Валюта бағамы: $ 384.97 427.12 6.04 ¥ 54.75

Жаңа қалқымалы көпір пайдалануға берілді

Жайық өзені Батыс Қазақстан облысының Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Ақжайық аудандарының аумағымен өтеді. Өзеннің облыс орталығы Орал қаласы маңында екі бірдей көпір болғанымен, өзеннің екі бетіне қоныстанған Ақжайық ауданының тұрғындары өткелге мұқтаж-тұғын.

Ауданның бұқар бетіндегі 10 мыңға жуық тұрғыны оң жақ беттегі аудан орталығына тіке қатыса алмай, Атырау облысының Индер ауданы арқылы айналып, жол машақатын тартып жүретін. Тек ақжайықтықтар ғана емес, жаңа көпірдің қызығын енді Теректі ауданының бірқатар елді мекені, соның ішінде Шағатай, Қызылжар ауылдарының тұрғындары да көретін болды.
Қалқымалы көпір құрылысына облыстық бюджеттен 175 млн. теңге бөлінген. Көпірдің ұзындығы 128 метр және ол 60 тонналық салмақты көтереді. Жаяу жүргіншілерге ар­налған жолақ та бар. Көпірден түнге қарай өту үшін электр шамдары орна­тылған. Қалқымалы көпірді жобалап, жергілікті материалдардан жасап шығарған «Орал кеме жасау және кеме жөндеу» компаниясы.
Жаңа көпірдің ашылуына қа­тысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев бұл көпірдің қос ауданның дамуына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға игі әсері болатынын айтып, оның игілігін көруге жарасын, деген тілегін білдірді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру