Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Рухымызды көтеретін ескерткіш ашылды

Оралда Исатай мен Махамбеттің ескерткіші ашылды. Қала күніне тұспа-тұс келген ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс әкімі Ғали Есқалиев, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары, студенттер және Алматы, Атырау облысынан, Ресей Федерациясынан келген қонақтар қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында қолға алынған композиция облыс орталығына кірер тұстағы Шаған өзені көпірінің алдына орнатылды. Оның биіктігі – 13 метр, яғни 5,5 метрлік мүсіндер қоладан құйылса, 7,5 метрлік тұғыры гранит­тен жасалған. Алты алаштың ардақ­тысы, ел қамын жеген қос тарланның композициясының авторлары – Нұр-Сұлтан қаласының мүсін­шілері Серік Рүстембеков, Ринат Әбенов және Ербол Зиябеков. Ес­керткіштің ашылу рәсі­мінде Х.Бө­кеева атындағы қазақ драма театры­ның әртістері қос ба­тыр­­дың образдарын ашатын көрі­­ністер көрсетіп, әжелер шашу шашты.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев жиналған қауымды Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлына арналған еңселі ескерткіштің бой көтеруімен құттықтап, көптен күткен қуаныш­қа құтты болсын айтты. «Біз үшін еркіндіктің, отансүйгіштіктің және азат рухтың сайыпқыраны болып табылатын Исатай мен Махамбет қандай құрметке де лайық. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өшкеніміздің қайта жануына, бардың қадірін білуге септігін тигізуде. Ұлыларды қас­терлеу – баршамыздың қасиетті борышымыз. Таяуда «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тарихты, тарихи тұлғаларды бағалай білу баршамыздың ортақ парызымыз екенін атап өтті. Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Дүниеде Махамбеттей адамдардың болғаны өзіңнің адам деген нәсілдің төлі екендігіңнің заңды мақтанышын туғызады» деген сөзі өміршең екені рас. Ақынның «Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға, Қас үлектен туған қатепті, Қара нар керек біздің бұл іске…» деген жыр жолдарын рухтанбай оқу мүмкін емес. Махамбет өз өлеңдерімен Исатай батырдың даңқты бейнесін жасады. Алаш ардақтысы Исатайды батыр, қолбасшы ғана емес, айбынды азамат, ақылы асқан жауынгер ретінде де өте жоғары бағалап, ерекше құрметтеген. «Жетімдерге жем бердім, жесірлерге жер бердім. Сырлы зерен аяқпен – Бал ұрттаған ер едім» деп, Исатай батырдың қайтпас қайсар қайратты ер, халық қамқоршысы образын жасады. Қанатынан дауыл есетін қос қырандай жауға тиген Исатай мен Махамбет­тің есімдерін ел ардақтайды, құрмет тұтады. Темірден жонылып, тастан қашалып жасалған ескерткіш көпшіліктің, соның ішінде жас ұрпақтың рухын оятып, ұлы мұраттарға жетелейді, отаншылдыққа, елжандылыққа үндейді. Бұл жер қастерлі де қасиетті орынға айналары хақ. Тәуелсіз мемлекетіміздің «Мәңгілік ел» болу жолындағы мәртебесін әрдайым асқақтата түседі. Қазақтың батыр да айбынды халық екендігін сезіндіріп, алыстан көзді арбайтын ескерткіш еңсемізді биіктетіп, рухымызды көтеруге қызмет етері сөзсіз. Сондықтан батыр бабалар рухы бәрімізді әрдайым жебеп жүрсін», – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Салтанатты жиында сөз алған ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері Ақұштап Бақтыгереева батырлардың ескерткішіне тәу етіп, ескерткіштің ұлттық рухты көтеру үшін салынғанын айтып, елді бірлікке шақырды. «Отанға, өз ұлтына қалай қызмет етудің үлгісін көрсеткен қос батырды тарихтың да, ұлттың да, халықтың да ұмытуға хақы жоқ. Бүгін біз соған куәміз. Дәл қазір біздер тұрған жерде Махамбет ақынның аяғының ізі жатыр. «Еділ мен Жайық екі өзен, ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім. Еңсесі биік ақ орда, Еріксіз кірсем деп едім…» деген еді. Сол аңсаған еркіндіктің ақ ордасы бар бүгін. Ендеше, әр ата-ана соларға лайық еңкеймей кіретін, намысты, рухты етіп өз ұлын өсіруі керек. Әрбір адам «бабалар алдындағы, рух алдындағы борышымды атқарып жүрмін бе, әлде жоқ па?» деп ойлануы керек. Бұл – әркімнің борышы. Сол үшін ескерткіш қойылды. Намыстарыңыз қалғыған кезде осы жерге келіңіздер, жандарыңыз қиналса да осында келіңіздер. Рухы жоқ ұлтты кім көрінген мазақ етеді, кім көрінгеннің аяғында жатады. Сол рухты көтеру үшін осы ескерткіш қойылып отыр. Әділдік аңсасаңыздар, Махамбеттің өлеңін оқыңыздар», – деп толқи сөйлеген ақын жиналған жұртты толқытты.
«Тәуелсіздік қазаққа көктен түскен құдыреттің сыйы емес. Тәуелсіздік үшін қаншама батыр бабаларымыз бен дана дала абыздары ат үстінде шаһид кетті, итжеккенге айдалды, түрмеге тоғытылды, атылды, асылды. Исатай мен Махамбет тарихын қазақ даласындағы 300-ге жуық ұлт-азаттық күрес тарихынан бөліп қарай алмаймыз. Қазақ оқымыстыларының ішінде ең алғаш Исатай мен Махамбет тарихы туралы тірнектеп жинап, мұқият зерделеп, жүрегінен өткізген ғалым, энциклопедист, Күнбатыс Алашорданың көсемі Халел Досмұхамедов. Ол өз еңбегінде «Кіші жүздің Ресейге қосылғанынан кейінгі 150 жылдық тарихы – қанмен жазылған тарих» деп келтіреді. Жоғарыда айтқан 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістің дені осы Қазақстанның батыс өңірінде өткенін зерттеушілер тарихи еңбектерінде растайды. Мұның барлығы қазақтың ұлттық рухын жоғары дәрежеге көтеретін уақыттың келгенін көрсетеді. Исатай мен Махамбет шын мәнінде арқалаған қоғамдық жүгімен және азаматтық, адамгершілік үлгісімен кейінгі ұрпаққа ұлы өнеге қалдырған тұлғалар», – деген ҚР Білім беру ісінің үздігі, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жаңабек Жақсығалиев ежелгі және мәңгілік құндылық Тәуелсіздігімізді сақтаудың маңыз­дылығын айтты.
Жиын соңында батырлар ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру