Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Мал шаруашылығының көрсеткіштері көңіл көншітеді

Қазақтың сайын даласы, жазиралы таулары мен мен күміс көлдері ежелден мыңғырған малдың өсіп-өнуіне қолайлы мекен болып, ал төрт түліктен алынған өнімдер жергілікті жұртты ғана емес, сонымен қатар көршілес елдерді де қамтамасыз етуге молынан жетіп келеді. Заманауи технологиялар арқасында алуан өрістерге бөлініп, уақыт өткен сайын нығайып, дамып келе жатқан мал шаруашылығы экономиканың барлық тармақтарының дерлік шикізат көзі болып табылады. Сала үстіміздегі жылы да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 962,2 млрд. теңгеден 1063,5 млрд. теңгеге дейін 10,5 пайызға ұлғайғаны сөзіміздің айқын дәлелі.
Соңғы жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. Мәселен, сиыр етін өндіру 477 мың тоннаны құрады, бұл ішкі тұтынудың 98 пайызын қамтамасыз етеді. Тиісінше қой еті 150 мың тонна, шошқа еті 86 мың тонна болды. Өткен, 2018 жылдың қорытындысына сәйкес сиыр еті бойынша экспорт көлемі 19,9 мың тоннаны, қой еті 3 мың тоннаны, шошқа еті 400 тоннаны құрады. Бес жыл ішінде тұтынудың тұрақты өсімі арқасында құс етін өндіру көлемі 40 пайызға артып, 192 мың тоннаны құрады. Бұл ретте құс етін тұтыну да жоғары қарқынмен өсуде. Өнімдік жұмыртқаны экспорттау қарқыны артуда, сөйтіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша 680 млн. дана жұмыртқа экспортқа шығарылды. Сүт өндіру көлемі 5,7 млн. тоннаны құрады. Сонымен қатар жыл сайын 500 мың тоннаға жуық сүт өнімдері әкелінеді. Ірі қара мал саны 7,2 млн. басқа дейін, қой 18,7 млн. басқа дейін, жылқы 2,6 млн. басқа дейін, құс 44,3 млн. басқа дейін өсті. Агроқұрылымдардағы ауыл шаруашылығы малдары мен құс басының өсуінің оң серпін сақталуда. Аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мал шаруашылығы салаларын дамытудың ұзақ мерзімді салалық бағдарламалары қабылданып, іске асырылуда. Етті мал шаруашылығы, сүтті ірі қара мал шаруашылығы, құс шаруашылығы және шошқа шаруашылығы сияқты салаларды қамтитын төрт салалық бағдарлама қабылданды. Әрбір бағдарламада фермерлік шаруашылықтарды және өндірістік қуаттарды құру бойынша өңірлер бөлінісінде индикативтік көрсеткіштер айқындалып, мал шаруашылығы өнімін өндірудің жоспарлы көрсеткіштері белгіленген. Етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы 10 жыл ішінде 80 мың отбасылық фермерлік шаруашылықтарды құруды көздейді. Бағ­дарлама сиыр еті мен қой етінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Сүтті мал шаруашылығының ұзақ мерзімді бағдарламасы сүт өнімдерінің импортын алмастыруды көздейді. Жалпы алғанда, өнеркәсіптік және отбасылық үлгідегі сүт-тауар фермаларының санын арттыру есебінен қайта өңдеу қуаттылығын өсіру үшін сүт өндіру көлемін 1 млн.тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Меже үдесінен өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын көптеп салу арқылы шығу көзделіп отыр.
Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы құс етінің импортын алмастыру үшін жаңа өндірістік қуаттар құруды көздейді. Құс етін өндіру көлемін 3 еседен артық ұлғайту жоспарлануда. Шошқа шаруашылығын дамыту бағдарламасы Қытай нарығына шошқа етін экспорттауды дамытуға бағытталған. Жалпы шошқа етін өндіру көлемін 2 есеге ұлғайту жобаланып отыр. Сиыр еті мен қой етін көптеп өндіру, сондай-ақ экспорт көлемін кеңейту үшін ірі қара мал мен қойдың аналық басын еселеп өсіруге көңіл бөлінуде. Етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы аясында өткен жылдан бастап етті мал шаруашылығында отбасылық фермерлік шаруашылықтарды құруға жеңілдікті шарттармен кредит берудің арнайы бағдарламалары іске қосылды. Үстіміздегі жылы 683 отбасылық ферма 66,7 мың басқа несие алып, 42 мың аналық бас ірі қара мал әкелді. Мал басын сатып алудың ең жоғары көрсеткіштері Ақтөбе және Алматы облыстарында болса, ең төмен көрсеткіштері Қостанай облысында тіркелген. Қой түлігін сатып алуда көш бастап тұрғандар Батыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстары. Барлық өңірлерде сонымен қатар 536 фермерлік шаруашылық 210 мың аналық қой сатып алуға қаржыландырылды. 2020 жылға арналған жоспарлар тиісінше 200 және 600 мың басты құрайды.
Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптік және отбасылық үлгідегі сүт-тауар фермаларын салуды қаржыландыру жүзеге асырылуда. Өткен жылы 7 өнеркәсіптік кешен мен 22 отбасылық ферма жаңғыртылып, іске қосылды. Ағымдағы жылы ҚазАгро желісі бойынша 15 өнеркәсіптік кешенді қаржыландыру қарастырылса, қазіргі таңда оның екеуі іске қосылды. Жобалар әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар арқылы және инвесторлардың өз қаражаты есебінен қосымша қаржыландырылады. Сондай-ақ отбасылық үлгідегі сүт-тауар фермаларының құрылысына қомақты қаржы бөлінуде. Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында импортты алмастыру үшін құс етін өндіру көлемін арттыру бойынша шаралар қабылданып, өткен 2018 жылы Ақмола облысында «Макин құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайтын ірі жобасының бірінші кезегі іске қосылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы қуаты жылына 20 мың тонна құс етін беретін «Capital Projects LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі толық жобалық қуатына шықты. Қазіргі уақытта жалпы қуаты 74 мың тонна болатын жеті жоба қосымша жүзеге асырылуда.

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail:
Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру