 ауданының 10 ауылдық округіне 7,2 млрд теңге қажет, оларды 2459 шағын несие беруге, оның ішінде 492 стартап-жобаға беруге бағыттау көзделген. Шағын несиелерді ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда соңғы қарыз алушыға жылдық 2,5% және 7 жылдан аспайтын мерзімге беру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Еңбек» Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 0,01% мөлшерлемемен облыс әкімдігіне бюджеттік несие беруді ұсынады. Әкімдік өз кезегінде сенімді агентті тартумен халыққа одан әрі несие беруді жүзеге асырады. Бұл ретте «Тараз» ӘКК сенімді агент ретінде әрекет етеді және соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі 2,5% құрайды.
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне қыркүйек айының соңына дейін пилоттық жобаны іске асыру тетігін қарауға енгізіп, сондай-ақ жарияланған көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізудің тиісті бақылауын қамтамасыз етуді тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру