Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Жалпыұлттық шараларға жоспар құрылды

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қабылданды. Сонымен бірге ағымдағы жылдың 8 айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары қаралды.

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ә.Смайы­ловтың айтуынша, жоба 5 бағыт бойынша 81 іс-шарадан тұрады. Вице-премьер тоқталып өткендей, «Қазіргі заманғы тиімді мемлекет» I бағыты бойынша Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмы­сының тиімділігін арттыруға ба­ғытталған 11 іс-шараны іске асыру, азаматтардың өтініштерімен жұмыс сапасын күшейту, мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын кезең-кезеңімен 25%-ке қысқарту, қатысушылар үшін қолжетімділікті ескере отырып, белгілі бір жерлерде бейбіт митингілер өткізуге рұқсат беру көзделген. Сонымен қатар Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абайдың 175 жылдығын және Тәуелсіздіктің 30 жылдығын өткізу жөніндегі республикалық жоспарлар әзірленетін болады. «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» II бағыты бойынша сот шешімдерінің мониторингі мен судьяларды бағалауды енгізу, «Сот практикасының сандық аналитикасы» жүйесін сынақтан өткізу, озық халықаралық тәжірибе негізінде Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру бойынша 15 іс-шара іске асырылады. Жеке адамға қарсы бірқатар ауыр қылмыстарды, браконьерлік, әкімшілік әділет, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы шаралар енгізу бойынша 5 заң қабылдау жоспарлануда. 2020 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін Қарулы Күштер мен әскери құрылымдарды дамыту тұжырымдамасы жаңа редакцияда қабылданады. «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» III бағыты бойынша экономиканы әртараптандыру, бизнес пен банк секторын дамыту, салық және бюд­жет заңнамасы бойынша 27 іс-шара іске асырылады. Микро және шағын бизнес үшін «Бизнестің жол картасы-2025» аясында жаңа және әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылатын болады. Микро және шағын бизнес табыс салығынан және үш жылға тексеруден босатылады. Бұдан бас­қа, ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігіне, оларды қысқарту бойынша ұсыныстар енгізе отырып, талдау жүргізіледі. «Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі» IV ба­ғыты бойынша 18 іс-шара қарас­тырылған. Бұл ретте «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге кредит беру кеңейтіледі, жоғары оқу орындарының санына талдау жүргізіледі, педагогтардың, мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы ұлғайтылады. Атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру, табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік пакетті енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады. Ә.Смайыловтың атап өтуінше, «Қуатты өнірлер – қуатты ел» V бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Соның ішінде жергілікті атқарушы органдарды бағалау жүйесі қайта қаралатын болады, бюджеттің 4-деңгейіндегі кірістерді кеңейту жөнінде ұсы­ныстар әзірленеді, 3 ірі қала әкім­діктерінің құзыреті кеңейтіледі. «Сарыарқа» магистральді газ құбырына қосу үшін газ тарату желілері кезең-кезеңмен пайдалануға берілетін болады. «Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған барлық міндеттерді және сайлауалды тұғырнамасын шешуді қамтамасыз етеді. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқа­рушы органдар белгіленген мерзімдерге сәйкес ЖҰЖ іс-шара­ларын толық тәжірибелік іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. ЖҰЖ іс-шараларын іске асыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру Үкіметтің жобалау офисінде болады», – деді вице-премьер.
Ағымдағы жылғы 8 айдағы экономика жағдайы туралы баянда­ған ұлттық экономика министрі Р.Дәленов тамызда ел экономикасы орнықты серпінді сақтағанын атап өтті. 8 айда ІЖӨ өсуі 4,3%-ке дейін жеделдеді. Осының негізінде барлық халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның кредиттік рейтингін инвестициялық тартымдылық дең­гейінде растады.
Құрылыста – 11,8%, саудада – 7,6%, көлік саласында – 5,5%, ауыл шаруашылығында – 3,6%, байланыс қызметінде – 3,4%, өңдеу өнеркәсібінде, оның ішінде машина жасауда – 18%, жеңіл өнеркәсіпте – 17,4%, түсті металдарды өндіруде – 17,9%, мұнай өңдеуде – 6,2% оң өсім динамикасы байқалады. Үшінші ай қатарынан инфляция 0,2% төмен деңгейінде сақ­талды. Жылдық инфляция мақ­сат­тық дәліз шегінде тұр және 5,5% құрады.
Премьер-министр негізгі көрсет­кіштер бойынша эко­­номи­калық өсім Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында бай­қалатынын атап өтті. А.Мамин Үкіметтің басты міндеті – ІЖӨ-нің жыл сайынғы тұрақты өсуін қамта­масыз ету екенін атап өтіп, кейбір өңірлерде құрылыс, инвести­циялар, өнеркәсіп, ауыл шар­уа­шылығы және тұрғын үйлерді пай­далануға беру көрсеткіштерінің тө­мен­деуіне қатысты жағдайды қыс­­қа уақыт ішінде түзеуді тапсырды.
Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша республи­калық бюджетке кірістер 6 958,3 млрд теңгені құрады (жоспардың 101,1%-і), өсу қарқыны 119,2% құрады. Есепті кезеңдегі республика­лық бюджеттің игерілуі 98,9% құрады.
Бірқатар бағдарлама әкімші­лерінен байқалып отырған бюд­жеттің толық орындалмауына байланысты, Үкімет басшысы бюджет қара­жаттарын уақытылы игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру