Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Дау-дамайдың алдын алған абзал

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған алғашқы Жолдауында республиканың өңірлерін дамытуды баса айтты. Шынында өңірлер қуатты болса, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік әл-ауқаты айтарлықтай артатыны анық. Мемлекет басшысы бұл үшін жергілікті билік тұрғындарға әрдайым ашық болуы тиіс екенін айтты. Билік халықпен біте қайнасып жұмыс істегенде ғана нәтижесі жақсы болатынын жеткізді. Әсіресе, ауыл шаруашылығымен айналысушыларға барынша қолдау көрсетіп, олардың өнімдерін әлемдік нарыққа шығарғанда ғана табыстары молайып, жағдайлары жақсара түсетінін жеткізді.

Бұл ретте жергілікті жердегі еңбек адамдары өздерінің құқықтарын жақсы білуі тиіс. Сонымен олардың мүддесін қорғап, нақты көмек жасайтын ұйымдар мен мемлекеттік органдардың бар екенін айқын білуі керек.
Қазір еңбек даулары туындауы мүмкін жұмыс орындарында күнделікті мониторинг жүргізіледі. Біз мемлекеттік органдардың назарын «кикілжің алаңдарына», мәселелі кәсіпорындарға аударамыз. Осы орайда әлеуметтік шиеленісушілікке жол бермеу үшін әлеуметтік әріптестермен бірлесе шаралар қолдану қажет.
Осындай байланыстың арқа­сында Маңғыстау облысындағы «Оil Service Company» және «Мұ­найфилдсервис» компанияларында, Қостанай облысының Тобыл бекетінде, Ақтөбе облысының «СНПС Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорны мен басқа да көптеген мекемелерде еңбек даулары бастапқы кезде-ақ шешімін тапты.
Біз қазақстандық және шетел­дік жұмысшылардың еңбек­ақы жүйесінде кемсітуге жол бермеу мақсатында елеулі жұмыстар атқардық. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин Мұғалжар ауданы Мұңайлы Жаңажол ауылында жер қойнауын пайдаланушылар және Ақтөбе облысының басшылығымен өткізген отырыста еңбектегі кемсітушілік фактілерін жою және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді. Осы отырыс аясында кәсіпорын басшыларына қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасында ұқсас қызметтерде еңбекақы бойынша кемсіту фактілерін болдырмау туралы ұсыныстар айтылды.
Қазіргі басты міндеттің бірі –еңбек дауларының алдын-алу және шешу. Оларды сотқа дейінгі тәртіпте келісу рәсімдері арқылы шешу үшін Жоғарғы сот және Кәсіподақтар федерациясы арасында тұңғыш рет өзара әріптестік туралы мемо­рандумға қол қойылды. Меморан­дум аясында барлық аумақтық кә­сіп­одақтар бірлестіктері арасында 17 татуласу орталықтары құрылды. 2018 жылғы наурыздан бастап «Татуласу орталықтарында» 3 мыңнан аса медиациялық рәсімдер өткізілді, оның еңбек дауларына қатысты 1590-ы оң шешімін тапты.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жұмыс орындарын сақтау бойынша жұмыс берушілермен мақсатты жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда жұмыс орындарын сақтау бойынша 126 мыңнан аса меморандум бекітіліп, еліміз бойынша 2 млн. 292 мың еңбеккерді қамтыды.
Бүгінгі күн тәртібінде тұрған маң­ызды мәселелердің бірі – лайықты еңбек шарттарын қалып­тастыру, лайықты еңбек­ақыны қамтамасыз ету. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ірі компаниялармен жалақысы төмен еңбеккерлердің еңбекақысын көтеру бойынша жұмыстар жүргізілді. 2019 жылғы 1 тамызға дейін республика бойынша 199,6 мың жұмыс беруші 1,1 млн. еңбеккердің жалақысын көтерді. Олардың 1916-сы – ірі, 2916 -сы орта және 194 мыңы шағын кәсіпкерлік субъектілері.
Қазіргі таңда салалық келісім­дерге, ұжымдық шарттарға тариф­тік мөлшерлеме көлемдері мен разрядаралық коэффиценттерді өзгертуге қатысты өзгерістер мен қосымшалар енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіподақтар федерациясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ең төменгі жалақыны белгілеу үшін кри­терийлерді анықтау, сондай-ақ, ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін еңбек­керлердің бірыңғай жалақы жүйесін әзірлеу қажеттігі туралы ұсынысқа бастамашы болды.
Негізі Қазақстанның әр кә­сіпорнында әлеуметтік тұрақты­лықты қолдау механизмдері мен стандарттарын әзірлеу қажет. Сонымен қатар 2020-2025 жылдарға арналған «Лайықты еңбек – адам әл-ауқаты мен мемлекеттік даму негізі» ұлттық бағдарламасын әзірлеу­дің уақыты келді деп есептейміз. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстанда Халықаралық Еңбек Ұйымының лайықты еңбек тұжырымдамасында қалыптасқан лайықты еңбек стандарттарын насихаттау.
Жұмысшылардың еңбекті қорғау жүйесін басқаруға қатысуының ұтымды механизмі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер болып табылады. Кеңестерді құру және қызметі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 203-бабында бекітіл­ген. Кәсіпорындарда 14792 еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құрылған және жұмыс істейді, олардың 79,4 пайызы кәсіподақтардың бастамасымен құрылды. 2018 жылы еңбек­ті қорғау жөніндегі техникалық инс­пекторлар 70 мыңнан аса тек­серіс өткізіп, еңбекті қорғау және қоршаған ортаға қатысты 126 мың заң бұзушылықты анықтады. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын жұмыстарды тоқтата тұру туралы 322 талап қойылды.

Бақытжан Әбдірайым,
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар
федерациясының төрағасы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру