Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Қазақстанда бау-бақша саласының әлеуеті зор

Алматы облысының Талғар ауданы Алмалық ауылындағы помология бағында Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп «Жетісу – алманың отаны» атты Бақ күнін өткізді. Іс-шара еліміздегі аграрлық ғылым мен ауыл шаруашылығы бизнесін біріктіру мақсатында ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қолдауымен өткізілген шараға миинстрлік өкілдері, «Атамекен» ҰКП мамандары, ғалымдар, шетелдік сарапшылар, бағбандар және БАҚ өкілдері қатысты.

 

Қоршаған ортаның ластануы, климаттық өзгерістер және басқа себептерге байланысты соңғы жылдары жемістердің табиғи гендік қорына нұқсан келді. Онымен қоса республикадағы жеміс көшеттерінде бұрын-соңды болмаған бактериялық аурулардың таралу деңгейі артып келеді. Сондықтан жеміс шаруашылығы индус-триясының дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазақстандық жабайы жеміс түрлерін сақтап қалу­дың өзектілігі күн тәртібінде тұр. Осыған орай форумның басты тақырыбы «Сапалы отыр­ғызылатын материал (көшеттер) – отандық бау-бақ­шаны және ел экономикасын дамытудың басты факторы» деп аталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы атынан ҰАҒБО басқарма бастығының орынбасары Есенбай Исламов сөз сөйледі. «Қазақстанда бау-бақша саласының әлеуеті зор. Бақша өсіруде, ең алдымен, суармалы жерлерде жаңа бақ өсіру, көшеттер өсіретін отандық тәлімбақтарды дамыту, дайын өнімдерді сақтауға арналған қоймалар құру, оны қайта өңдейтін мүмкіндік жасау, саланың фитосанитарлық жағдайын жақсарту, зәкірлік кооперацияны жүзеге асыру қажет. Бақтардың аумағын ұлғайту үшін тамшылатып суару жүйесін орнату керек. Жаңа бақтарды отандық аграрлық ғылымды тарта отырып, жергілікті тәлімбақтарды дамыту есебінен жүргізіледі» деді Е.Исламов «Бақ күнінің» пленарлық отырысында.
Тұңғыш рет өткізіліп отыр­ған форумда саланың отан­­дық көшеттер мен шетелдік өнімдердің айырмашылығы, тәлімбақтардың өз өніміне кепілдік беруі, бау-бақша зиян­кестерімен күресу, жаңа мамандар даярлау, бағбандарды мемлекеттік қолдау сияқты ең өткір мәселелер қозғалды.

Мәселен, азық-түлік сег­мен­тінде отандық ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің кейбір түрінің үлесі жоғары болғанмен, басым көп­шілігі әлі де төмен деңгейде. Оның дәлелі –жемістер мен кө­көністердің дені шетелдерден әке­лінеді. Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситетінің проректоры, профессор Қ.Тілеуовтің айтуынша, соңғы жылдары орташа алғанда бір миллионнан астам тонна жеміс-жидек импортталған. ҚР-ның 2017-2021 жылдарға арналған агрокешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2021 жы­лы жеміс дақылдары мен жүзім өсіруді 65 мың гектарға дейін ұлғайту, ал жалпы өнімді 421 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Ол үшін жыл сайын жеміс көшеттерін 3 млн талға дейін, жүзім көшеттерін жылына 0,6 млн талға дейін жеткізу керек. Айталық, Қазақстанда соңғы 5 жылда шемішке және сүйекті жеміс дақылдарын егу көлемі 1,7 мың гектарға өсті, сөйтіп барлығы 44,4 тың гектар болды. Олардың 52 пайызы фермерлер және шаруа қожалықтарының үлесінде.
Сүйекті жеміс дақылдарының арасында алма көп егіледі, оның көлемі 34, 6 мың гектар. Алманың отаны Қазақстан бүгінгі күні дүние жүзінде алма өндіруден 42-орынды місе тұтып отыр. Ол негізінен оңтүстік облыстарда, Түркіс­тан, Алматы, Жамбыл өңірінде өсіріледі.
Ғалымдардың айтуынша, 2018 жылы жемістер мен жидектердің жалпы өндірісі 89 мың тоннаны құрады, яғни жан басына шаққанда 20,9 килограммнан келеді. Бұл тұрғындардың жеміс-жидектерге қажеттілігінің бар болғаны 49%-ін қамтамасыз етеді. Сол себепті жемістердің басым көпшілігі шет елдерден – Орталық Азия, Ресей, Иран, Қытайдан әкелінеді. Бұ­ның өзі республикамызда же­міс-жидектердің тапшылығының дәлелі.
Форумда бағбандар мен ғалым­дар осы саланың өзекті проблемаларын айта отырып, одан шығу­дың жолдарына да тоқталды. Айта­лық, қазір еліміздегі өнеркәсіптік бағбаншылық ішкі нарықта да, әлемдік жеміс нарығында да рентабельділік пен бәсекеге қабілеттілікті көтеруге мұқтаж. Ол үшін сұрыптық саясатты дұрыс жүргізу, заманауи технологияларды қолдану, кадрларды даярлау және қайта даярлау, оңтүстік өңірлерде ірі бау-бақша кәсіпорындарын құру, қажетті материалдық-техника­лық және қаржы құралдарымен қамтамасыз ету, т.б. мәселелер ше­шімін табуы тиіс. Сондай-ақ, қазіргі уақытта республикамыздағы бақтар мен жүзімдіктердің жартысынан астамы орта және ұсақ тауар өндірушілердің иелігінде. Бірақ, олардың көпшілігінде білікті кадрлар жетіспейді.
Форумға қатысушы ғалым­дар мен тәлімбақ иелері жеміс-жи­дек өндіруде ең дұрыс шешім – отан­дық отырғызылатын материалға (көшеттер) көшу екен­дігін тағы да атап айтты. Шет­елдік көшеттерден бас тартып, өзіміздің отандық өнімге басымдық беру бағбандар үшін де, жеміс-жидектердің гендік қорын сақтау үшін де тиімді. С.Садықовтың айтуынша, АШМ Жеміс-жидек ғылыми-зерттеу институтымен және ҰАҒБО-мен бірлесіп, бағбандарды сапалы сертификатталған көшеттермен қамтамасыз ету жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуі тиіс. «Сонда аграр­лық ғылым мен бизнес арасында тығыз байланыс қалып­тасады, ғылым сұранысқа ие болады», – деді инсти­тут директоры.
Осылайша, бау-бақшада өт­кізілген «Бақ күні» бағбандар мен ғалымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өзара қызу пікірталас алаңына айналды. Тәлімбақ қожайындары өзекті сұрақтарына жауап алды. Кәсіпкерлер қаржылық қолдауға қол жеткізу жолдарымен таныс болды. Ең бастысы, ғалымдар мен шаруалар өзара бірлесіп жұмыс істеудің нәтижелі де пайдалы боларына көз жеткізіп, ортақ тіл табысты.

Дина ИМАМБАЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру