Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Мемлекет басшысының Қытайға ресми сапары

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға екікүндік ресми сапармен барып қайтты. Мемлекет басшысы қызу іскерлік сипаттағы бұл сапарында еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін тағы бір мәрте жоғары көтеріп, Аспанасты елімен қалыптасқан достық қарым-қатынастың одан әрі нығаюына назар аударды, экономикалық бағыттағы келісімдерімізді бекіте түсті.

Исатай ҚАМБАРОВ

Президент Қ.Тоқаевтың мем­лекеттік сапары Қытай Ком­мунистік партиясы Орталық Ко­митеті Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жө­індегі бас­қарушы топ Канцеля­риясының бастығы Ян Цзечимен кездесуден басталды.
«Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мемлекет деп есептейміз. Сондай-ақ, әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел екенін де негізге аламыз. Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді. Біз Қазақстанның Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен халықаралық аренадағы басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қытай мемлекетіне ризашылық білдіреміз», – деді Мемлекет басшысы кездесу барысында.

Бірлескен инновациялық кәсіпорындар құрылады

Мемлекет басшысы аса маңызды шара – Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысты. Ол өз сөзінде екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4 пайызға артып, 12 миллиард долларға жеткенін айтты.
«Біз қытайлық компаниялармен бірлескен инновациялық кәсіпорындар мен ІТ-орталықтар құруға мүдделіміз. Елордамыз Нұр-Сұлтанда «Астана Хаб» ІТ-стартаптарының халықаралық технопаркі ашылды. Мұнда Big DATA, интернет заттар, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және суперкомпьютерлер бағыттары бойынша әзірлемелер қарқынды дамуда. Бұл технопарктің жұмысына қатысушылар үшін жеңілдетілген визалық, еңбек және салық режимдері қарастырылған», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселесін қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, қытайлық инвесторларды серіктес болуға шақырды.

Юаньмен операциялар жоспарлануда

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР іскерлік орта өкілдерімен кездесті. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржы саласындағы қарым-қатынастың мүмкіндігі зор екеніне тоқталды. Бұл мәселеде «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды рөл атқаратынын еске салды. Президент «Астана» ХҚО базасында RMB Connect механизмі құрылатынын жеткізді.
«RMB Connect жобасы юаньмен инвестициялар салуға мүмкіндік береді. Жаңа экожүйе Қытай юанінің әлемге таралуына елеулі үлес қосатынына және Қазақстан кәсіпорындары мен өңірдегі өзге елдер үшін юаньмен операция жасау бойынша жаңа есеп айырысу-клиринг орталығына айналатынына сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.

Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьерімен кездесу

Ғылымдар академиясында лекция оқыған тағы бір маңызды шарадан кейін Қазақстан Президенті ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын, екіжақты әріптестік барысында сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық әлеуетте көптеген нәтижелерге қол жеткенін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына оң баға берді.
Өз кезегінде Ли Кэцян Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға сапары Қазақстан-Қытай байланыстарын одан әрі нығайтуға зор септігін тигізетінін атап өтті.

Маңызды 10 құжатқа қол қойылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі;
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы авиациялық іздеу және азаматтық әуе кемелерін құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты (НЖ ЖЭС) мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) құрылысын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыруға байланысты өзара көмек туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы ҚХР Үкіметінің Қазақстан тарапына суперкомпьютер беру жобасы жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;
5. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын сүт өнімдеріне қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
7. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын жүн шикізатына қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
8. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы зияткерлік меншік құқығын шекара маңы қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандум;
9. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын зығырға қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
10. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы кеден шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын алып өту туралы алдын ала ақпарат алмасу жөніндегі техникалық спецификация.

Сапар қорытындылары екіжақты қарым-қатынасқатың серпін береді

Мемлекет басшысы ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиыны тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшумен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Чжаньшуды ҚХР-дың 70 жылдық мерекесімен құттықтап, Қытайға мемлекеттік сапары барысында жасалған өзара тиімді уағдаластықтар жөнінде айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшы­сы екі күнге созылған сапарын қоры­тындылады.
«Кешегі келіссөздер сәтті өтті. Қытай – Қазақстанның үлкен көршісі. Сондықтан біз екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастығымызды ескере отырып, Төраға Си Цзиньпинмен Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Онда біздің әріптестігіміз стратегиялық және ұзақ мерзімді мәнге ие екені көрсетілген. Бұл сапарымның қорытындыларына қанағаттануға барлық негіз бар», – деді Президент.
Шын мәнінде мемлекет бас­шысының бұл сапары Қазақ­стан мен Қытай арасындағы мем­лекеттік қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтап отыр. Шетелдік сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан басшысы екі елдің дамуында жаңашылдыққа бетбұрыс байқалатынына назар аударады. Бірлескен инновациялық кәсіпорындар мен ІТ-орталықтар құру мәселелері күн тәртібіне өткір қойылуы да осыны аңғартса керек. Сапардың ең басты қорытындысы – Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен терезесі тең деңгейде келіссөздер жүргізіп, аса маңызды 10 құжатқа қол қойды. Сөйтіп, бұл достастық қарым-қатынасқа тың серпін берген, мемлекетіміз басшысының өзі айтқандай: «қанағаттануға барлық негіз бар» сәтті сапар болып, дамуымыздың жаңа сипат алуына берік негіз қалады.

Исатай ҚАМБАРОВ

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру