Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Салық кодексіне өзгерістер ұсынылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамдағы күшейе түскен мүліктік жіктелу үдерісіне алаңдатарлық фактор ретінде ерекше назар аударды. Ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән бере отырып, салық жүйесін жаңғырту қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда өткен аптада үкімет Президент Жолдауын іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының жобасын қабылдады.

Реформалаудың жаңа кезеңінде еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттер бес бағыт бойынша айқындалған Президент Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық жоспарында қарқынды дамыған және инклюзивті экономика бағытындағы іс-шаралар 27 тармақта қамтылған. Осы ретте Ұлттық экономика министрлігі сейсенбі күні «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіруге қатысты Салық кодексіне өзгерістерді таныстырды.
Атап айтқанда, жеке тұлға­лар­дың мүлігі мен жеріне салық салу жүйесін реформалау ұсынылып отыр. Министрліктің деректері бойынша, жүргізілген талдау салық төлеушілердің жалпы санының 60%-ы 1000 теңгеге дейінгі немесе төлемдердің жалпы сомасының 4,6%-ын төлейді. Бұл ретте мем­лекетті, сондай-ақ салық төлеу­шілерді әкімшіліктендіру шығындары үлкен. Осыған байла­нысты министрлік жеке тұлға­лардың мүлік және жер салықтарын салық элементтерін (салық салу объектісі, салық базасы, мөлшерлемелер, есептеу және төлем тәртібі) өзгертпей біріктіруді ұсынып отыр. Жер телімдері және мүлік бойынша салық өз тәртібіне сәйкес жекелей есептеледі де, салық төлеушіге төлемдер түбіртегі бір сомамен келеді.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі көпқабатты тұрғын үй иелеріне салынатын жер салығын алып тастауды ұсынды. Өйткені бұл салықтың сомасы болмашы ғана болғанымен, нысандар ауқымының үлкендігі және есептеу қиындығына байланысты әкімшілік шығындардың көлемі айтарлықтай өседі, деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Тағы бір өзгеріс қолма-қол төлемдерді шектеуге қатысты болмақ. Бұл – 1000 АЕК-тан асатын, қолма-қол төленетін корпоративтік табыс салығынан шегерім жасауға тыйым салу. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, осыған ұқсас норма ҚҚС бойынша жұмыс істейді: азаматтық-құқықтық мәміле бойынша, ҚҚС есептеліп, қолма-қол ақшамен төленген тауар алу, жұмыс, қызмет көрсетуге байланысты төлеуге жататын ҚҚС сомасы, 1000 еселенген АЕК мөлшерінен асатын ҚҚС сомасы есептеуге алынбайды.
Сонымен қатар электронды қызмет түрлеріне ҚҚС төлеу қарастырылатын болды. Минис­трлікте атап өткендей, Қазақстанда сатып алушыларға қызметтерді электронды түрде көрсететін шетелдік компаниялар салық төлемейді, ал Ресей мен Беларусьте мүндай қызметтерге ҚҚС салынады. Осыған байланысты электронды қызмет түрлеріне ҚҚС белгілеу (Google-ға салық) ұсынылды. Салықты сатып алушыға тікелей қызмет көрсететін шетелдік компания төлейтін болады.
Инвестициялық салықтық жеңіл­діктер бөлімінде инвес­тициялық салық несиесін енгізу қарастырылып отыр. Бұл жаңа инвестициялар тарту, сонымен қатар жаңа өндірістер дамуын ынталандыруға бағытталған. Атап айтқанда, несие корпоративті табыс салығы және мүлік салығы бойынша үш жылға берілетін болады. Несие пайызсыз беріледі, алайда инвестициялық бағдарлама шарттары орындалмаса, өсімпұл тағайындалады. Сондай-ақ жер асты суларын өндіруге арналған келісімшарттарға инвестициялық салық жеңілдіктерін беру ұсынылды. Қазіргі таңда жер қойнауын пайдалануды келісімшарт арқылы жүзеге асыруға байланысты активтер бойынша инвестицялық салық жеңілдіктерін қолдануға тыйым салынған. Атап айтқанда, инвестициялық салық жеңілдіктері нысандар құнынан және (немесе) қайта құру, модернизациялауға кететін шығындар есебінен шеге­рімге жатқызылады.
Жолаушылар мен жүк транзитін қолдау саласында тұрақты автокөлік тасымалын үш жылға ҚҚС төлеуден босату, сонымен қатар жүкті теміржол көлігінен су көлігіне ауыстырғанда, әуе көлігіне жанармай құюда ҚҚС бойынша нөлдік мөлшерлеме белгілеу талқылауға ұсынылады.
Өндірісті дамыту үшін дилер­лердің отандық өндірушінің көлік құралдарын және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасын өткізуін ҚҚС-тан босату; өндіріс және қайта өңдеуге, мақта-мата талшығын, мақта талшығын дайындау, қант қызылшасынан қант өндіру, кондитер өнімдерін өндіру, ашытқы өндіруге жеңілдетілген салық салу (ҚҚС – 70%); экспортқа шығарылатын сыраға акциз бойынша салық базасын түзеу қарас­тырылған.
Сондай-ақ «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймақ үлгісінде бір арнайы экономикалық аймақ қатысушылары арасында айналымды жүзеге асыру бойынша ҚҚС-ты алып тастау, шикізат импорты және (немесе) көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларының құрамдас бөл­шектерін өндіруге арналған материалдар, сондай-ақ автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникаларының бөлшектерін түпкі өндірушіге және қайталама нарықта сатуды ҚҚС-тан босату ұсынылуда.
Жер қойнауын пайдалануда уран саласында тотықтандыруға күкірт қышқылын есептеу әдісін сәйкестендіру, көмірсутектерді өндіру барысында шыққан жер асты ілеспе суларын кәдеге жарату кезінде пайдалы қазбаларға салық төлеуден босату, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға лицензияларға жазбалы бонус мөлшерлемесін қайта қарау ұсынылды.
Қаржы секторында ипотекалық ұйымдар қарыз алушының қарызын кешіру кезінде корпоративті табыс салығы және жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктер, пай және пайлық инвестиялық қорларды жүзеге асыру барысында өсім құнынан кірісті жеке табыс салығынан босату, төлемдерді сақтандыру қорын ұлғайтуға жіберген кезде сақтандыру төлемдеріне кепіл­дік беру үшін Сақтандыру төлем­дерін кепілдендіру қорының инвес­тициялық кірісін салықтан босатуды қарастыру ұсынылады.
Жеке табыс салығы бойынша өзгерістер азаматтық-құқықтық сипат­тағы келісімшарттар бойынша қосарланған салық мүмкіндігін жоюға бағытталған. Қазіргі күні азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар бойынша жеке табыс салығы есептелгенде міндетті зейнетақылық жарналар сомалары алынып тасталмайды. Осы есептеу тәртібін нақтылау ұсынылды.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі фирмалық киім құнын жеке тұлғаның кірісі ретінде мойындамау, жұмыс беруші қызметкерлерді жұмыс орнына және кері жеткізуге қатысты жеке тұлғаның шығындарын мойындамаған жағдайда бұл қызметтерді көрсетуге байланысты тармақтарды келісімшарттан алып тастау мәселесін қарастырады. Демеушілік және қайырымдылық көмек (гранттарға ұқсас) қаражаты есебінен жеке табыс салығы төлемдерінен босату ұсынылады. Жоғарғы соттың сақтанушылар мен сақтандырушыларға талап ету құқығын басқаға беру туралы келісім негізінде соттарда талап ету құқы оларға өткен жағдайда мемлекеттік баж салығын, сондай-ақ сот орындаушысының іс-әрекеті шағымдарына мемлекеттік баж салығын салуға қатысты түзетулері қарастырылады.
Сондай-ақ соттарда мемлекеттік баж салығы мөлшерінің төменгі шектерін белгілеу және некені бұзу туралы арыздар бойынша мөшерлемені ұлғайту (балалар бірге тұрған жағдай ескеріліп), мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша – 10 есе, банкрот деп тану талаптары бойынша – 20 есе ұлғайту қарастырылған.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру