Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

АХҚО-ның ғаламдық маңызы артуда

«Астана» халықаралық қаржы орталығының ғаламдық деңгейде таныла бастағаны тағы бір мәрте айқын дәлелденді. Таяуда әлем бойынша беделді ақпарат көзінің бірі – «Forbes» өз сайтында бірнеше елдің қаржылық құрылымдарында басшылық қызмет атқарған, қазір де бірқатар мемлекеттерде кеңесшілік қызмет көрсетіп жүрген белгілі экономист-сарапшы Райнер Майкл Прайсстың мақаласын жариялады. Ол «АХҚО өз құрылымында бұрынғыдан да маңыздырақ мән иеленді», деп баға берді.

Қазақстан – қытайлық «Бір белдік» ұсыныстың орталықазиялық «айылбасы» және бұл ел инфрақұрылымдық салымдар түрінде жүздеген миллиондаған долларлар тартуда, дейді сарапшы.
Өзінің «Америкаға байырғы айбындылығын қайтарамыз» ұранымен Дональд Трамп АҚШ президенті болған сәттен бастап, жаһандану екінші кезекке ығысты да, әлемдік дезинтеграция басталды. Брекзит пен америкалық-қытайлық сауда текетіресі – осы тренд салдарының жарқын айғағы. Forbes нұсқасы бойынша Тайвань тізіміндегі миллиардерлердің үздігі – Apple смартфондарының ірі өндірушісі Foxconn компаниясының иесі және Қытайдың жеке секторындағы ірі жұмыс беруші – Терри Гуо таяуда, қытайлық және аме­рикалық жүйелердің арасында жиірек таңдау жасауға мәжбүр, технологиялық компанияларға да «Бір әлем – екі жүйе» әлемдік тәртібі әсер ететінін мәлімдеді.
Келешекте капитал тарту арқылы нақ осындай жағдайға қаржылық нарықтар да душар болуы мүмкін. Тиісінше, қазақстандық Астанада АХҚО-ның өмірге келуі, бұрынғыға қарағанда да маңыздырақ мәнге ие болды. АҚШ-пен қырғи-қабақ соғыс жағдайына душар болған Қытай өзінің асқақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасына күш жұмылдыруға ынта білдіріп отыр.
Қазақстан мен АХҚО – осы бастаманың түйінді элементтері. АҚШ-тың алдыңғы қатарлы Goldman Sachs инвестициялық банкі АХҚО биржасының (AIX) 4,1%-ын сатып алған. Сон­дай-ақ акционерлердің ішін­де Шанхай қор биржасы мен қытайлық Жібек жолы қоры да бар, ал әйгілі Nasdaq тех­нологиялық серіктес болып табылады. Егерде АХҚО-ның бастамасы соншалықты серпінді болмаса да, қазір біртіндеп ілгерілеушілік тұрақтай бастаған. Жақында AIX өз аумағында тиімділікті арттыруға және халықаралық инвесторлардың сенімін нығайтуға бағытталған бірқатар шараларын жария етті.

Бір мезгілде төрт ұсыныс: мультивалюталық есептеулер моделі, қысқа мерзімді сатуды өтейтін кредиттеу моделі және құнды қағаздарды қарызға алу, және кастодиандық модельдер ұсынылды.
Қытайлық инвестициялар (Батыста барған сайын алаңдаушылық тудырып отырған) қазіргі кезде АХҚО-да басымырақ көрініс тапқан. Қазақстан – «Бір белдеу» бастамасының орталықазиялық «айылбасы», және де бұл ел инфра­құрылымдық салымдар түрінде – Еуропаға темір жолмен тауарлар тасымалдауға мүмкіндік беретін темір жолдарына инвестициялардан бастап, құбыр желілері мен екі мемлекеттің шекаралары бойындағы терминалдардың қайта құрылысына дейін – жүздеген миллион долларлар алуда. AIX пен Шанхай биржасының әріптес­тігі жекешелендіру бағдарлама­сын, Қазақстандағы инвестициялау үдерісін одан әрі іске асыруды қалап отырған қытайлық инвесторлардың үмітін жеңілдете түскендей.
– Жергілікті және аймақтық деңгейлерде шоғырландырылатын капиталдар, қаржылық юрисдикциясы жақынырақ орналасқан, Орта Азияның қақ ортасындағы елдегі, сапалы банктік қызметтерді іздестіретін болады, – деп есептейді АХҚО-ның банктермен жұмыс жөніндегі директоры Хайнер Хартвич.
ҚР Ұлттық банкінде АХҚО қазір KASE-мен (Қазақстан қор биржасы – 1993 ж. құрылған, штаб-пәтері Алматы қ. орналасқан, акциялар нарығын капиталдандыру бойынша ТМД биржалары арасында екінші орында – ред.) емес, Лондон, Гонконг және Дубай биржалары сияқты қалыптасқан нарықтармен бәсекелесуі тиіс деп санайды. Бұл екі нарық алаңы қарама-қайшылыққа түспей, керісінше, қазақстандық бағалы қағаздар нарығының дамуын біртұтас тұрғыдан қамтамасыз етуі қажет. Реттеушіден лицензия алған компаниялардың AIX-те қызмет көрсетуін ашу мәселесі талқылану үстінде.
АХҚО өзін, нарықта енді ғана пайда болған бәсекелес емес, бүкіл әлемдегі жұмыс істеп жатқан және жаңа қаржы орталықтары дамуының алдыңғы шебіндегі, тығыз ынтымақтастыққа ниеттенген әріптес ретінде сезінеді. Ол – Орталық Азия аймағындағы іскер және қаржылық хаб. Әлемдік экономиканың үлес салмағы бүгін­де шығысқа қарай ойысқан және де бұл үдерісте Еуразия елеулі орын алады. Сондықтан да аймаққа өзінің жеке қаржылық орталығы аудай қажет, деп түйіндейді Forbes-тың инвестициялық кеңесшісі Райнер Майкл Прайсс.
Газетіміздің таяудағы нөмір­лерінің бірінде біз АХҚО жұ­мысының 2018 жылғы қоры­тын­­дыларын жарияладық. Сонда былай деп атап көрсетілген: «Алдағы уақыттарда АХҚО Биржасы Қордың телекоммуникация, әуе тасымалы, теміржол тасымалы, мұнай, энергетикалық, тау-кен өндіру салаларындағы акциялары жария орналастырылады деп күтілген компанияларға арналған платформа болмақ. Қазіргі заманғы жаһандық әлемде тәуелсіз мемлекеттер бір-біріне тәуелді болып бара жатыр. Гүлденген, экономикалық тұрғыда дамыған өңірді құру Қазақстан мен барлық көршілес елдер үшін басымдық болып табылады. Мемлекеттің орнықтылығы, қолайлы іскерлік ахуал, инвестициялардың барлық деңгейдегі құқықтық кепілі елі­міздің өңірдің қаржы хабы ретінде дамуының негізгі факторлары бо­луы тиіс».
Бүгінгі күні біз АХҚО-ның шын мәнінде бүкіл осы өңір үшін, тек Орталық Азия емес, Ресейдің өзін қоса есептегендегі Еуразиялық кеңістікте аса маңызды қаржылық орталыққа айнала бастағаны­­ның куәсі болып отырмыз. Әрине, әлемдік экономикадағы өте күр­делі жағдайлардың әсері де, сол­түстіктегі ежелгі достас мемлекет – Ресейдің де, оңтүстіктегі байырғы құдайы көршіміз – Қытайдың да бастан кешіп жат­қан жайттары біздің елімізді өз дамуында оңтайлы шешімдер қабыл­дауына міндеттейтіні даусыз. Сондықтан «Астана» халықаралық қаржылық орталығы өзінің тікелей іс-қимылы ауқымында осындай маңызды сәтте тың талаптарды ілкімді реттей білсе, сөз жоқ, аймақта ғана шекте­ліп қалмай, ғаламдық деңгейде қа­рымды қаржылық орталықтардың бі­ріне айналуы әбден мүмкін.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру