Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Инфляция нысаналы дәліз шегінде қалыптасады

Сатистика деректеріне сәйкес нақты инфляция ағымдағы кезеңде күтілген деңгейден жоғары болып қалыптасып отыр және тамыз айының қорытындылары бойынша 5,5 пайызға жетті. Тұтынушылық сұраныстың кеңеюінен туындаған проинфляциялық қысым алдыңғы болжаммен салыстырғанда ұлғайып, мұның өзі инфляцияны 2019 жылдың соңына қарай 5,7-5,8 пайыз деңгейіндегі нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне итермелеуде. Орташа мерзімді болжамды болашақта 2020 жылы инфляция аздап баяулай отырып, нысаналы 4-6 пайыз дәліздің ішінде болады деп күтіліп отыр. Осыған орай Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені жылдық 9,25 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.
2019 жылғы 7 айда экономиканың өсуі Ұлттық Банктің болжамынан жоғары 4,2 пайыз деңгейінде қалыптасты, бұл экономикада проинфляциялық қысымды туындатады. Банктің ақпараттық қызметі инфляция бойынша баяндалған бағдарға жету мақ­сатында бас банк базалық мөлшерлеме жөніндегі бұдан кейінгі шешімдерді нысаналы дәлізге қатысты қалыптасып отырған және болжанып отырған инфляция серпінінің сәйкес келуін, ішкі сұраныс тарапынан тәуекелдердің іске асырылуын, импорт өсімі мен әлемдік экономикадағы жағдайды есепке ала отырып қабылдайтыны жөнінде мәлімдеді. 2019 жылғы тамызда жылдық инфляция 5,5 пайыздық деңгейде қалыптасқан. Инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік тауарлары қосып отыр, оларға бағалардың жылдық өсуі 9 пайыз шамасында. Сыртқы сұраныстың артуы және ішкі ұсыныстың төмендеуі аясында ет, нан-тоқаш өнімдері мен жарманың бағасы өсті. Бұл топтар бойынша жылдық өсу тиісінше 12,8 пайыз және 12,6 пайыз болды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы жылдық көрсеткіш бойынша 5,7 пайыздық қалыпты өсу қарқынын көрсетіп отыр. Бүкіл топ бағаларының жалпы өсуін бензин құнының төмендеуі және дизель отыны бағасының тұрақты болуы шектеуде. Ақылы қызметтер бағасының серпіні жылдық көрсеткіш бойынша 0,8 пайыздық тарихи ең төмен деңгейде сақталды. Реттелмейтін қызметтер инфляциясының төмендеуі байқалады, бұл коммуналдық шығыстар мен бензин құнының төмендеуі аясында өндірістік шығындардың қысқаруына байланысты болып отыр. Ағымдағы жылғы тамызда халықтың инфляциялық күтулері төмендеді. Халыққа жүргізілген пікіртерімнің деректері бойынша респонденттердің 60 пайызы алдағы 12 ай ішінде инфляцияның ағымдағы деңгейінің сақталуын немесе төмендеуін тосады. Респонденттер алдағы 12 айда инфляция 5,3 пайыз болады деп болжап отыр. Орта мерзімді болашақта жылдық инфляция нысаналы дәліздің шегінде қалыптасады.
Дегенмен де қысқа мерзімді болашақта тұтыну­шылық сұраныстың артуы, жекелеген азық-түлік тауарлары бағасының жылдам өсуі, сондай-ақ реттелетін қызметтерге тарифтердің төмендеуінен болған әсердің 2020 жылғы бірінші тоқсанда аяқталуының нәтижесінде оның артуы күтіледі, ол жиынтығында инфляцияның нысаналы дәліздің жоғарғы шекарасынан шығып кету тәуекелін тудырады. Ұлғайып келе жатқан ішкі сұраныс инфляцияның негізгі факторы болып қала береді. Халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі 2019 жылғы қаңтар-маусымда 5,1 пайыз болды. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында нақты жалақы 8,9 пайызға дейін өсті. Көрсеткіштің өсуі экономиканың барлық секторларында байқалды. Тұтынушылық сұраныстың кеңеюіне кредиттеудің ағымдағы жылғы шілдеде жылдық көрсеткіш бойынша 24,1 пайызға өсуін сақтау арқылы қолдау көрсетіледі. 2019 жылғы қаңтар-шілдеде бөлшек сауда айналымының 5,4 пайызға өсуі байқалды. Тұтынушылық импорт ағымдағы жылғы алғашқы жартыжылдықта 4,8 пайызға өсті. Негізгі үлес 7,3 пайызға артқан азық-түлікке жатпайтын тауарлар импорты бөлігінде байқалады. Ішкі экономикалық белсенділіктің өсуі Ұлттық Банктің күтуінен жоғары деңгейде сақталып отыр.
Ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 4,4 пайызға ұлғайды, оның ішінде құрылыста 11,5 пайызға, саудада 7,5 пайызға, көлікте 5,4 пайызға, ауыл шаруашылығында 3,5 пайызға, өңдеуші және тау-кен өндіру өнеркәсібінде тиісінше 3,2 пайызға және 2,4 пайызға өсті. Мұндай серпін 2019 жылғы қаңтар-тамызда 11,3 пайызға өскен инвестициялардың кеңеюімен нығаймақ. Импортталатын инвестициялық тауарларға сұраныс ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың іске асырылуы нәтижесінде 24,9 пайызға ұлғайды. Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, 2019 жылы Қазақстанның экономикалық өсуі 3,8 пайызды құрайды. Орта мерзімді келешекте экономиканың өсу қарқыны біршама баяулайды, бірақ 2020 жылы салыстырмалы жоғары, 3,5 пайыздық мәнде қалады. Қысқа мерзімді келешекте үй шаруашылықтарының тұтынуы мен инвестициялық белсенділіктің өсуі негізгі қозғаушы күштер болады. Фискалдық ынталандыру әсерінің әлсіреуі және таза экспорт серпі­нінің төмендеуі нәтижесінде экономикалық өсудің кейінгі баяулауы болжануда. Тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың өсуі аясында шығарылымның алшақтығы, яғни жалпы ішкі өнімнің нақты және әлеуетті көлемі арасындағы айырмашылық болжамды болашақта экономикада проинфляциялық қысымның бар екендігін білдіре отырып, оң аймақта болады. Базалық мөлшерлеменің көтерілуі теңгелік активтер тартымдылығының өсуіне әсер етеді және импорттың қымбаттауы арқылы инфляция деңгейінің өсу тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді. Ағымдағы ақша-кредит талаптары бейтарап ретінде бағаланады. Базалық мөлшерлеменің деңгейі нақты көрсеткіш бойынша 3,0-3,5 пайыз нысаналы өлшемдер шегінде сақталады.

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail:
Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру