Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Тауарларды сыртқа шығаруға не кедергі?

ҚР Президенті «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсетудің маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Қазақстанға сондай мүмкіндіктер берілуде. Дегенмен отандық кәсіпкерлер өз өнімдерін экспортқа шығарғанда және сырттан тауар тасымалдағанда еш қиындықтарға кезікпейді деп деп айта алмайсыз. Сондықтан да Еуразиялық экономикалық комиссия қоғамдық қабылдаудың көшпелі кеңесін Оралда өткізіп, бизнес өкілдерімен жүзбе-жүз кездесті.

Жиында айтылғандай,түйінді түйткілдер жеткілікті. Ара-тұра БҚО аумағына тауар тасымалдау барысында капиталдың, тауар­лардың, жұмысшы күшінің, көлік құрал­дарының еркін қозғалысы тәртібі сақталмайды. Экспорттық бақылау басқармасы шекарадан кіріп-шығу кезінде құжаттарды жіті қарайды. Ресейдегі транзиттік аумақта үшінші елдерден келген тауарларды тексеру барысында ондағылардың өз құзыреттерін асыра пайдаланатын жағдайлар ұшырасады. Оған қоса кедендік бекеттердің инфра­құрылымда­ры халықаралық талап­тарға сай келмейді. Жергілікті кә­сіпкерлер Ресей аумағында тауарларды тасымаладу кезінде ондағы кедендік мобильдік топтардың біліксіздігі кесірінен көп жағдайда тауарларды кері елге қайтаруға мәжбүр болады.
– Ресей мен Қазақстан елдері аумағында заңсыздықтарға тап болсаңыздар, сол бойда Еу­разиялық экономикалық ко­миссияға хабар­ласыңыздар. Кемшіліктер көбінесе білімсіз­діктің кесірінен орын алып жатады. Мұндай жағдайларда жоғары мөлшерде айыппұл салынады. Сол себептен кәсіпкерлер үшін арнайы кітап дайындалды, – деді Еуразиялық экономика­лық комиссияның бәсекелестік саясаты және мемлекеттік сатып алулар саласындағы саясат департаментінің директоры Әлия Жұмабаева.
Жиында айтылған мәлімет­терге сүйенсек, 2017 жылдан бастап комис­сияға 41 өтініш түсіп, кәсіпкерлер жолындағы 30 кедергі жағдай анық­талып, жойылған. Сонымен қатар кемші­ліктерді жоюға 7 ұсыныс бе­ріл­ген. Алайда сауда саласындағы тосқауылдар әлі де баршылық. Олар тауарлардың қауіпсіздігі­не байланысты қосымша талаптармен тығыз байланысты. Мұндай талаптар шамасы азайып келеді. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жоспарланған 56 техрегламенттің 47-сі қабылданған. Ендігі міндет қазақстандық өнімдердің серіктес елдердің нарықтарына шығуына кедергі келтіретін тосқауылдарды анықтау қажет. Бұл дегеніміз – 180 миллиондық нарық.
Көшпелі кеңестің отырысы барысында комиссия мүшелері өңірдің бизнес қауымдастығын белсенді әрі бірлесіп жұмыс істеуге, импорт және экспорт кезінде кездескен қиындықтар жайында уақытылы ақпарат алмасып отыруға шақырды. Олардың айтуынша, Қазақстанда тауар экспорты көлемі өсіп отыр. Мысалға, тамақ өнімдерін сыртқа шығару 16%-ға, ал импорттау 9%-ға артқан. Мемлекеттер арасында­ғы тауар айналымы жандан­ған. Сондықтан алда атқаратын шаруа жеткілікті. Облыстағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылаған комиссия мүшелері кәсіпкерлерді жеке қабылдап, кеңес, бағыт-бағдар берді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру